Соңғы күндері Үндістан коронавирус жұқтырғандар саны жағынан антирекорд жасап тұр. 22 сәуірден бері елде күн сайын 300 мыңнан астам адам індет жұқтыратын болды. Ал мұндай антирекорд бұрын АҚШ-тың еншісінде еді. Оның өзінде қаңтарда тіркелген болатын.
Рас, коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлі де болса жаһанда АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға сәуірден бастап Үндістан орналасты да, үшінші, төртінші және бесінші орындарды Бразилия, Франция және Ресей бөлісті.Үндістандағы жағдай күрделі
Сәуірде аяқастынан Үндістандағы жағдай күрт нашарлап кетті. 15 сәуір күні шамамен 200 мың адамнан вирус анықталса, 22 сәуір күні елде бірден 332 мың адам індет жұқтырды. Ал 24 сәуір күні 349,6 мың, 26 сәуірде тағы 352,9 мың адам коронавирус жұқтырды. Сөйтіп, індет жұқтырған үндістандықтардың саны 20 млн-ға жақындап қалды. Дәлірек айтқанда, 17 млн 313 мыңнан асты. Былтыр Үндістандағы ең жоғарғы антирекорд ретінде күніне 93 мың адамның вирус жұқтырғаны анықталған сәтті атайтын. Биыл көрсеткіш 4 есеге жуық көп. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди елді «коронавирус дауылының ортасында қалды» деп бағалады. Расында да, Үндістандағы антирекорд қатарынан 5 күн бойы тіркелді. Қазір елдегі ауруханалар толып кетті. Оттегі концептраторлары, өкпені жасанды жолмен желдету құралдары өте тапшы. Сондықтан бірқатар мемлекет Үндістанға қол ұшын созып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания Үндістанға 495 оттегі концентраторын, 140 өкпені жасанды желдету аппаратын жіберген. АҚШ экспресс-тесттер мен вакцина жолдамақ. Мұндай құралдарды алдағы уақытта өзге мемлекеттер де жіберуі мүмкін. Алайда сырттан келетін көмек жағдайды түзетуге септесе ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Қазір елдегі жағдайдың қиындап бара жатқаны сонша қайтыс болған адамдарға қатысты діни жоралғы жасау да мүмкін болмай бара жатыр. Бірқатар ақпарат құралы қайтыс болған адамдарды көшеде өртеп жатқанын хабарлауда. Яғни, діни ғұрыптар жасаудың да мүмкіндігі қалмаса керек. Ғұрып демекші, Үндістанды қапы қалдырған жағдай бірінші толқынның зардабын мейлінше сәтті азайтып, тәжірибе жинап қалғанына сенген биліктің қателігі мен халықтың тым дәстүршілдігі тәрізді. Салтына берік үнділер шектеу шараларына қарамай жүр. Сөйтіп, салғырттық пен сауықшылдықтың зардабын тартып жатқанға ұқсайды.Дәстүрдің тозығының зияны
Бірқатар ақпарат құралы Үндістанда коронавирус пандемиясының өршуіне алдымен жаңа штам әсер етті десе де, қосымша себеп ретінде халықтың бейқамдығы мен салт-жоралғының кесірі тиіп жатқанын алға тартады. Тіпті, көптеген аймақта шектеу шаралары да қабылданбаған. Дәлірек айтқанда, үнділер түрлі кезеңде тойлайтын діни рәсімдерін, фестивальдарын өткізуді жалғастыра берген. Оның үстіне, көпконфессиялы елде діни мейрамдар да мол екені анық. Мәселен, осы күндері Үндістанда индуизмнің Кумбха Мела фестивалі өтуде. Оған биыл 150 млн-нан астам адам келеді деген болжам бар. Sky News индуизм діндегі арылу ғұрпын өткізуге жиналатындардың ең көбі сәуірде болатынын хабарлаған еді. Дегенмен фестивальдің қаңтарда басталып, адамдар сол кезден-ақ бірнеше қалаға көптеп келе бастағанын ескеру керек. Биыл олар Харидвар қаласын ең басты құлшылық орны ретінде бағалап, сонда ағылуда. Әрі Ганг өзеніне жаппай шомылуда. Мұның өзі пандемия кезінде вирустың жаппай таралуына әсерін тигізіп жатқанға ұқсайды.Жаңа штамм пайда болды деседі
