Жаһанда тағы бір мемлекет төңкерісті жағдайды бастан өткеруде. Әлемдік ақпарат құралдары Кубадағы саяси ахуал тез күрделеніп бара жатқанын хабарлайды. Осыдан он күндей бұрын «Бостандық аралында» коммунистік билікке қарсы наразылық бұрқ еткен еді. Соңғы рет мұндай кең ауқымды бұқаралық қарсылық 30 жыл бұрын болыпты.
Жаңа шеру 11 шілде күні Сан-Антонио-де-лос-Баньос және Пальма-Сориано қалаларында бейберекет түрде басталды. Оған жүздеген адам ғана қатысқан. Өткен ғасыр соңында ұйымдастырылған наразылық шараларынан басты айырмашылығы сол, бұл жолы демонстрациялар туралы жаңалық мобильді интернет және әлеуметтік желі арқылы ел арасына тез тарады. Осылайша, заманауи технологиялар толқулардың күрт күшеюіне серпін берген. Митингтер 10 муниципалитетті қамтыды.Ел астанасы Гавананы және бірқатар ірі қалаларды мыңдаған адам қатысқан наразылық акциясы, көше шеруі дүрбелеңге түсірді. Ресми үкімет бұған АҚШ-ты және империалистік батысты, сондай-ақ мафияны айыптады. Ал қарсылық шараларына қатысушылар коммунистік режимнен шаршағандарын ашық айтып, бостандық пен демократияны талап етуде. France-Presse (Франс-Пресс) агенттігінің хабарлауынша, демонстранттар көтерген транспаранттар арасынан «Диктатура жойылсын!», «Біз қорықпаймыз!» және «Отан және өмір!» деген ұрандарды байқауға болады. Соңғысы Куба компартиясының «Отан не өлім!» (Patria o muerte) деп келетін милитаристік ұранына қарсы бағытталған болса керек.Кубаның қазіргі президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-ты, Батысты және кубалық-америкалық мафияны «аралдағы ахуалды тұрақсыздандыруда» деп айыптады. Өз кезегінде Уашингтон Кубадағы тұрақсыздыққа қатысын жоққа шығарып, мұны «үлкен қателік» деп атады. Президент Диас-Канель шұғыл телеүндеуінде барлық коммуниске көшеге шығып, үкіметке қолдау білдіруге, наразыларға тойтарыс беруге шақырды. Оның айтуынша, революцияны қорғайтын кез келді. Reuters агенттігінің мәліметінше, Гаванаға зеңбіректермен жарақталған күш құрылымдарының техникасы кірген. Негізі, кубалықтар мемлекетке қарсы шығуға бейіл емес. Мұндай ірі наразылық шаралары әлгінде айтылғандай, тек 1990 жылдардың басында өтіпті. Одан кейінгі кезеңде Куба халқы «сыртқы жауларға» қарсы билікпен тастүйін ынтымақтастық пен ортақ күреске дайындығын паш етіп келді. Сондықтан осы жолы төзім теңізін тасытқан тамшының не болғанын болжап, саясаттанушылар мен сарапшылар бас қатыруда. Кубадағы митингтерде жария етілген басты талаптың қатарында «коронавирус пандемиясымен күресте пәрменді, батыл қимылдар жасау» айтылды. Сарапшылар наразылықтың күшеюіне де COVID-19 індетінің кең таралуы түрткі болғанына назар аудартады. 11,3 миллион тұрғыны бар Кубада осы кезге дейін ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық адам КВИ дертімен ауырған. Дегенмен нақты қанша адамның ауру жұқтырғаны белгісіз. Оның үстіне бұл сан күн сайын ресми түрде 6 мың адамға артып отырады.
