Кез келген соғыстың зардабы ұзақ жылдарға созылатыны бар. Соғыстың сондай зардабын Армения мен Әзербайжан тартып келеді. Армяндар әлеуметтік-экономикалық күйзеліске ұшыраса, аумақтық тұтастығын қалпына келтірген Әзербайжан елінің халқы үшін Таулы Қарабақ әлі де болса қауіпті. Ендігі қауіп тасадан оқ ататын қарулы топтар емес, отыз жылға созылған соғыстан қалған миналар.
Бейбіт тұрғындар мина жарылысынан зардап шегіп жатыр
Өткен аптада Таулы Қарабақтың Кельбеджар ауданында Әзербайжан журналистері мінген көлік танкке қарсы қолданылатын минаны басып кетіп, екі тілші қаза тапты. Біреуі АЗЕРТАДЖ агенттігінің қызметкері Магеррам Ибрагимов болса, екіншісі AzTV арнасының операторы Сирадж Абышов. Олардан бөлек, Ариф Арифов деген азамат та қаза тапты. Ал бұлар Таулы Қарабақта мина жарылысынан қаза тапқан алғашқы бейбіт қызметкерлер емес, соңғылары да бола қоюы неғайбіл. Өйткені Таулы Қарабақ пен оның сыртын қоршап жатқан аудандар тура мағынасында «алып мина алаңдары». Негізі Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы 7 ауданның жеріне мина төсеу ісін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы 1993 жылға дейінгі соғыс кезінде төселді. Ол кезде Әзербайжанның да, Арменияның да қарулы жасақтар қарсыластарын бөгеу үшін түрлі алаңдарға мина төсеген. Кейін Таулы Қарабақты және оған іргелес 7 ауданды армяндар толық басып алған соң мина алаңы «қауіпсіздік белдеуіне» бағытталды. Яғни, Әзербайжанмен арадағы майдан шептерінің арасына, Таулы Қарабаққа Баку күштерінің тікелей шабуыл жасауына мүмкіндік бермеуі тиіс деп есептелген аудандарға мина төселді. Әрі Таулы Қарабақтағы сепаратистер үш желіден құралған қорғаныс жүйесін құрған болатын. Алайда Әзербайжан журналистері мінген көлікті жарып жіберген мина 2020 жылдың күзінде төселгенге ұқсайды. Өйткені Кельбеджар және Лачин аудандары Армения мен Таулы қарабақты жалғастырушы дәліз саналатын. Ірі жолдар да сонда еді. Ол жерге мина төсеу 2020 жылдың күзіне дейін қисынсыз болар еді. Ал былтыр күзде шегініп бара жатқан армян қарулы топтары Әзербайжан әскерлерін бөгеу үшін сол аймаққа мина төсеуі мүмкін. Демек, Таулы Қарабақ аймағындағы алаңдарды миналаудың үшінші кезеңі ретінде 2020 жылдың 27 қыркүйегі мен 10 қарашасын атауға болады. Кейбір дерек көздері өңірде 15 мың гектар аумаққа кемі 50 мың жаяу әскерге қарсы қолданылатын мина төселгенін жазады. 2003 жылы. Одан бөлек, танкке қарсы қойылған миналар тағы бар. Бірақ ешкім аймақтағы мина алаңдарының нақты көлемін, төселген миналардың санын білмейді. Дегенмен былтырғы желтоқсан мен биылғы наурыз аралығында тек ресейлік саперлардың өзі Таулы Қарабақта 17 мыңнан астам жарылғыш затты жойғаны жайлы мәлімет тарады. Демек, 2003 жылдан бері мина алаңдары да, жолдар мен соқпақтарға төселген жарылғыштар саны да бірнеше есе артқан болуы мүмкін.Бар-жоғы белгісіз «мина картасы»
