Украина НАТО-ға кіре ала ма?

Украина НАТО-ға кіре ала ма?

Украина НАТО-ға мүше болу жоспарын жариялады. Әскери сарапшылар бұл бастама жүзеге асса, соңы неге әкеліп соқтыратынын болжауда. Сценарийдің бәрі қор­­қынышты. Бір нәрсеге назар аударған жөн: 2014 жылы Уашингтон қолдаған төңкеріс арқылы билігін ауыстырған Украина ТМД бірлестіктерінен бас тартып, Батысқа бет бұрды. Бірақ онда ел басшылығы НАТО-ға кіретінін ресми мәлімдеген-тін.

Сарапшылардың айтуынша, Украина үшін қырқыс – қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі қос алпауыт держава арасындағы бірінші ашық тайталасқа айна­луда. Бұл ретте Америка Барак Обама мен Дональд Трамп бас­­­­шылығы кезінде әлдеқайда ұс­­­­тамды саясат ұстанып келсе, АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әп дегеннен табанды ұстанымын танытты: ол НАТО-ға кіруде Украинаға қолдау көр­­­­­сететінін мәлімдеді. Нақтылай кетсек, 2 сәуір күні Владимир Зе­ленскиймен тұңғыш рет теле­­­фон арқылы әңгімелескен Байден НАТО-ға мүше болу мәселесінде Украинаның ілгері­­леуіне Құрама Штаттар жәрдем­­­десетінін жет­кізді. Бұл уағда­­ластық туралы Украина президентінің баспасөз хатшысы растады. 6 сәуір күні НАТО Бас хат­шы­­­сы Йенс Столтенбергпен ке­­ліс­­сөздер жүргізген Украина лидері өз елі НАТО-ға қосылса ғана Донбастағы қарулы қақтығыс аяқталатынына сенім білдірді: «Киев қарулы күштерін және қорғаныс секторын жаңғыртуда. Алайда жалғыз рефор­малармен Ресейді тоқтата ал­майсың. НАТО – Донбастағы соғыстың аяқталуына апарар жал­ғыз жол! Ал осы Альянсқа мүшелік жө­ніндегі іс-қимыл жоспары (ПДЧ) Ресейге нақты белгі бере­ді», – деді Зеленский. Ол НАТО басшысын, әсіресе қара теңіз өңіріне баса көңіл бөлуге шақырды және Альянстың осы өңірде тұ­рақты орнығуы «Ресейді тырп еткізбеу үшін қажетті, қуатты фак­тор» бо­латынын атап өтті.

Украина ата заңына берік

Кейбір қазақстандық және ресейлік сарапшылар мұның бәрін «бос сандыраққа» жатқызуға тырысуда. Шынында, солтүстік­­атлантикалық альянсқа мүше болу – енді Украинаның басты бір саясаты әрі оның консти­­ту­циясында бекітілген страте­гиялық бағдар. 2019 жылдың 19 ақпанында бұл елдің сол кездегі мемлекет басшысы Петр Поро­шенко конституцияға өзгеріс ен­гізетін, Рада қабылдаған заңға қол қойды. Осылайша, Украина НАТО мен Еуропалық одаққа енуге ресми түрде және түпкілікті бағыт алды. Заң бойынша үкімет осы бағдарды жүзеге асыруға міндеттелді, ал президентке атал­­ған бағдардың кепіл-гаранты мәртебесі берілді. Бұған қоса, НАТО мен ЕО-ға мүше болу мемлекеттің сыртқы сая­сатының басымдығы ретінде бекітілді. В.Зеленский мемлекет бас­шысы ретінде осы саясатты жүзеге асыруда. Өз кезегінде НАТО өкілдігінің басшысы Александр Винников Украинаның әлі күнге дейін неге Альянсқа қабылданбағанын тү­сіндірді. Оның байламынша, Ук­раинаның өзі соған дайын бо­луы керек: ұлттық армиясында терең және жүйелі реформалар кешенін жүргізуі шарт. Әйтпесе, украиналық әскерлер негізінен, Кеңес Ода­ғында және Ресейде жасалған қару-жарақ пен тех­никаны қолданады, елдегі әскери оқу орындары да кеңестік жүйеден мұраға қалған әдістемелермен оқытылып, даяр­ланды. Бұл елдің оңтүстік-шы­ғысындағы қарулы шиеленіс ке­зінде ресейшіл күш­тердің ба­сымдық алуына және ұрыс так­тикасын еркін болжап-білуіне септігін тигізді. «Одақтастардың пікірінше, Украина өз болашағын өзі анық­­­тауы тиіс. Олар Украинадан НАТО-ға мүше болуға лайықты дайын­далуын күтіп отыр. Бұл үшін мемлекет тек қауіпсіздік пен қорғаныста ғана емес, сондай-ақ өзге де салаларда кең ауқымды, терең және жүйелі реформалар кешенін жүргізуі қажет», – деді А.Винников. Бұл нені білдіреді? НАТО өз құрамына кіретін елдерден қазір де­­мократиялық институттарды дамытуды, заң үстемдігін ор­­на­­­­­туды, сыбайлас жемқор­лықпен пәрменді күресуді, адам құқық­тарын сақтауды талап етеді. Осы арқылы қатарына диктатура жай­лаған мемлекеттің қосылып ке­туіне және Альянс шешімдерінің соның ұстанымына тәуелді болып қалуына тосқауыл қоймақ. Себебі НАТО-да шешімдер бірауыздан, ымыра-консенсуспен қабыл­данады. Тиісінше, Украинаны мүше­лікке қабылдау туралы шешімді де НАТО-ның барлық 30 мүшесі бірауыздан құптауы тиіс. Би-би-сидің хабарлауынша, 2014 жылдан айырмашылығы сол, бүгінде Уа­шингтон да, Лондон да, Еуроодақ та, сонымен бірге НАТО-ның штаб-пәтеріндегілер де ешқандай абыржу танытып, құты қашып отырған жоқ. Керісінше, көршісінің қар­сылас ұйымға қосылу ісін жан­дандыруы Мәскеудің мазасын ке­тірді. Ресей қомақты әскерін Украинамен шекара жаққа ат­тандырып, орналастыруда.

