Полиция бейіттердің темір қоршауын бұзып, тонап кеткендерді іздеп жатыр

Полиция бейіттердің темір қоршауын бұзып, тонап кеткендерді іздеп жатыр

Ұрылар зираттардың шойын қоршауын қолды қылған. Марқұмдардың жақындары бұл сұмдықты бейіт басына Құран бағыштауға барғанда бір-ақ көріп, жергілікті полицияға жаппай шағымданып жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Мола тонап пайда таппақ болғандар іздестіріліп жатыр. Шаһар шетіндегі мұсылман зираты жау шапқандай күйде жатыр. Қаскөйлер оннан астам моланың тас-талқанын шығарған. Қоршалған ауыр шойын темірлерді түгел ұрлап кеткен. Бейіт басындағы ескерткіш тақта мен сорайған бағаналар ғана тұр. Ал марқұмдардың жақындары қорымға жасалған қорлықты құран бағыштатуға барғанда бір-ақ көрген. Ет жақынының мәңгілік үйі тоналғанын көргендер полицияға шағым түсірді. Мола тонап пайда таппақ болғандарды жедел құрықтауға полицейлерден төрт топ құрылды. Олар қаладағы темір-терсек  қабылдайтын орындарда тексеріс жүргізуде.

Семей қаласы ПБ баспасөз қызметінің бастығы Елеубек Оспанов: «Қылмысты ашуға бағытталған кешенді, шұғыл тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыс ашылғаннан кейін хабар береміз», – деді.

Моланы тонау дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қолға түскен жағдайда жеті жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Ал жақындары марқұмдардың бейітін өз күшімен қайта қалпына келтірмек.