Әзірге мамандар Үндістанда не себепті коронавирус жедел тарап кеткеніне қатысты нақты бір байламға келген жоқ. Алайда елде үндістандық штамм пайда болғаны жайлы мәліметтер тарай бастады. Коронавирустың бүгінге дейін белгілі болған штамдарына қарағанда әлдеқайда тез тарайтын «үндістандық үлгі» Еуропаға де жеткен сыңайлы. Reuters бұл штамм Чехия мен Швейцарияда тіркелгенін жазды. Дегенмен мамандар вакцина салғызған жағдайда коронавирустың осы жаңа мутациясына адам ағзасының қарсылық көрсету мүмкіндігі жоғары болатынын айтады. Луизиана университетінің вирусологі Джереми Камил үндістандық штамның Оңтүстік Африка мен Бразилиядан табылған штамдарға ұқсас екенін айтқан. Сөйте тұра, жаңа штамм Үндістанда індеттің күрт өршуіне әсер етпегенін алға тартатын мамандар да бар. Өйткені жаңа штамм жайлы әлі де болса дерек аз. Ал GISAID деректер базасында бұл штамның 21 мемлекетке тарағаны жайлы көрсетілген. Мұның өзі Үндістандағы жағдайға нақты баға беру мүмкіндігін шектеп тұр.Коронавирус Эверестке жетсе, Еуропа «есін жия»бастады
Үндістанда індеп өршіп кеткен тұста коронавирус алғаш рет Эверест шыңының баурайында тіркелді. Былтыр альпинистердің сапарлауына тыйым салынып, жабық болған Гималайдың шыңдарына биыл қайтадан өрмелеуге рұқсат етілген еді. Алайда норвегиялық альпинист Эрленд Несс тауда алты күн ауырып, ақыры тікұшақпен эвакуацияланды. Оның COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды. Альпинист масс-медиаға берген сұхбатында тауға шығушылар мен оларға көмектесетін жүк тасушылардың ешқайсысы бетперде тағып, сақтанбайтынын, өзі вирусты Кхумбу алқабындағы шайханалардың бірінен жұқтырып алуы мүмкін екенін айтқан. Бұл жағдай жылына альпинизмнен 4 млн доллар табыс табатын Непал үшін соққы болуы мүмкін. Өйткені індет өршісе, тауға шығуға да шектеу қойылады. Ал түстік Азия осылай аласапыран болып жатқанда Еуропада жағдай жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Оған Еуропаның бірнеше шендісінің айтқаны дәлел. Жуырда Франция премьер-министрі Жак Кастекс пандемияның үшінші толқынын өткізгенін мәлімдеп, 3 мамырдан бастап жоғары сынып оқушылары мектепте оқи бастайтынын айтты. Ақпарат құралдары Францияда індет жұқтырғандар саны соңғы он күнде 7 пайызға төмендегенін жазуда. Ал Дания парламенті түнгі комменданттық сағатты тоқтатқан. Ашық мейрамханалар мен терассалардың жұмысына рұқсат етілді. Мажарастан премьері Виктор Орбон келер аптада ел халқының 40 пайызына вакцина салынатынын, екпе алғандар кинотеатрларға, барлар мен мейрамханаларға еркін бара беретінін айтқан. Алайда Данияда да, Мажарстанда да, Еуропаның өзге де бірқатар елінде тест арқылы коронавирус жұқтырып алғаны анықталған адамдар саны әлі де көп.Амангелді ҚҰРМЕТ