Беларусьтегі саяси дағдарыс жерге сыймай, аспанға көтерілді. «Афина – Вильнюс» бағытында бейбіт ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын әскери жойғыш ұшақтар көмегімен Минск әуежайына қондыруы, оның ішінен оппозиция өкілін суырып алып, тұтқындауы бүкіл Батыс жұртшылығының төбе шашын тік тұрғызды. Ресейдің саяси аренасында бұл қадам керісінше, нағыз шаттық пен шабытқа тамызық болды. Көршінің саясаткерлері мен ақпарат құралдары Беларусь басшысын жаппай мақтауда.
23 мамырда болған оқиғаның қызуы басылу орнына көтеріліп барады. Батыс елдерінің саясаткерлері мен сарапшылары Беларусь басшылығының бұл қадамын «қарақшылық», тіпті «лаңкестік» деп бағалауға асықты. Себебі біріншіден, мәжбүрлі түрде қондырылған ұшақ – Еуропанікі, ирландиялық Ryanair әуекомпаниясына тиесілі. Екіншіден, ол ұшақ заңды түрде халықаралық әуе дәлізінде кетіп бара жатқан. Беларусьтің ресми ұстанымы келесідей: 23 мамыр күні Минск ұлттық әуежайының қауіпсіздік қызметіне 100-ден аса жолаушы отырған Ryanair ұшағында бомба қойылғаны туралы электронды хат түседі. Ұшақтың «миналанғаны» туралы ақпарат дереу президент Александр Лукашенкоға баяндалады, мемлекет басшысы ол лайнерді Минск әуежайында қабылдау туралы шұғыл бұйрық береді. Жолаушылар ұшағын отырғызу үшін Беларусьтің Әскери әуе күштерінің МиГ-29 жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді. Күштеп қондырылған ұшақтан, әрине ешқандай жарылғыш зат табылмады. Оның орнына арнайы қызметтер Nexta Тelegram арнасының (Беларусьте экстремистік деп танылған) негізін қалаушы, қашқын оппозиционер Роман Протасевичті тұтқындап алып кетті. Бұған дейін Минск оған іздеу жариялаған, бірақ шетелде жүргендіктен ұстай алмаған еді. Бұл дерек көптеген сұрақ тудырды. Олардың жауабы табылмай жатыр. Біріншіден, неге бомба қойылғаны туралы мәлімет ұшақ ұшып шыққан Афинаға немесе ол қонғалы тұрған Вильнюске түспеген? Екіншіден, әлі күнге дейін Минск истребитель мен азаматтық ұшақ ұшқышы арасындағы әңгіменің жазбасын толық жарияламады. Тек өздеріне жарамды жекелеген фрагменті ұсынылды. Онда жергілікті диспетчер: «Сіз шынымен де Минск әуежайына қонғыңыз келе ме? Бұл сіздердің шешімдеріңіз бе?» деп сұрайды. Ұшқыш осыны растайды. Бірақ сарапшылар байламынша, қос қапталдан зымыран кезеніп, әскери жойғыш ұшақтар тұрса, ұшқыштың басқаша айтуы мүмкін емес. Үшіншіден, ереже бойынша ұшақта «штаттан тыс» оқиға бола қалса, ол ең жақын әуежайға бағытталуы шарт. Ең жақын әуе қақпасы – 10 минуттық (70 шақырым) жердегі Вильнюс әуежайы болған. Оның орнына жойғыш ұшақтар азаматтық әуе көлігін кері бұрып, екі еседей қашықтағы Минск әуежайына бағыттаған. Төртіншіден, миналау туралы сигналдың не себепті өте кеш, яғни ұшақ жетер жеріне жақындап, Литва астанасына қонуға әзірленгенде түскені белгісіз қалды. Бастапқыда Беларусь «ұшақтағы жарылғыш зат туралы хабар ХАМАС ұйымынан түсті» деп хабарлаған. Алайда ХАМАС бірден мұны жоққа шығарды және саяси ойындарына Палестина халқының еркіндігін қалқан етпеуді сұрады. Бесіншіден, Ryanair лоукостерінің бас директоры Майкл О’Лири ұшқыштарына хабарласып, өз нұсқасын жариялады. Оған сәйкес, лайнер Беларусь аспанына кіргенде оның ішінде отырған Беларусь КГБ-сының жансыздары жанжал шығарып, экипажды бомба қойылды деп үрейлендіре бастайды. Содан ұшқыштар амалсыз «шұғыл қонуға» рұқсат сұраған. Осы кезде жойғыш ұшақтар да пайда бола қалады. Дербес зерттеу жүргізіп жатқан Ирландияның Сыртқы істер және қорғаныс министрі Саймон Ковни «КГБ өкілдері» туралы деректі растады: «Ryanair ұшағы Минскіге мәжбүрлі қонғанда барлық 100-ден аса жолаушының алтауы ұшақтан түсіп кеткен. Оның біреуі – Протасевич қана тұтқындалды. Қалғандары ұсталған да, іздестірілген де жоқ. Бұл олардың құпия