Негізі, Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан 7 аудандағы мина алаңдарын тазалауға кемі 15 жыл кетуі мүмкін. Мұны Қарабақты минадан тазалаудың гуманитарлық орталығының директоры Савел Месрпян айтқан. Ал Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты Руфат Гулиев саперлар мина алқаптарын 5-7 жылдың ішінде тазалайтынына сеніп отыр. Оның өзінде мина алаңдарының картасы болмаған жағдайда. Ал қолға мина алаңдарының картасы түсер болса процес одан да жылдам болуы мүмкін. Алайда Таулы Қарабақ пен іргелес аудандарда жарылғыш заттардың сан түрі бар. Мина, граната, артиллериялық снаряд, фугас бомбалары, қолдан жасалған жарылғыштар дейсіз бе, толып жатыр. Оның үстіне, отыз жылға созылған кикілжің кезінде ешкімге есеп берместен, төңірекке мина төсеп тастаған қарулы топтар да аз болмаған. Демек, бұл – өте қауіпті жағдай. Ал ресми Баку болса таяу жылдарда аймақ мина мен өзге жарылғыштардан толық тазарғанын қалайды. Егер аймақ шынымен қауіпсіз өңірге айналса, инвестиция тарту да жеңілдер еді. Аймақта кен өндіру, жол, темір жол, әуежай салу, қираған елдімекендерді қалпына келтіру тәрізді сансыз жұмыс тұр. Өңірді қалпына келтіруге инвестиция тартыла қалса Баку «бір оқпен бірнеше қоян атар» еді. Алдымен жаңа жұмыс орындары ашылады, екіншіден азат етілген аймақтарға халық қоныстанып, оның қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, аймақты дамыту арқылы Таулы Қарабақтан босып кеткен азаматтардың қайта оралуын жеделдетеді. Тіпті, бұл мақсатқа жету үшін әзербайжан ұлтының өкілдерін ғана емес, аймаққа қайта оралғысы келетін армяндарды пайдаланудан да тартынбайды. Оның үстіне, құйылатын қаржы тағы бар. Сондықтан Баку өңірді минадан тез тазалағысы келіп отыр. Бірақ әзірге Әзербайжанның қолында мина алаңдарының картасы жоқ. Бәлкім содан да шығар, Әзербайжан жағы Арменияны картаны бермей жатыр деп жиі айыптайды. Армения билігі қарсы уәж айтпай отыр. Бірақ мина алаңдарының картасын ұсына алған жоқ. Шамасы армян әскерилерінің өзінде нақты карта жоқ сияқты. Оның армян журналисі Юрий Манвелян да атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Арменияның саяси басшылары мен әскерилер қандай да бір бітімге келе алмаған сияқты. Сондықтан олар өз беттерінше әрекет етіп жатыр. Ресми Ереван мина алаңдары картасын ұсынып, әлемдік қауымдастықтың алдында бедел жинап алайын десе, әскерилер карталарды Премьерге бермейді. Ал біздің пайымдауымызша, армян әскерилерінің өзінде мина алаңдарының карталары жоқ тәрізді. Сондықтан ұсына алмай отыр. Егер «бізде мина алаңдарының карталары жоқ» деп ресми мәлімдейтін болса, Таулы Қарабақта әрекет еткен қарулы жасақтарды халықаралық ұйымдар террористік топтар тізіміне қосуға талпынуы мүмкін. Мұндай жағдайда армян лоббиінің де мүмкіндігі әлсірейді. Өйткені әдетте мина алаңдарының карталарын террористер ғана бермейді. Тіпті, олар мина алаңдарының картасын жасап әуре де болмайды. Айтпақшы, Таулы Қарабақта 20 жылдан астам миналар мен жарылғыш заттарды залалсыздандырып келе жатқан британдық HALO Trust гуманитарлық ұйымын армяндар Түркияға мина карталарын берді деп айыптады. Ұйым Таулы Қарабақтағы мина алаңдарының картасын түріктерге бергендіктен былтырғы соғыста әзербайжан әскерлері мина алаңдарынан қиналмай өтіпті-мыс. Алайда ұйым бұл айыпты жоққа шығарды. Қыста армяндар мина алаңдарының картасы ресейлік әскерилердің қолына түскені жайлы қауесет таратқан. Себебі орыс саперлары бірнеше күнде 200 гектар алаңды тазалапты. «Картасыз олай болуы мүмкін емес» дескен. Бірақ сарапшылар әзірге ешкімнің қолында мина алаңдарының картасы жоқ екенін айтады. Ол әзірге тек бопсалау мен қарсыластың беделін түсіретін құрал болуға ғана жарап тұр.