Ресей мен Батыс бір-бірінің 140-тан астам дипломатын қуып шықты. Мұндай масқара тіпті қырғи-қабақ соғыс кезінде де болмапты. Тағы бір «бұрын-соңды болмағаны»: осындай теңдесі жоқ шараға Мәскеудің бұрынғы достары жаппай жұмылуда. «Ресей мен Батыс Рональд Рейган заманындағы шпиондық соғыстардың рекордын жаңартты» деп бағалады сарапшылар. Ресей мен Батыстың қарым-қатынасында нағыз мұз дәуірі орнайтын күн жақындап келе жатқандай.
Ресей президенті Владимир Путин үкіметке «қас мемлекеттер» тізімін жасауды тапсырды. Бұған қоса, ол арнайы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Ресейге ниеті түзу емес, бұзық мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарына қатысты тың шектеу енгізіледі: олар бұдан былай Ресей азаматтары арасынан қызметкерлер жалдай алмайды. Кремль сайтында жарияланған «О применении мер воздействия (противодействия) на недружественные действия иностранных государств» атты жаңа жарлық бойынша достық пейілдегі емес іс-қимылдар жасайтын елдер дипмиссияларының Ресейдің жеке тұлғаларымен ынтымақтасуына тыйым салынады. Бір қарағанда, мұның мәнісі жоқтай. Себебі мұндай санкция Мәскеудегі және ірі қалалардағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге жұмысқа тұрып, жақсы жалақы табатын ресейліктерге ғана соққы берер еді. Шынында, одан «қара тізімдегі» мемлекеттер де зиян шегеді: елден аласталған қызметкерлерінің орнын енді олар жергілікті мамандар мен кадрлар есебінен толтыра алмайды. Салдарынан жұмыс сапасы төмендейді, көптеген қызмет пен міндеттен бас тартып, оңтайландырылған режимде жұмыс істеуге көшеді. Жалпы, құжатта «достық пейілдегі емес іс-қимылдарға» не жататыны нақтыланбаған. «Қара тізімге» де қандай елдердің кіретіні беймәлім. Ол тізімді үкімет бекітуі тиіс. Бір белгілісі, бұл шешім соңғы оқиғалар аясында қабылданып отыр. Сәуір айының ортасында АҚШ және Еуропаның 8 елі ресейлік дипломаттарды жаппай өз елдерінен қуа бастады, осы науқан аясында ресейлік елшіліктер мен консулдықтардың 40-тан астам маңызды қызметкеріне бұл мемлекеттерді жедел тастап шығуға тура келген. Бұл үрдіс кейінгі аптада жаңа қарқын алды. Бәрін жаһандық деңгейдегі ірі держава Америка бастады. 15 сәуірде Уашингтон АҚШ-тағы президенттік сайлауға қол сұққаны, Solarwind аталған хакерлердің ғаламат бірлескен кибершабуылын ұйымдастырғаны үшін ресейлік елшіліктің 10 қызметкерін дереу отанына кері аттандырды. АҚШ-тың дәйектеуінше, бұлардың бәрі арнайы қызметтермен тығыз байланысты болған: дипломат терісін жамылған «мылтықсыз майдан жауынгерлері». 16 сәуірде РФ СІМ-і Америка Құрама Штаттарының 10 дипломатын елден шығарып жіберетінін жария етті. Бұған қоса, америкалық дипқызметкерлердің Ресей аумағында еркін жүріп-тұруы туралы келісімнің күшін жою рәсімін бастады. Сонымен қатар АҚШ елшісі Джон Салливанға өз еліне кетуге «табанды түрде кеңес берілді». Ресейдің бұл мәлімдемесі өзіне бәле болып жабысқан сияқты: ертесіне Еуропа елдері АҚШ-қа қолдау білдіріп, Мәскеуге қарсы бейресми «дипломатиялық соғыс» бастады. Осы орайда Мәскеуге ең үлкен соққыны оның бұрынғы досы – ХХ ғасырда «соцлагерьге» кірген, жақын одақтас болған Чехия жасады: ол 17 сәуір күні оның ең көп (18) дипломатын аластады. Бекер емес, чех тергеушілері 2014 жылғы Врбетицадағы әскери оқ-дәрі, снаряд қоймаларында болған алапат жарылысты ұйымдастыруға ресейлік тыңшылардың қатысы барын жақында анықтаған екен. Республика премьер-министрі Андрей Бабиш екі чех азаматының өмірін жалмаған сол жантүршігерлік жарылысқа ресейлік барлаушылардың қатысы барын дәлелдейтін дәйектемелер үкіметтің қолына түскенін мәлімдеді. Бұл айыпты Кремль,әрине мойындамады және жауап шара ретінде Чехия елшілігінің 20 дипломатына «персона нон грата» жариялады. Сол күні Мәскеу Болгарияның қос дипломатын да өз еліне қайту үшін билет алуға мәжбүр етті: бұл Болгарияның ресейлік 8 дипломатты кетуге итермелегеніне жауап болатын. 20 сәуірде Чехия СІМ-і аса маңызды қызметкерлерден айырылғандықтан, Мәскеудегі өз елшілігінің жұмысы тоқырағанын хабарлады. Ол ультиматум қойды: Мәскеу олардың қызметіне қайта оралуына мүмкіндік беруі тиіс, әйтпесе Чехия КСРО кезінен аса ірі саналатын Прагадағы РФ елшілігінің штатын 4 есеге қысқартып тастайды. Кремль бұл талапты құлаққа ілмеді. Сөзінде тұрған Чехия 22 сәуірде ресейлік дипмиссияның 81 өкілін – 35 дипломатын және 46 әкімшілік-техникалық қызметкерін өз жерінен қуып шықты.