қызмет қызметкерлері болғанынан хабар береді», – деген саясаткер Протасевичтің осылай ұсталуын «диктаторлық режим ұйымдастырған адам ұрлау оқиғасы» деп атады. Франция мемлекеттік хатшысы Клеман Бон да өз елінің осыған ұқсас ұстанымда екенін, мұны «қарақшылық пен лаңкестік» деп санайтынын білдірді. Осы оқиғадан кейін Еуропа елдері Беларуське қарсы санкция енгізді: Еуроодақтың Авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) барлық еуропалық әуекомпанияға Беларусь кеңістігіне кірмеуге ұсыным берді. Айтпақшы, дәл осындай шараны бірінші болып Украина қабылдаған. Нәтижесінде, бүгінде Беларусь аспаны бос қалып, «ұшақсыз» кеңістік қалыптасты. Ресей одақтасын қуатты қолдауда. Оның барлық федералдық телеарнасы Лукашенконың шешімін қызу құптауда, «шетелдегі экстремисті әуеде ұстап, қолының ұзындығын паш етті» деп мақтауда. Мәскеу сөзкөмекпен шектелген жоқ: Беларусь аспаны арқылы қатынаудан бас тартып, бағдарын өзгерткен кез келген әуекомпаниясына Ресей әуежайларына қонуға рұқсат етілмейтінін қатаң ескертті. Бұл қарсы санкцияның алғашқы құрбандары да бар: еуропалық шешімге мойынсұнған франциялық Air France-тың Парижден көтерілген ұшақтары Мәскеуге қона алмады. Сондай-ақ аустриялық Austrian Airlines та Вена – Мәскеу арасындағы рейстерін доғаруға мәжбүр. Осындай кедергіге Литва және өзге де елдердің компаниялары кезіккен. Қазір Батыс елдері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Ryanair ұшағын Беларусьтің халықаралық дәлізде әскери күшпен тұтуын тергеуді талап етуде. Ryanair басшысы Майкл О’Лири бұл оқиғаны қарақшылық деп бағалады: «Бұл – ұшақты күштеп айдап әкету! Оны мемлекет жүзеге асырды. Бұл – мемлекет қаржыландырған әуе қарақшылығы», – деді ол. Германия канцлері Ангела Меркель де бұл оқиғаны айыптады: Беларусьтің ұшақты әдейі қондырғанын баса айтқан Меркель басқа түсініктемелер мен нұсқаларға сенбейтінін жеткізді. Бүгінде ЕО Беларуське қарсы санкциялар енгізуде. Шектеулер кесірінен «Белавиа» банкрот жағдайға жетуі мүмкін: оған Батыс елдеріне және олардың үстімен ұшуға тыйым салынды. Алдағы апталарда жаңа экономикалық санкциялар күтілуде: олар жекелеген беларустік тауарлардың экспортына соққы жасауы ықтимал. Ұжымдық Еуропа мысалы, Беларусь қазынасын шетелдік валютамен қамтып отырған, Еуропаның көп еліне мол тыңайтқыш экспорттайтын «Беларуськалийге» қатысты санкция енгізуі ғажап емес. Солай болса, оның ахуалы нашарлайды. АҚШ президенті Джо Байден де Вашингтонның жаңа санкциялар әзірлеп жатқаны жөнінде аңдатпа жасады. Ресейлік саясаттанушылар мен экономистер бұл жағдайдан Ресейдің сөзсіз ұтатынын айтады. Біріншіден, А.Лукашенконы халықаралық оқшаулау шаралары күшейіп, жаңа деңгейге шығады: егер бұрын ол адам құқықтарына қатысты еуропалық нормаларды бұзушы ретінде ғана қарастырылса, енді еуропалық қауіпсіздік пен тыныштықты бұзушыға айналып шыға келді. Демек, Минск тәуелсіздік жайын ойламай, Ресей құшағына кіре түсуі ғажап емес. Екіншіден, бұрын Минскінің Ресей қарсыластары арасында арағайын болып, бітім алаңын ұсынуы, әр тарапқа жағуға тырысуы Мәскеуге ұнамайтын. Енді мұндай бітімгершілік алаңы ешкімге де қажет емес, тартымдылығын жойды. Үшіншіден, Мәскеу көп жылдан бері Минскіні стратегиялық компаниялары мен нысандарын жекешелендіріп, ресейлік компаниялар иелігіне беруге көндіре алмай келеді. Ал ЕО санкциялары кесірінен дәрменсіз жағдайға жетсе, ол активтерді Ресей арзанға сатып алады. Әр саяси тартыстың астарында экономика жатыр деген осы. Айтпақшы, Беларусьтің бүкіл экспортының 20 пайыздайы ЕО-ға өткізіледі. Еуропа мұны шектесе, одақтасымызға жаңа нарықтар мен сауда жолдарын іздеуге тура келеді. Ендеше Қазақстан дүкендерінің сөрелерінде беларусьтік тауарлар қарасы күрт көбеюі бек мүмкін.