Израильдің Палестинадағы қарулы операцияларына қатысты бүгінде түрлі пікір айтылып жатыр. Солардың арасында Түркияның Палестинаға әскер жіберу мәселесі де бар. «Палестина үшін Түркия қарулы қақтығысқа тәуекел ете ала ма?» деген сауал жиі айтылып жүр. Біз мұндай ықтималдық бар ма, жоқ па, мәселенің астарына үңілдік.
Түрік әскері Палестинаға баруы мүмкін бе?
Біздің пайымдауымызша, Анкара Палестинаға әскер жібермейді. Тіпті, Сириядағы түркомандарды қаруландырғаны тәрізді әрекетке де бармайды, Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясы сияқты құрылымдар да аттандырмайды. Өйткені Палестина мәселесі өте қауіпті. Әрине, НАТО-дағы әскер саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет ретінде Түркияның әскери әлеуеті Израильден әлдеқайда қуатты екені анық. Алайда Тель-Авивке тілеулес мемлекеттер Анкараның еркін әрекет жасауына мүмкіндік бермейді. Егер Анкара әскери қадамдар әрекет жасауға талпынса, НАТО-дағы одақтастары қатты қысым жасауы мүмкін. Тіпті, Түркияның НАТО-дан шығарылу мәселесі де көтерілуі ғажап емес. Өйткені Израильге қолдау білдіретін елдер Түркияның аймақтық державаға айналып, күллі мұсылманның «қорғаушысы» рөліне енуіне жол бермейді. Палестинаға бітімгерлік мақсатта болса да әскер жіберу неоосманизм ретінде бағаланары сөзсіз. Әрі халық арасында Түркияның беделі күрт өсер еді. Оған батыс елдері түгілі Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман елдері де жол бермейді. Иран да Түркияның ислам әлемінде тым беделді болғанын қаламайды. Сондықтан Түркия тәуекелге бара қоймайды. Тек Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді бірқатар ұйымдардың бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі арқылы бітімгерлік күштер жіберу жөніндегі шешім қабылдатуға ұмтылуы мүмкін. Онда да Қытайдың ұстанымына сүйеніп бағары анық. Бірақ мұндай қарар шыққанның өзінде Палестинаға жіберілетін бітімгерлік күш ретінде түрік әскері таңдала қоюы неғайбіл. Тіпті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен мұндай шешім шығу ықтималы жоқтың қасы. Ал Түркияның ашықтан-ашық Израильмен әскери қақтығысқа баруы мүлдем мүмкін емес.Алдымен дипломатия
Негізі, Түркияның Палестина мәселесінде сырт көз үшін болса да табанды ұстаным танытып келе жатқанына біраз жыл болды. Әу баста, 1949 жылы Израильдің тәуелсіздігін таныған алғашқы мұсылман мемлекеті Түркия болғанымен, екі елдің қатынастары Құдыс қаласының мәртебесіне байланысты біршама нашарлаған. Ал 2000 жылдардан кейін Түркия палестиналықтарды жақтауын мейлінше күшейтті. Сонау 2009 жылы Давостағы экономикалық форумда сол кездегі Түркия премьері, қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның Израиль президенті Шимон Переске «Сіздер қалай өлтіру керек екенін білесіздер. Мен сіздердің жағажайда ойнап жүрген балаларды қалай өлтіргендеріңізді жақсы білемін» деп, форумға қатыспауға серт берген кезінен бүгінге дейін Анкараның Палестинаға қатысты көзқарасы өзгере қойған жоқ. 2010 жылы Газа секторына жөнелтілген гуманитарлық кемелерге Израиль әскерінің шабуылы салдарынан 9 түрік азаматы мерт болғаны тағы бар. Әрине, арада 3 жыл өткенде Израиль билігі Түркиядан