Қазақстанда білім алған ауғанстандық елде не болып жатқанын айтты

Қазақстанда білім алған ауғанстандық елде не болып жатқанын айтты

Бұрын Қазақстанда оқып, Ауғанстанға оралған азамат елде не болып жатқанын айтып берді, — деп жазады Caravan.kz

Рахим Қазақстанда оқуын 2015 жылы бітірді. Содан кейін Ауғанстанға оралған. Ол елдің шығысында медиа саласында қызмет еткен. Тәлібтер ел билігін басып алған соң оны әріптестерімен бірге қызметінен босатқанын айтады.
- Қазір мен Кабулдамын. Ауғанстандағы жағдай өте қорқынышты. Мен кейбір БАҚ-тардан тәлібтердің жақсы жағына өзгергенін оқыдым. Алайда бұл олай емес. Қалада хиджаб кисе де, бетін жаумаған әйелді атып тастады,  — дейді ол.
Рахимнің айтуынша, Қазақстанды өте жақсы көреді, қазақстандықтарды құрметтейді,  жүрегінің бір бөлшегі осында қалған. Группаластарымен әлі күнге дейін араласып тұрады, олардың көрсеткен қолдауы мен көмегін ешқашан ұмытқан емес.
- Қазір қалада бензин жоқ. Тәлібтер жол ортасында танктарын тастап кеткен, өйткені бензині біткен. Барлық қалада адамдардың мәйіттерін жол бойында қоқыс секілді тастап кеткен. Полицияның оларды жерлеуге шамасы жетпей отыр. Қандағарда  500-600 мемлекеттік қызметкерді өлтірді. Жағдай өте қиын болып тұр, — деді Рахим.
Айтуынша, қазір отбасының қауіпсіздігі үшін елден кеткісі келеді. Қазақстанға оралса қуанар еді. Алайда қазіргі жағдайда туыстарымен бірге жасырынып, бас сауғалау ғана мүмкін болып тұр.