2000 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық қор құрылды. Бұл бастама елдің қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді. 1997-1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресейдегі дефолт кез келген мемлекетке экономиканы тұрақты ететін ресурстар қажет екенін көрсетті. Кеңес экономикасы, инфрақұрылымы ыдырап, мұнайдан түскен ақшаға жыртығын жаба бастаған ел үшін бұл ертеңгі күннің қамын ойлау еді. Себебі Ұлттық қорға мұнайдан түскен салық, үстеме табыс пен мемлекет меншігіндегі мүлікті жекешелендіруден түскен пайда жиналды. Ол уақытта бұл қаражатты жинағаннан гөрі қажетке жарату тиімді көрінді. Бірақ ел ертеңі одан да маңызды еді.
Ұлттық қордың негізгі мақсаты – келешек ұрпақ үшін қаржы жинағын қалыптастырып, әлемдік шикізат нарығында болып жатқан өзгерістердің ел экономикасына ықпалын кеміту. Басқаша айтса, экономиканың өзіндік қауіпсіздік және қорғаныс кепілі. Жалпы, мұндай қор құру тың жаңалық емес. Әлемдік практикада бұрыннан бар. Мәселен, Кувейт 1953 жылы Kuwait Investment Authority қорын, Біріккен Араб Әмірліктері 1976 жылы Abu Dhabi Investment Authority қорын, Норвегия 1990 жылы мемлекеттік зейнетақы қорын құрған. Аталған елдер де мұнай мен газдан түскен үстеме табысты бюджеттен бөлек арнайы қорға жинаған. Заң бойынша Ұлттық қорға келесі көздерден қаражат түседі. Мұнай секторындағы табыс (корпоративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, бонустар, экспортқа рента салығы, үстеме табыс салығы), мемлекеттік және ұлттық компанияларды жекешелендіруден түскен табыс, жер сатудан түскен табыс, қордың инвестициялық табысы және тағысын тағылар. 2007 жылға дейін Ұлттық қорға ақша тек жиналды. Яғни, одан қаражат алудың қажеті болмады. Қорды Ұлттық банк басқарады. Ал оның ісін Президент төрағалық ететін арнайы кеңес бақылайды. Жалпы, бұл қорды құрудың қажеті болды ма? Неге мұнайдан түскен бар ақшаны 2000 жылдан бастап барлық әлеуметтік, инфрақұрылымдық проблеманы шешуге жұмсамады деген сауал туындайды. Себебі 2004 жылы өткен парламенттік сайлау алдында «Ақ жол» партиясы мұнайдан түскен пайданы әр азаматқа бөліп, 17 мың теңгеден таратып беруді ұсынды. Бір қарағанда электорат үшін қызық ұсыныс. Ел азаматы болғаның үшін бір уыс ақша қалтаңа топ ете қалады. Алайда бұл бюджет ақшасын бүгін тауысып, ертеңді ойламайтын бастама еді. Ендеше бұл қор не үшін қажет болды? Біріншіден, мұнайдан түскен артық пайданы бюджетке емес, басқа қорға сақтау арқылы мемлекет голланд ауруына ұшыраудың алдын алды. Яғни, мұнайға есірткі секілді тәуелді болмай, экономиканың басқа да секторлары дамып, пайда әкелуге жұмыс істеді. Екіншіден, соңғы онжылдықта болған әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстар қордың қажет екенін көрсетті. Себебі республикалық бюджеттің дефициті Ұлттық қор қаражаты есебінен жабылды. Осылайша, Қазақстан сөз болған қиындықтардан минималды шығындармен өтуге мүмкіндік алды. Сөзімізге дәлел болатын алғашқы кейс – 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы. АҚШ-тың ипотекалық баспана нарығында, нақтырақ айтсақ Lehman Brothers Holdings-тың банкроттығынан басталған дағдарыс өзге елдерге тез тарады. Отандық банктер шетелден әдеттегінше несие алған. Кредиторлар қарызды мерзімінен бұрын төлеуді талап ете бастады. Шетелден келетін инвестиция күрт азайды. Мұнай бағасы рекордтық 143 доллардан қысқа уақытта 33 долларға