АҚШ әскері Ауғанстан жерін әлі тастап шықпаса да, «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) жендеттері ашық шабуылға көшіп кетті. Бүгінде ауған территориясының тең жартысынан көбі солардың бақылауында. Егер бұл процесс жалғаса берсе, 1990 жылдардағы жағдай қайта оралуы бек мүмкін. Дегенмен аталған арпалыс ауған жерімен шектелмейтіндей. «Талибан» қазірдің өзінде ауған армиясы сарбаздарын Тәжікстанға, Өзбекстанға ысырып тастады. Яғни, соғыс өрті Орталық Азияның оңтүстік шекарасына жақындады. Ертең не болмақ?
Қазір Ауғанстан жерінде «Талибан» ерекше белсенді, жаңа уәлияттар мен аудандарды жаулап алып жатыр. Тек 5 шілде күні 9 ауданды жаулап алды. Бүгінде Ауғанстандағы 398 ауданның 100-ден астамы «Талибан» бақылауына өтті деген ақпарат бар. Жалпы, Ауғанстан Орталық Азияда Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен шекараласады. Бұл елдермен ауғанның Герат, Бадгис, Фарьяб, Джаузджан, Балх, Кундуз, Тахар және Бадахшан аймақтары іргелес жатыр. Бадахшан секілді провинциялар қозғалыстың қол астына өтіп кеткен. Ауған армиясының сарбаздары көптеген қала, өңірлерді қарсыластарына беріп қойып жатыр. Аймақтардан тек айырылып қана қоймай, шегініп, тәжік, өзбек жеріне бас сауғалап кетті. Тәжікстан маусым айынан бері ауған армиясының мыңға жуық сарбазы шекараны кесіп өткенін хабарлады. Өзбекстанға да амалсыз қашып кеткендер бар екен. Тәжікстан ол жауынгерлерді ұшақпен Кабулға қайтармақ, ал Өзбекстан ауған жеріне қайта депортациялағанға ұқсайды.
Түрлі деректерге сенсек, бүгінде Талибан қозғалысы Ауғанстанның аймақтарын басып алып жатыр. Қалалар әлі де үкімет бақылауында. Келесі кезек Қандағар провинциясына келгенге ұқсайды. Егер бұл өңір талибандықтардың қолына көшсе, онда Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекараның басым бөлігін солар бақылайды. Сарапшылар «Талибанның» ел астанасы Кабулға шабуыл жасауы уақыт еншісіндегі мәселе дейді. Түрлі болжамдар бойынша, Кабулға 5 мыңға жуық жендет кіріп үлгерген. Олар негізгі күштің келуін күтіп отыр. Алайда Кабулда әлі де АҚШ және басқа да елдердің азын-аулақ сарбаздары бар. Олар елшіліктерді, халықаралық ұйымдардың кеңселерін, әуежайды қорғайды.
Былтыр жасалған Доха келісімі бойынша, Америка Ауғанстанда қалған 7 мың әскерін 2021 жылғы 1 мамырға дейін алып кетуі тиіс еді. Кейін бұл мерзім 11 қыркүйекке ауыстырылды. Қазір әскердің 95 пайызы шығарылған. Осы сәтті пайдаланып, Талибан қазіргідей нәтижеге жетті. Ал қыркүйектен соң ашық арпалыс басталатыны анық. Талибан қазірдің өзінде Кабулға шет мемлекеттерден (соның ішінде Орталық Азиядан) келетін қосымша көмек жолын жабуға тырысып жатыр. Егер олар бұл мақсатына жетсе, онда Ашраф Ғани басқаратын үкіметті биліктен оңай құлатуы мүмкін. АҚШ президенті Джо Байден елінің 20 жылдық әскери операциясының жоққа шығып жатқанын, триллиондаған доллардың, 2 446 сарбазының өлімі зая кеткенін көріп тұрса да, былтырғы келісімді орындамақ. Әрине, Демократиялық партияның өкілдері қашанда соғысқа қарсы. Алайда кезінде Барак Обама да Ауғанстаннан әскерді толық шығаруға уәде берсе де, оны орындамады. Бәлкім бірден-бір себеп пандемиядан кейінгі әлсіреген экономика болуы мүмкін. Өйткені бұл елде әскер ұстау шығыны бірнеше миллиард долларды құрайды. Бірақ Ауғанстанда АҚШ-тың 7 мыңдай әскері қалған еді. Бұрынғы 90 мың сарбаз емес.
