Бір ауылда бірнеше үй қорасымен бірге өртеніп кетті

Бір ауылда бірнеше үй қорасымен бірге өртеніп кетті

Желяково елдімекенінде өрт шығып, үш тұрғын үй, үш бос тұрған үй және қора-қопсы жанып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кеше сағат 13.24-те Қызылжар ауданы Желяково елдімекенінде қураған шөп өртеніп, дауыл салдарынан өрт ауылды шарпығаны жайында хабарлама түскен.

Ауылға жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшесі 30 шақырым қашықтықта, ал аудан орталығына дейін 91 шақырым болған. Сондықтан алғашқы өрт сөндірушілер тек жарты сағаттан кейін ғана жеткен. Өртті үш өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары және жергілікті атқарушы органнан – 50 адам және 15 техника жұмылдырылды. Сол күні екпіні секундына 28 метрге дейін жеткен дауыл өртті сөндіруде қиындық туғызды. Салдарынан 3 тұрғын үй, 3 бос тұрған үй және аумағы 501 шаршы метр болатын қора-қопсы жанып кетті. Өрт сағат 20.25 минут кеткенде толық сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ.

Желяково елді мекенінде 51 үй бар, 128 адам тұрады. Үйлері өртеніп кеткендер туған-туыстарын паналап отыр. Жергілікті әкімдік тұрғындарға көмек көрсетілетінін айтты.