Сирия президенті Башар Асад 13,5 миллион сайлаушының дауысын жиып, 95% басымдықпен президенттік сайлауда жеңіске жетті. Ол төртінші рет мемлекет басшысы атанды. Дамыған елдердің бірде-бірі бұл жеңісін мойындамады. Басты одақтасы Ресей президенті Владимир Путин құттықтаған. Солтүстік көршіміздің ақпарат құралдары мұны «соғыстан қажыған елде тұрақтылық орнауының нышаны» ретінде дәріптеуде. Ал Сирияның көршісі Түркия бұл сайлауды «жалған», «көзбояушылық» деп атады.
Түркияның ресми басылымдары, «Анадолу» агенттігі және басқасы сол сайлаудың бірнеше «жалған» сипатына назар аудартты. Біріншіден, соғыста инфрақұрылымы қираған, халқының тең жартысы дауыс беру мүмкіндігінен айырылған Сирияда «сайлаушылардың сайлауға қатысу көрсеткіші» (явка) 87,64% болыпты. Екіншіден, оған қатысатын үміткерлерді Конституциялық сот анықтады. Билеушіге қарсы оппозициялық күштер сайлауға жіберілмеді. Үшіншіден, Асад та, оның бәсекелестері де халық алдына шықпаған, белсенді үгіт жүргізіп, өз бағдарламаларын жете түсіндірмеген. Сайлауалды науқан биылғы 16 мамырда басталып, 25 мамырда аяқталған-тын. Оның барысында кандидаттар бірқатар БАҚ-қа сұхбат берумен шектелді. Әлеуметтік желіде де белсенді болмаған. А.Абдулла қызметін Instagram парақшасында – 33, ал Facebook-те 300 жазылушысы қадағалады. М.Меридің Twitter-дегі TogetherSYR аккаунтына 100-дей ғана жазылушы қызығушылық танытты. Кандидаттардың сайлаушылармен кездеспегеніне, байланыс жасамағанына қарамастан, Сирияның сыртқы істер министрі Фейсал Микдад: «біздегі сайлауалды науқан Америкадағыдан 1 мың есе жақсы өтті» деп мақтанды. Тағы бір жайт назар аудартады: Б. Асадтың 95,1 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін сайлау органы емес, парламент спикері Хаммоуд Саббага (Hammoud Sabbagha) жария етті. Бұл туралы Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігі хабарлады. Саббаганың мәлімдеуінше, Б.Асадты 13 540 860 дауыс беруші жақтаған. Ал оның бәсекелесі Махмут Мериді 470 276 адам (3,3%) қолдапты. Жұртшылыққа бейтаныс Абдулла Селлум Абдулла 214 968 сайлаушының (1,5%) дауысын жинаған деседі. Түркияның Башар Асадты жақтырмайтын жөні бар: «біртұтас сириялық араб ұлтын» құру идеясын тізеге салып ілгерілеткен Асад Түркияға жақын қонған, Сирия жерін бұрыннан мекен еткен түркі тілдес ұлыстарға күн бермеді, өз тілінде сөйлеуін, газет шығаруын шектеді. Тек сириялық араб тілінде сөйлеуді талап етті. Бұған қарсы үдере көтерілген сириялық түркілер елде азаматтық соғыс басталғанда, қолдарына қару алды. Башар Асад елді 29 жыл басқарған әкесі Хафез әл-Асад дүниеден өткен соң, 2000 жылы билік басына келді. Ал 2011 жылғы наурызда Сирияда соғыс басталды: әскерилер оқ атып, басып-жаншыған бейбіт шерулер соңы қарулы қақтығысқа ұласты. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының дерегінше, содан бері Сирияда 11 миллиондай адам босқынға айналды. Жүздеген мың адам қаза тапты. Қалай болғанда да, Башар Асад 7 жылдық жаңа мерзімге сайланып отыр. Осының құрметіне мерекелік отшашулар ұйымдастырылды. Ірі қалаларда мыңдаған адам көшеге шығып, Сирия туы мен президент бейнесін биік көтеріп, ән айтты. ABC News бұл шерулерді ресми үкімет ұйымдастырғанын жеткізді. Әйтсе де, халық бейбіт күнді Асадтың атымен байланыстырады. Шетелдік сарапшылардың байламынша, сириялықтар соғыстан қалжырады, енді ең құрығанда бейбіт өмір болуын қалайды, бұрынғы демократияға ынтыққан көңілдер жоққа теңелген. Ресми Дамаск «сайлау қорытындысы онжылдық қарулы қақтығысқа қарамастан, Сирияның қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді» деп мәлімдеді. Айта кету керек, Сирия жерінде «квазимемлекетін» құрып алған террористер Ресейдің қуатты әскери соққысы арқасында ығыстырылды. Ел аумағы толық болмағанымен, негізінен қалпына келтірілді. Қашқан, тығылған лаңкестермен күрес жалғасып жатыр. «Сирия балалары мен жастарының болашағы үшін Сирияны қалпына келтіру науқанын бастайық!», – деп жазды Facebook-те Башар Асад. Бірақ бұл оңайға соқпайтын түрі бар. Оның режиміне қарсы америкалық санкциялар қатайтылуда. Оны қолдаған көрші Ливан қаржылық күйреуге ұшырады. Елде коронавирус жайылуда: тек ресми дерек бойынша 24,4 мыңнан астам сириялық ауырып, індеттен 1 754 адам көз жұмған. Қатаң санкция қыспағынан шыға алмай, экономикасы құлдыраған басты одақтастары – Ресей мен Иран Сирияға жеткілікті көлемде экономикалық және гуманитарлық көмек көрсете алмай жатыр. Reuters бағалауынша, «қайта қалпына келтіру перспективалары нашар көрінеді». Дегенмен бейбіт сайлау өтуінің өзі бейбіт өмірдің бір нышаны болса керек. Заманында Шам әлемдік өркениеттің бір ошағы болғаны мәлім. Енді ол өркениет түгіл, бейбітшілікке зар.Елдос СЕНБАЙ