Қарағанды облысында 35 жыл тұрған Орақ пен балға ескерткішін алуға халық қарсы шықты. Абай ауданы Ақбастау ауылында екі метрлік Орақ пен балға ескерткішін алу үшін үш күн тартыс болды. Түн ішінде бір топ тұрғын алып ескерткішті құлатып тастап, орнына көк байрақ орнатса, келесі күні түнде басқа бір топ Орақ пен балғаны мызғымайтындай етіп дәнекерлеп бекітіп қойған. Үшінші түні тағы бір белгісіз топ ол мүсінді түсіріп, енді бой көтермейтіндей етіп кесіп-кесіп тастайды. Ал әкімдік өткізген қоғамдық тыңдаудан кейін ауыл тұрғындары қиратқан жанды жазалату үшін полицияға шағым түсірді.
Ақбастау ауылының шыға берісіне коммунистік жүйенің белгісіндей болған қып-қызыл мүсінді ауылдың байырғы тұрғындары орнатқан екен. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамында, елді коммунизм елесі кезіп жүрген болатын. Кейін жетпіс жыл үстемдік еткен қызыл режим құлады. Бұл мүсінді орнатқандар да ауылдан тайлы-тұяғы қалмай көшіп кетті. Бүгінде орақ пен балғаны қимай, құлаған ескерткішті қайта тұғырға қойып жүрген жергілікті қазақтар. Аспандия Сейсеновтің бұл ауылға көшіп келгеніне 18 жылға жуықтады. Сырттан келген тұрғынға бұл ескерткіш жат көрінеді. Ол ескіліктің қалдығындай көрінген ескерткішті алып, орнына тәуелсіз қазақ елінің байрағын орнатуға ұсыныс жасайды. Алайда көшіп келген азаматтың ұсынысын жергілікті тұрғындар қабылдамады. Олар үшін Орақ пен балға – келмес кезеңнің ыстық естелігі, кеңестік кездің көзіндей қастерлі. Аспандия мырзаның бұл мүсінді алып тастау туралы жергілікті әкімдікке ұсыныс жасағанына үш жыл өтіпті. Орнына қазақтың байрағын орнатып беретін демеушіні де табады. Алайда ауыл әкімі ескерткішті алып тастауға құзыры жетпейтінін алға тартады. Шенеуніктің айтуынша, ескерткішті халық қолдаса ғана алып тастауға болады. Осыдан бір жыл бұрын ауыл тұрғындары арасында осы ескерткішке қатысты тыңдау өтеді. Сол жиында коммунизм елесін алып тастауға ауылдың кейбір мектеп мұғалімдері қатты қарсылық танытты дейді тұрғындар. Олардың пайымынша, бұл – тарих. Тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағына білім нәрін сусындатып отырған ұстаздар қауымының коммунистік режимнің естелігін осылай қорғаштағанынан-ақ қандай идеологияның исі мүңкіп тұрғанын аңғаруға болады. Ауыл тұрғыны Марат Кәлиткенов та бұл ескерткіштің тау басында қалғанын қаламайды. «Оны алып тастауымыз керек. Өз егемендігіміз қайда? Қазақстан тәуелсіздік алғалы ескерткішті орнатқандар Мәскеуге кетті, ал біз жүрміз қарапайым жұмыскер болып. Оның орнына өзіміздің қазақтың Туы ілінсін», – дейді тұрғын.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы