Түркия билігі бүгіннен бастап Мәрмәр теңізінің бетін жапқан шырышпен күресуді бастамақ. Сөйтіп, теңіз жағасындағы 7 ауданда арнайы шаралар ұйымдастырмақ. Өйткені соңғы күндері Мәрмәр теңізінің бетін жапқан жалқаяқ тәрізді шырыш кемелер мен қайықтардың жүзуіне кедергі жасап, теңіз флорасы мен фаунасына қауіп төндіріп тұр.
BBC телеарнасының хабарлауына қарағанда, гель тәрізді қою шырыш теңіз жануарларына қажетті оттегі көлемін қазірдің өзінде азайтып жіберген. Шырыштың кесірінен теңіз жұлдызы, бақалшақтар мен мидиялар, балықтар қырылуы мүмкін. Сондықтан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған теңізді тез арада тазалауға пәрмен берді. Соның ішінде Стамбұл қаласындағы теңіз жағалауларын тазалау бірінші кезекте тұр. Өйткені бұл шырыш Мәрмәр теңізінен Қара теңізге өтіп кетер болса, үлкен экологиялық апат болмақ. Мәселенің күрделі екенін ескерген Түркия басшысы 300 адамнан құралған арнайы комиссия жасақтады. Комиссия теңіздің бетін жатқап шырышты қабықты аршу ісін ұйымдастырумен қатар жағдайдың не себепті бұлай күрделенгенін анықтайды. Дегенмен Түркия президентінің болжамына қарағанда, теңізге төгілген тазаланбаған кәріз суы мен қалдықтар экологияны осылай бүлдіріп тұрса керек. Жалпы, жағасы Түркияға тірелетін теңіздердің жұқа шырышты қабықпен жабылуы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2007 жылы Эгей теңізінің бетінде осындай шырышты қабық пайда болған. Сол жылы шырышты жалқаяқ теңіздің Грекиядағы жағалауынан да табылған. Биыл қайтадан Мәрмәр теңізінде пайда болыпты. Әрі көлемі жағынан антирекорд жасап тұр. Яғни, өте үлкен. Ал бұл теңіз Стамбұлдағы Босфор бұғазы арқылы Қара теңізбен жалғасып жатыр. Содан да болар, түріктер теңіз экологиясын жақсарту үшін барын салып жатыр. Сарапшылар теңіз бетін жапқан өсімдік шырышының пайда болуына климаттың өзгеруі мен судың ластануы себепші деген пікірде. Яғни, фитопланктон тым жылдам өскен кезде осындай құбылыс пайда болады. Өзі өсімдіктектес болғанымен шырыш теңіздегі барлық тіршілікті жойып жіберуі мүмкін. Өйткені ол судағы оттегіні азайтып жібереді. Ал түркиялық ғалым Неслихан Өзделиже шырышты қабықтың пайда болуына бірклеткалы жәндік әсер еткен деп отыр. Олар әдетте кәріз суымен еріп келеді екен.А.СҰЛТАН