Қазақстан Президенті ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде соңғы айларда Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайдың тез өзгеріп, ахуалдың тұрақсыздану қаупі туындағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, дағдарыстан шығу үшін бұл елдегі ішкі ресурстар мүлде жеткіліксіз. БҰҰ-ның бағалауы бойынша Ауғанстан гуманитарлық апат жағдайында тұр. – Бұл асыра айтқандық емес. Жуық арада Ауғанстан аса ауыр азық-түлік дағдарысына ұшырауы мүмкін. Осы қиыншылық Орталық Азия аймағының да шекарасын айналып өтпейді. Оның салдары жаһандық сипат алады. Аталған жағдай ең алдымен тұрғындардың көшуге мәжбүр болуынан туындайды. Алайда қазір жай болжам жасаудың емес, нақты іске көшудің маңызы зор. Елдеріміз бен ұйымдарымыз деңгейінде Ауғанстан халқына көмектесу үшін «гуманитарлық көпірді» жедел түрде салған жөн. Қазақстанның инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, мұндай «көпірді» ұйымдастырудың маңызды бөлігі ретінде Алматы қаласында аймақтық хаб құру ұсынылады, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы ауған мәселесі бойынша өзара іс-қимылдар жүргізгенде ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің кезек күттірмейтін міндеттерін шешуден бөлек, келешекті де назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті. Қазақстан Президентінің пікірінше, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог құруға бастама жасағаны жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер мүдделерінің сәйкес келуі және олардың бірлескен күш-жігері аймақтың қауіпсіздігі мен орнықты дамуының өзекті мәселелерін шешу жөніндегі ортақ іс-қимылдардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.