Франция одақтастарына қатты ренжулі. Аустралия Франциядан алдын ала келіскен 12 сүңгуір қайықты сатып алудан бас тартты. Оның орнына АҚШ-тан суасты қайықтарының басқа түрлерін сатып алмақ. Франция келісімшартты бұзған Аустралияны, бұл шешімге ықпал етіп, клиентті тартып алған Американы және тасада тұрып, жаңа әскери одақты құруға жанама себепші болған Ұлыбританияны айыптайды. Алайда бұл даудың бір басы Қытайға тіреледі. Неге?
Әңгімені әріден бастасақ, 2016 жылы Франция мен Аустралия келісімшарт жасасады. Ол бойынша, француздар аустралиялықтарға Barracuda санатындағы 12 дизель-электрлі сүңгуір қайық соғып беруі тиіс болған. Шарт құны ол кезде 31 млрд еуро еді, кейін 56 млрд еуроға дейін өсті. Келісім 50 жылға есептелген болатын. Егер қос тарап міндеттерін орындағанда француздың Naval Group компаниясы 2040 жылға дейін тапсырысты орындаушы еді. Құжатқа Аустралия тарапынан сол кездегі премьер-министр Малкольм Тернбулл қол қойды. Бір қарағанда, екі ел арасында берік әріптестік орнап, Франция олжаға кенелгендей болған. Алайда 2018 жылы билікке жаңа премьер келді, Скотт Моррисон. Екі үкіметбасы да Аустралияның Либералды партиясының өкілдері болса да, Моррисон биыл қыркүйек айында кезінде Тернбулл қол қойған келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады. Неге? Бірден-бір себеп – Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ AUKUS атты жаңа әскери блок құруға шешім қабылдады. Қазіргі мәлімет бойынша, одақ Қытайдың Оңтүстік – Қытай теңізінде ықпалының артуына қарсы бағытталған. Әрине, бұл жөнінде ресми түрде жарияланбаса да, негізгі мақсат осы болып отыр. Яғни, жаңа әскери пакт аясында Аустралия француздың дизел-электрлі сүңгуір қайықтарынан бас тартып, оның орнына АҚШ-тың атом сүңгуір қайықтарын сатып алмақ. Қандай себеп болса да, Франция өз тарихындағы ең ірі әскери-өнеркәсіп келісімшартынан айырылып қалды. Сол себепті бірден Аустралия мен АҚШ-тағы елшілерін шақырып қалды. Британиядағы елшісі шақырылған жоқ. Халықаралық дипломатияда елшілерді уақытша болса да қайтарып алу радикалды шешімдердің бірі саналады. Оған қоса, ресми Париж өзінің наразылығын ашық жариялап, одақтастардан мұндайды күтпегенін жеткізді. Осы елдің Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында: «Мен ашулымын, одақтастар бұлай жасамайды. Бұл арқамыздан жасалған соққы. Бұл – біржақты, болжанбаған, аяқасты қабылданған шешім. Месье Трамптың ісіне ұқсайды», – деп ызасын ашық жеткізіпті. Наразылықтың бір көрінісі ретінде Уашингтон қаласында Франция елшілігі Чесапик ұрысының 240 жылдығының құрметіне ұйымдастырмақ болған мерекелі іс-шара тоқтатылды. Аустралия да қарап қалмады. Олар жағдайдың осылай өрбитінін, Франциямен қарым-қатынасы бұзылатынын болжады. Бірақ премьер-министр Скотт Моррисон «Франция жақын одақтасымыз болып қала береді, мұның барлығын ұлттық қауіпсіздік мақсатында жасап отырмын», – деп мәлімдеді. Француз өнімінен бас тартудың тағы бір себебі – сүңгуір қайық бағасының о баста келісілген шектен екі еседей өсіп кетуі, 31 млрд еуродан 56 млрд еуроға бір-ақ шыққан. Оған қоса, қайықтарды жеткізу мерзімі де кешіктірілген. Бұдан бөлек, Франция дизел-электрлі типтегі өнім ұсынса, АҚШ атомдық суасты қайықтарын сатпақ. Әрине, соңғысының технологиясы күрделі есептеледі. Бүгінде атом сүңгуір қайықтары тек АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Үндістанда бар. Аустралия бұл қайықты алғанымен, байытылған уранды өндірмеуге келіскен. Жалпы, атом сүңгуір қайықтары басқа типтегі қайықтарға қарағанда жылдамырақ, су астында ұзағырақ жүзеді және салмағы ауыр жүкті таси алады.Нұрмұхамед БАЙҒАРА