Көшеге шыққан адамдар биліктен вакцинациялау қарқынын еселеп арттыруды талап етті. Он күн бұрын Куба Abdala 2 атты төл вакцинасын мақұлдап, өндіріске жіберді. Жергілікті ғалымдар мен мемлекеттік билік оны «әлемдегі 100 пайыз тиімді жалғыз вакцина» деп дәріптеуде. Бірақ оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындай қойған жоқ. Қалай болғанда, Abdala 2 – Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері аймағында жасалған тұңғыш ковид-вакцина. Ресейдің де, батыстың да көмегінен бас тартқан Куба билігі өзінде әзірленген қос вакцинаға арқа сүйеуге шешім қабылдады. Бүгінде КВИ-ге қарсы екпе миллионнан аз адамға ғана жеткен. Елдегі ең танымал хэштегтер – #SOSCuba және #SOSMatanzas. Осы белгімен жазба қалдырғандар халықаралық гуманитарлық көмек пен вакцина сұрауда.Әрине, ел наразылығының түп-төркінін тек пандемиямен шектеп тастауға болмайды. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Кубада проблемалар жылдар бойы қордаланып, күрмеулі түйінге, тұтас кешенге айналған. Оған елде туындаған электр қуатының тапшылығы, азық-түліктің қымбатшылығы қосылып, ауыртпалықты үстемелей түсті.
«Мені көшеге аштық, дәр-дәрмектің жетіспеуі, электр берудегі үзілістер шығарды. Өйткені бізде қазір барлығы дефицит. Біз түбегейлі өзгерістерді қалаймыз: үкімет ауыссын, адал сайлау өтіп, көппартиялы жүйе орнасын, коммунизм құрысын» деп пікір білдірді The Guardian тілшісіне қарсыласушылардың бірі.Республика жағдайын пандемия тіптен нашарлатты. Ел экономикасын қуаттандырып келген туризм әбден тұралады, сол арқылы елге құйылған валюта сұйылды. Туристерге қызмет көрсетуге тартылған миллиондаған тұрғын жұмыссыз қалды. Баға 900%-ға өскен! Кейбір қалада үкіметтің қолдауымен «валюталық дүкендер» пайда болды, олар жергілікті валютаны қабылдамайды, бірақ азаматтар қолында доллар тым аз. Халықаралық қатынастар сарапшысы, профессор Виктор Хейфецтің байламынша, Кубадағы билік тақтан таяды деуге ерте.
«Біз ресми билікке қарсы көтерілген күштердің нақты ауқымын, қуатын білмейміз. Бұл ретте қалыптасқан жағдайға көңілі толмайтын адамдар билікте де, күш құрылымдарында да бар екеніне күмән келтірмейміз. Олар бұрыннан бар. Мезгіл-мезгіл билік өкілдерінің, генералдардың бірі шекара асып, шетелге қашып жатады. Кубада оппозиция әлжуаз және жете құрылымданбаған. Бірақ бұқараның бейберекет қарсылығы жағдайды тез өзгертіп жіберуі мүмкін. Әзірге коммунистік биліктің қуаты жеткілікті және жағдайды бақылаудан шығармай, ұстап отыр», – деді В.Хейфец.Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері Бостандық аралының басты одақтасы болып келген Мәскеу қазір серіктесіне еш көмек бере алмай отыр. КСРО мұрагері саналатын Ресей Кубаның ескі қарыздарын кешіргеннен басқа салмақты қаржылық қолдау көрсете алмады.. Кубадағы жаңғыруларға ұмтылысты америкалықтар қызу қолдады: 2 миллионға жуық кубалықтар шоғырлана тұратын АҚШ-тың бүкіл шығыс жағалауындағы қалаларда – Нью-Йорктен Флоридаға дейін «Бостандық аралығындағы» қарсылық шерулерін құптаған, мыңдаған адам қатысқан митинг өтті. Дүйсенбіде Ақ үй де Джо Байденнің Кубадағы коммунистік режимге қарсылық білдірушілерге қолдау көрсеткен мәлімдемесін жариялады. Бүгінде Кубадағы наразылық акцияларын билік қатал басып-жаншуда. Осы орайда кейбір америкалық саясаткер көрші елге интервенция жасауды ұсынды. Уашингтон бұл бастаманы құптамады. Қалай болғанда, өз елінің тағдырын кубалықтардың өзі шешкені жөн.
Айхан ШӘРІП