Үрейлі сценарийлер жария етілді

Кремльге ұнамай тұрған тағы бір жайт бар: мәселен, 2014-2015 жылдардағы шиеленіс кезінде Гер­мания мен Франция лидерлері жандәрмен Путинге қоңырау ша­лып, шұғыл келіссөз жүргізуге және кең ауқымды соғысқа жол бермеуге үгіттеді. Оның соңы Минск келіссөздеріне ұласты. Ал бұл жолы не Ангела Меркель, не Эмманюэль Макрон телефон соқ­пады, эскалацияға жол бер­­­­­­меуін сұрамады. «Яғни, Кремль осы қадамы арқылы еуропалықтарды сау­­­­даласуға иліктірмек болса, оны­­­­­­сынан бұл жолы түк шықпады. Батыс болса, Украинаның НАТО-ға мүше болуы Ресейдің ісі емес деп санап, енді одан рұқсат түгіл келісімін де сұрамайтын ыңғай танытты», – дейді ресейлік са­рапшы Константин Эггерт. Батыс сабырлы отырса, ал солтүстік көршіде қарама-қарсы жағдай орнады: федералдық БАҚ «қырғи қабақ соғыс» кезіндегідей милитаристік пиғылды қоздырды, РФ сыртқы істер министрлігі дипломатия тілін ұмытып, Уа­­­­­­шингтонға дөрекі тіл қатуда, Мәскеу ресейлік-украиналық ше­­­караның өне бойында қарулы күштерін өрістетуде. Ресейлік әскери сарапшылар мен саясаттанушылардың бол­жамынша, оқиғаның өрбу ба­­­­рысының бірнеше сценарийі ық­­­­ти­­­­мал. Біріншісі бойынша, Ресей өз бақылауындағы Донбасс ау­­­­­мағы арқылы Украинаның өзге өңір­­­леріне – Херсон мен Мариу­поль бағытында шабуыл­­­­­­дауы ғажап емес. Өйткені бүгінде Ук­­­­раина бас­­ты арнаны жауып таста­ған­­­­дықтан, Қырым тамшы суға зар болды. Ендеше осы өңір­лерді ба­­сып алса, Қырымды сумен жаб­­­дықтайтын арналарды қолға тү­­сіреді. Екінші жорамалға сәйкес, Ресей ЛНР мен ДНР-ды ресми танып, оларды Украинаға қай­­­таруға қатысты келісімнен шығуы ықтимал. Оның үстіне, бұл территориялардағы халық Ресей паспортын жаппай иеленді және табыс табу үшін Ресейге қа­тынауда. Алайда халықаралық құқыққа сәйкес, мұның бәрі өзге мемлекеттің жерін аннексиялау болып есептеледі. Ондай жағ­дайда Мәскеудің онсыз да нашар халық­аралық беделінен сау-тамтық қалмайды. Сондай-ақ бұл Ресейге қатысты жаңа санк­циялардың енгізілуіне әкеледі. Ал Путин бей­біт Минск келісімін бірінші болып бұзған тұлғаға айналады. Өйткені бұған дейін оның өзі сол келі­сімдерді орын­дауды Украина­­дан талап етіп келген болатын. Сөйтіп, Украинаның НАТО-ға қарқынды ұмтылысы «одақта­сымызды» екі оттың ортасында қалдырды. Егер бұған ол қарсы­ласпаса, НАТО Ресейдің дәл ір­гесінде орналаспақ. Қарсы іс-қимылға барса, қуатты санкция­лық соққының астында қалып, экономикасы құлдырайды. Жалпы, посткеңестік кеңіс­тіктің көкпарға тасталған серкедей жұлмалануы, әртүрлі күштің күрес алаңына айналуы Қазақстанға да қажет емес. Алайда Ресей – Ук­раи­на қатынастарының кейінгі тағ­­дыры не болатынын әзірге ешкім болжай алмаса керек. ХХІ ғасыр­­­дың үшінші онжылдығы драма­­­тизмге толы оқиғалармен әдіптелуі әбден мүмкін.

Айхан ШӘРІП