Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша, әлемде коронавируске 132,5 млн адам шалдыққан, оның 2,8 млн-ы қайтыс болған.
Бразилияда бір тәуліктің ішінде о дүниеге аттанған адамдардың саны рекордтық көрсеткіш – 4 мыңнан асып кетті. Түркия бір тәулікте ауруға шалдыққан азаматтарының саны 50 мың адамға жеткенін айтып дабыл қағуда. Оның үстіне, Бразилияда вирустың мутация арқылы пайда болған 18 штамының да ерекшеліктерін біріктіретін жаңа штамы пайда болды. Бұл вирустың тым тез құбылып тұрғанын көрсетеді. Пандемия психологиялық күйзелікті күшейте түсетін сыңайлы.
Ғалымдар коронавируске шалдыққандардың үштен бірінде психикалық күйзелістің белгілері пайда болатынын айтады. COVID-19-бен ауырған 230 адам қатысқан зерттеудің нәтижесінде адам науқастанғаннан кейін алты айдан соң олардың әрбір үшіншісінде ми жұмысының бұзылуы немесе психикалық күйзеліске ұшырауы байқалған. Осы деректерге сүйене отырып, Оксфорд университетінің ғалымдары пандемияның салдары бүкіл Жер шары тұрғындары арасында неврологиялық ауытқу толқынын туғызуы мүмкін деп ескертеді. Ғалымдар зерттеу барысында барлығы 14 түрлі кеселді анықтаған, бұлардың ішінде ең көп таралғаны – күйзеліс, қорқыныш және көңіл күйдің күрт құлдырауы. Ковидтен кейін инсультке шалдығу жайттары (қатты науқастанғандардың 7%-нда) және деменцияның ерте белгілері (2%) оларға қарағанда сирек кездеседі. Бірақ бұл белгілерді де есептен шығарып тастауға болмайды дейді ғалымдар. Сонымен қатар олар коронавирустың адамның жүйкесіне нақты қалай әсер ететінін түсіндіріп бере алмады. Әрі індеттің жүйке жүйесіне әсер ету механизмін де сипаттап көрсете алмаған. Зерттеуді америкалық және британиялық мамандар бірлесіп жүргізді. Оған қатысқан еріктілердің көпшілігі АҚШ-тан келген пациенттер. Бұл зерттеу ғалымдардың алғашқы жаңалығы емес. Былтыр ғалымдардың осы тобы COVID-19-дан кейін онымен ауырып шыққандардың шамамен 20 пайызы психологиялық дертке шалдығады деп сақтандырған болатын. Ал биылғы жаңа деректерге сүйенсек, жүйке күйзелісіне ұшырағандардың саны бұл мөлшерден асып кетті, 34 пайызға жеткен. Авторлардың пікірінше, бұл – өте қауіпті динамика. Зерттеу нәтижелері беделді Lancet басылымында жарық көрді. Анықталған проблема тез арада егжей-тегжейлі зерттеулерді және оған қарсы шаралар қабылдауды талап етеді. Коронавирусты бұдан былай тек респираторлық инфекция деп қана санауға болмайды дейді ғалымдар. Қысқасы, былтырдан бері жаһан жұртын әбігерге салған пандемия адамзаттың қалыпты тіршілігін түбегейлі өзгертіп, өмір сүрудің жаңа ережелерін қалыптастыратын сыңайлы. Әзірге індеттің психологияға тигізер әсері ғана айтылғанымен, күн сайын құбылып, жаңа штамдары пайда болып жатқан вирустың адамның иммундық жүйесіне, өсіп-өну, есту, көру және басқа да қабілетіне қалай әсер етері әзірге толық зерттелген жоқ.Дәулет АСАУ