Алайда Қазақстанды қазір алаңдатып отырғаны Талибанның Орталық Азияның шекарасына тым жақындауы. Жалпы, бұл қозғалыс жендеттері 2013-2014 жылдардан бері Тәжікстан, Түрікменстан шекарасы маңында қарулы қақтығыстарға қатысып отырған. Бірнеше шекарашыны да өлтірген. Алайда қазір жағдай күрделенді. Тәжікстан мен Өзбекстан өз армиясын әскери жағдайға көшірді. Тәжікстан шілде айының басында Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымынан (құрамында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан бар) көмек сұрады. Әзірге ұйым ресми түрде әскер жіберу туралы шешім қабылдаған жоқ. Тәжікстан территориясында Ресейдің 201-әскери базасы орналасқан. Бұл да Талибанға қарсы уақытша тежеуші күш болуы мүмкін. Бірақ Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы Тәжікстан, Өзбекстан шекарасын Талибан қозғалысынан қорғау мақсатында қосымша әскер жіберу туралы шешім қабылдаса, Қазақстан оған келісе ме, жоқ па, белгісіз. Өйткені 1995 жылы Тәжікстандағы Пшихавр шатқалындағы қақтығыста Қазақстанның 17 жауынгері қаза тапқаны әлі есімізде.
«Талибаннан» келетін келесі қауіп – Ауғанстан екінші Сирияға айналуы мүмкін. 1996-2001 жылдары бұл қозғалыс билікте болған кезде Орталық Азия елдерінің мыңдаған тұрғыны радикалды діни уағыз-насихатқа уланып, шекара асқан еді. Ауған жеріне жетіп, қолына қару ұстап, түрлі радикалды ұйымдардың, партиялардың мүшесі атанды. Ол кезде интернет, әлеуметтік желі жоқ кезең болатын. Ал қазір талибандықтар жақтастар санын арттыру үшін ақпараттық технологияның сан әдісін қолдануы ғажап емес. Таяу Шығыстағы Сирияға 1 000-ға жуық қазақстандық аттанғанын ескерсек, онда «жұмаққа жылдам жету жолдары» жайлы уағызға алданып, іргеміздегі Өзбекстанның арғы бетіндегі ауған тауларына ауатындар көп болуы мүмкін. Егер олар белгілі уақыттан соң Отанына оралса, нағыз қауіп сонда туады.
Жалпы, қазіргі «Талибан» 2001 жылға дейінгі жіберген қателіктерін ескерген секілді. Иранда, Қатарда, Ресейде Ауғанстан үкіметінің өкілдерімен кездесіп, келіссөз жүргізді. Алайда пәлендей жетістікке жетпеді. Оған қоса, осы келіссөздерде өзге мемлекеттерге ешбір қауіп төндірмейтінін айтып, уәде берді. Бірақ қазірдің өзінде Талибан қозғалысы Әл-Қаида, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) сынды террористік ұйымдармен қоян-қолтық бірлесіп соғысып жатыр. Мәселен, Әл-Қаида Бадахшан провинциясына иелік еткісі келеді. Яғни, осыдан-ақ ертең «Талибан» билікке толық қол жеткізсе, онда Ауғанстан халықаралық содырлар жиналатын жерге айналу мүмкіндігі өте жоғары. Себебі қазірдің өзінде олардың қатарында жалдамалы жендеттер аз емес. Оны Ауғанстан армиясымен болған қақтығысқа куә болған тұрғындар байқаған. Талибандықтар қатарында жергілікті пушту не дари тілдерінде емес, басқа тілдерде сөйлегендер көп болған.
Жалпы, АҚШ ауған жерін тастап кетпей жатып, Ауғанстан армиясы өз позицияларын жылдам әрі көптеп жоғалтып алады деп күтілген жоқ. Себебі оларды АҚШ-тың әскери инструкторлары жылдар бойы жаттықтырды, қарумен жабдықтады. Алайда соңғы қақтығыстарда ауған армиясы сарбаздарының Талибан, ДАИШ қатарына жаппай өтіп кету фактілері жиі кездескен. Мұны сарапшылар бірнеше фактормен түсіндіреді. Соңғы 40 жыл бойы соғыстан көз ашпаған халық үшін аман қалу маңызды, оларды идеологиялық ерекшелік аса қатты мазаламайды. Оған қоса, АҚШ әскерилері жергілікті азаматтарды армияға өз ережесі, яғни келісімшарт жүйесінде дайындады. Бұл Ауғанстанда тиімсіз екені көрінді дейді.
Сонымен, 2001-2021 жылдар аралығында АҚШ пен НАТО коалициясы бастаған әскери операция тәмамдалғандай. Бірақ сонша уақыт, қаржы, ресурс, құрбандық зая кеткендей. «Талибан» қайта билікке ұмтылып, ел басқаруын қолына алуға ұмтылып жатыр. Территорияның тең жартысы бақылауында. Ал енді келешекте олар билікке келсе, Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қатер төндіре ме? Төндірсе, қандай шара қабылдау керек? Төндірмесе, дипломатиялық қатынас орнатамыз ба, әлде бейресми байланыспен шектелеміз бе? «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінде қалдыра береміз бе? Қазір бізде жауабы жоқ осындай сұрақтарымыз көп.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА