Наурыздың ортасына таман жаһандағы қос алпауыт мемлекеттің басшысы бір-бірін ауланың тентек балаларынша айыптап тастады. Дәлірек айтқанда, АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы В.Путинді жендетке теңеді. Соңғысы да қарап қалған жоқ, «өзің сондайсың» деген сыңайдағы жауап қатты. Сөйтіп, батыс елдерінің Ресейге қарсы саясаты жаңа деңгейге шыққан жайы бар. Әзірге бұл оқиғалардың қандай салдары боларын болжау қиын. Тек алып мемлекеттердің бір-біріне қай кезден бастап қырын қарай бастағаны ғана белгілі.
Байден қатты кетті, Путин не істеуі мүмкін?
Әңгімені әріден бастасақ, 17 наурыз күні АҚШ президенті Джо Байден АВС телеарнасына берген сұхбатында В.Путинді «кісі өлтіруші» деп атады. Дәлірек айтқанда, журналистің «Ресей президентін кісі өлтіруші деп санайсыз ба?» деген мағынадағы сауалына «Иә» деп жауап берген. Әрі 2020 жылы өткен президент сайлауында Дональд Трамптың жеңуі үшін түрлі айла-шарғы жасағаны үшін В.Путиннің жауап беретінін де қосып қойыпты. Оның бұлай қатты кетуіне АҚШ барлау қызметінің 16 наурызда арнайы баяндама жариялауы да әсер етсе керек. Баяндамада Мәскеудің сайлау процесіне араласқаны айтылған. Бұл жағдай Байденді ашуландырған сыңайлы. Сөйтіп, Джо Байден ешбір саясаткердің аузынан шықпаған сөзді айтып салды. Тура мағынасында «кісі өлтіруші» деген сөзді ХХ ғасырдың ортасында Франклин Рузвельт Гитлерге қатысты қолданған. Кейін АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Уильям Буллит Рузвельтке «Сталин – қанішер жендет» деп жазғаны жайлы деректер бар. Өзге ешкім Мәскеу қожайынына қатысы қатты кетіп көрген емес. Осы жолы АҚШ басшысы қатты айтты. Ал В.Путиннің онлайн режимде пікірлесуге шақырғанына АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Дженнифер Псаки мемлекет басшысының жұмысы тым көп екенін айтып, Ресей жетекшісімен сөйлесуге құлықсыз екенін тұспалдады. Сөйтіп, В.Путиннің Байденмен қайта тілдеспек болған әрекеті сәтсіз болды. Содан да шығар Ресей баспасөзі де, идеологтары да түрлі әрекетке барып жатыр. Олар АҚШ пен Еуропаға әсер ету мүмкіндігінің азайғанын аңғарса керек, бағытты ішкі аудиторияға бұрғандай көрінеді. В.Путинді жақтаған бейнероликтер, әлеуметтік желілердегі жазбалар, саясаткерлердің мәлімдемелері Ресейде көп таратылып жатыр. Мәскеудегілер орыс халқының отаншылдығына сүйенуді көздеген сыңайлы. Ресейлік саясаттанушы Сергей Марков Байденнің сөзінен кейін Путиннің рейтингі өсетінін айтады. «Ол азаматтар үшін Ресей батыры, Ресейді қорғаушы болып саналады, қоғам оның әр әрекеті дұрыс деген пікірде. Дәл қазір сайлау болса Путин кемі 60 пайыз дауыс жинар еді» депті С.Марков. Алайда С.Макров тәрізділердің пікірі ішкі аудиторияға бағытталғаны жасырын емес. Ал сыртқы саясатта барлық амалдар тығырыққа тірелгендей көрінеді. Содан да болар, ресейлік психолог әрі саясаттанушы Леонид Гозман Ресей басшысының Байденге жауап қатуға қауқарсыз екенін айтады. Қазір Ресейдің қыр көрсететіндей қауқары да, өзгеге қысым жасайтындай тетіктері де жоқ дегенді айтады сарапшы. Сонымен бірге ішкі аудиторияға бағытталған шаралар да нәтижесіз болуы ықтимал. Яғни, үгіт-насихат қоғамға өтпеуі мүмкін. Демек, Мәскеу идеологтары әзірге өздерін-өздері алдаусыратып отырғанға ұқсайды. Іс жүзінде Ресейдің АҚШ-қа қарсы жасар амалы қалмағанға ұқсайды. Сондықтан Мәскеудің жауабы қандай боларын болжау да қиын. Тек Сирия қатарлы елдерде түрлі әскери әрекеттер ұйымдастыруы мүмкін. Одан қалса, төңіректегі елдердің аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер жасайтын саясаткерлердің қатарын көбейтуі ықтимал. Алайда бұл амалдардың АҚШ-қа тікелей қатысы болмайтындықтан, тек «таз ашуын тырнадан аладының» кебіне ғана айналады.Телеарна сұхбаты Байденге де сынақ болды
Бір атап өтер жайт, Джо Байденге қойған сұрақты америкалық журналистер кезінде Дональд Трампқа да қойған деседі. Сарапшы Ксения Кириллова мұндай сауал АҚШ қоғамы үшін тест екенін айтады. Егер президенттер осы сауалдан сүрінбесе қоғамдағы беделі өседі. Сондықтан Байден сауалға «иә» деп жауап берген. «Әйтпесе, өзі ресми түрде мәлімдеме жасап, В.Путинді «жендет» деп әдейі атаған жоқ. Тек журналист сауалына жауап беру арқылы ұстанымын білдірді» дейді сарапшы. Сонымен қатар ол АҚШ президентінің сөзге әуес емес екенін, керісінше іске көшуді құп көретінін айтады. Сол себепті Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялар жеке адамдар мен кәсіпорындарға ғана бағытталмайды. Тұтас секторларға қарсы салынып жатыр. Мамандар АҚШ санкциялары қаржы, технология, қару-жарақ өнәркәсібі тәрізді салаларды қамтуы мүмкін екенін айтады. Тіпті, Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы мүмкін дейтін болжамдар да айтылып жүр. Қысқасы, сарапшылардың бірқатары Байденге сауал күтпеген жерден қойылғанымен, ол мәселенің маңызын ескере отырып жауап бергенін айтады. Бұдан кейін Ресейге қарсы мәлімдемелер мен санкциялардың тізбегі жедел көбеюі мүмкін. Еуропаға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Тони Блинкеннің сапарынан кейінгі мәлімдемелер де соның айғағы. Осы кездесулерден кейін НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Біз гибридтік қорғаныс пен киберқорғанысты күшейттік. Әрқашан сақпыз. ЕО және жақын одақтастарымызбен бірлесе отырып РФ-ның кез келген әрекетіне бірлесе жауап береміз», – деді. Мұның өзі Байденді ашық қолдаудың белгісі. P.S.Ядролық қаруы бар, әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын елдердің қырғи-қабақ бола қалғаны жақсы емес, әрине. Ал әзірге теріскейдегі көршіміздің жағдайы қиын болатын түрі бар. Бәлкім, ерте ме, кеш пе Мәскеу мен Уашингтон өзара ымыраға да келер. Тек оған дейін осынау текетіресте «қосақ арасында бос кететін» елдердің күйі не болмақ?