ресми түрде кешірім сұрап, қайтыс болған азаматтар үшін 20 миллион доллар төлеген. Бірақ Түркия мен Израиль қатынастары түбегейлі жақсарған жоқ. 2016 жылы екі мемлекет елшілер тағайындап еді, 2018 жылы тағы да Палестина үшін Түркия Израильдегі елшісін кері шақырып алған. Биыл өзара қарым-қатынас түзелуі мүмкін деп отырғанда Палестина мәселесі тағы шықты. Алайда ресми Анкара әскери қимыл жасау мәселесін ешқашан көтерген емес. Ұдайы дипломатиялық қысым жасау бағытын ұстанып келеді. Осы жолы да солай болды. Жексенбі күні Иран президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлескен Режеп Тайып Ердоған Израильді ықтыратындай дипломатиялық шаралар ұйымдастыру қажет екенін айтқан. Сөйтіп, Түркия ислам әлемінде Тель-Авивке қысым жасау ісін ұйымдастыруға талпынып жатыр. Бірақ араб елдерінің өзі Палестина үшін біріге қоймайтыны байқалып тұрған қазіргі кезде, Түркия мен Иранның күллі мұсылман елдерін Израильге қарсы ұйымдастыра қоюы неғайбіл тәрізді. Керісінше, Ердоғанның сыртқы саясаты, Палестинаға байланысты ұстанымдары ішкі электоратқа бағытталған сыңайлы.Ұпай жинамақ болған партиялар
Әрине, түрік қоғамында Палестинаға әскери көмек көрсету керек екенін алға тартқан белсенділер, саясаткерлер аз емес. Мәселен, Saadet (Бақыт) партиясының жетекшісі Темел Қарамоллаоғлу «аюға намаз үйреткен таяқ» дейтін позицияны дұрыс деп санайтынын айтты. «Түркия Әзербайжанға қалай әскери көмек көрсетсе, Палестина үшін де кемі сондай көмек беруіміз қажет деген пікірдемін. Еліміздің басшылығын осындай батыл қадам жасауға шақырамын», – деді саясаткер. Әрі Ердоған мен тиісті құрылымдар басшыларына бірқатар ұсыныс та айтты. Соның ішінде Түркияның Палестина мәселесіне арналған жол картасын әзірлеуі керек екені де айтылған. Бір атап өтетін мәселе – осы жолы Түркияда Палестинаға бітімгерлік күштер жіберу ұсыныстары бұрнағы жылдарға қарағанда жиі көтерілді. Шамасы Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде ресейлік бітімгерлік миссиясын бастауы және Түркияның бақылаушы мәртебесін алуы түрік қоғамына әсер еткен сыңайлы. «Ресей Қарабаққа бітімгерлік әскер кіргізді, біз неге Палестинаға әскер жібермейміз?» дейтін ұғым орныға бастаған тәрізді. Әйтеуір қақтығыстар басталған кезде-ақ Стамбұлда палестиналықтарды жақтап алаңға жиналған ереуілшілдер Mehmetçik Filistin'e gitsin-Әскер Палестинаға барсын!» деп ұрандатқан-ды. Тіпті, бұл идеяны Yeniden Refah (Жаңадан әл-аухат) партиясының төрағасы Фатих Ербакан да айтқан. Түркияның экс-премьер министрі Неджметтин Ербаканның саясаткер баласы Палестинаға түрік әскері бітімгер ретінде жіберілуі тиіс деген пікірде. Алайда Фатих Ербаканның өзі әскерге бармапты. Жалпы, әлеуметтік желілерде «түрік әскерінің 1974 жылы Кипрге кіргені сияқты, Палестинаға да жіберілуі керек» деген уәж айтушылар көп. Алайда оған қарсылар да аз емес. Әркім өзінше уәж айтады. Ал іс жүзінде мұндай пікірталастар тек Түркияның ішкі саясатында ғана рөл ойнайды. Популистік ұрандар арқылы танымалдығы төмен партиялар жұрттың назарын өздеріне аударуды көздейтін сияқты. Әйтпесе, билік басындағы және оған оппозициядағы ірі партиялар мұндай ұрандар жасай қойған жоқ.