жалп етті. Экспортының басым бөлігі қара алтыннан тұратын Қазақстанға аталған факторлар кері әсер еткені рас. Міне, осындай қысылтаяң кезеңде ел экономикасына жетпей жатқан қаражатты Үкімет Ұлттық қордан алуға шешім қабылдады. Бұл кезде Ұлттық қорда 21,5 млрд доллар жиналған еді. Қиын күнде жаратамыз деп артық ақшаны сандықтың астына жинағандай бөлек сақтау дұрыс шешім болғанын сол 2008 жылы қоғам түсінді. Мұндай қорларды халықаралық қатынаста sovereign wealth fund деп әспеттейді. Олардың қажет екенін өзге мемлекеттердің тәжірибесі де дәлелдеген. Мәселен, әлемдегі ең үлкен мұндай қордың бірі– Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры. Қазақстан Ұлттық қорды құрғанда норвег тәжірибесін басшылыққа алған. Биыл бұл қорда 1,289 трлн доллар жиналды. Аталған қор инвестициялық саясатта өзгелерге үлгі саналады. Мәселен, қордың 65 пайыз активі компаниялардың акциясы. Норвегия АҚШ-тың технологиялық алыптарының акцияларына қаражат құйған екен. Биыл тек Tesla акциялары 700 пайыз өскенін ескерсек, бағыты дұрыс екені көрініп тұр. Былтыр коронавирус эпидемиясы экономикалық қиындық туғызғанда Норвегия үкіметі 4,2 пайыз ақша (40 млрд доллар) алды. Ал 2008-2009 жылдары дағдарыс барысында да 4,1 пайыз ақша бөлген. Яғни, қысылтаяң мерзімде сары майдай сақталатын ұлт қорынан жырып ақша алып, ел экономикасына салу кең тараған тәжірибе. Ұлттық қордан қаржы алудың өз тәртібі бар. Кейде дағдарысты еңсеру үшін ғана емес, республикалық бюджеттің жыртығын жамау үшін де ақша алынады. Мәселен, алдағы үш жылда Ұлттық қордан бюджетке қыруар қаражат аударылмақ. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы 2 700 млрд теңге, 2022 жылы 2 400 млрд теңге, ал 2023 жылы 2 200 млрд теңге. Әрине, бұл жақсы үрдіс емес. Себебі қор ақшасы бюджеттің жыл сайынғы кем-кетігін жабуға емес, байлықты келесі ұрпаққа жеткізу үшін де құрылған еді. Алайда былтырғы індеттің әсері көптеген елдің экономикасына соққы болды. Сондықтан Үкімет сырттан қосымша қаражат тартуға мәжбүр болды. Егер 2000 жылдан бері мұнайдан түскен үстеме табысты бөлек жинамай, керекке жарата бергенде қазір Үкімет осынша қаражатты қайдан алар еді? Әрине, тағы да сырттан қарыз алуға мәжбүр болар еді. Осы себепті де Ұлттық қорды құру өзін-өзі ақтаған бастама деуге толық негіз бар. Сонымен, 2021 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активі 57,7 млрд долларға бағаланады. Әрине, бүгінгі есепшоттағы қаражатты рекордтық деуге келмес. Өйткені 2014 жылдың тамыз айында 77 млрд долларға дейін жеткен еді. Ұлттық қордың Қазақстан экономикасына оң әсерінің бірі – «голланд ауруына» қатты шалдықпауымыз. 1990 жылдардың соңы, 2000 жылдардың басы мен ортасында мұнай бағасы тұрақты өсіп отырды және ел экспортындағы оның үлесі 75 пайызға жетті. Егер бұлай жалғаса берсе, Қазақстан 2010 жылға қарай мұнай бағасына толық тәуелді мемлекетке айналар еді. Алайда мұнайдан түскен үстеме табысты бөлек жинау қажет деген Елбасы бастамасы республиканы осы тоқыраудан аман алып қалды. Иә, қазір де қара алтынды шетелге молынан жеткіземіз. 2019 жылы экспорттағы мұнай үлесі 58 пайызға жетті. Бірақ мұнай салығы Ұлттық қорға түскендіктен, әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы республика экономикасына аз әсер етеді. Алдағы уақытта да жаһанды біраз экономикалық күтіп тұрған болар. Дегенмен Ұлттық қор сынды ресурстар арқылы оларды еңсеру қиын бола қоймас.