Ресей дәстүрінен жаңылар емес. Бәсекелестері ғылыми дамуға инвестиция құйып жатса, Мәскеу дамудың елесін бейнелейтін пропагандалық киноға қаржы салады. АҚШ-тың кәсіпкерлері үкіметтен бөлек жеке ғарыш кемелерін ашық кеңістікке аттандырып, ғарыштың өзінен бизнес жасаса, Ресей де бұл додадан қалысар емес. Тек ғарыш туралы кино түсірмек. Роскосмостың Илон Маск, Джефф Безостердің жетістігіне «берген жауабы». Осылайша, ғарышқа камера апарып, шынайы фильм түсірген тұңғышпыз деп үгіт-насихат жасамақ. Алайда бұл пропагандалық қадам ресейлік ғарыш бағдарламаларына тек зиянын тигізетін көрінеді, ал ғарышкерлер амалсыз көкте тағы жарты жылға қалмақ.
Мәселенің мәнісіне тоқтала кетсек. Расында, дәл қазір адамзат тарихында тұңғыш рет ғарышта кино түсіріліп жатыр. Атауы да сай: «Вызов». Бұған дейін режиссерлер фильмдерді тек жердегі студияда түсіретін. Сценарийге сәйкес, басты кейіпкер – кардиохирург Женя (Юлия Пересильд) шақыру бойынша тікелей Халықаралық ғарыш стансасына аттанады және сонда сырқатқа операция жасайды. Науқас рөлін ХҒС-тегі ғарышкерлер экипажының бір мүшесі ойнауда. Былтыр жоғарыдан режиссер Клим Шипенкоға ғарышқа қатысты ортанқол сценарий түсіріледі. Режиссер бастапқыда біраз қиқарланады және бұған дейін ғарыш туралы («Салют-7») кинотуынды түсіргенін, енді бұл тақырып қызықты емесін айтады. Дегенмен талқылау барысында ғарыш туралы фильмді ғарыштың өзінде түсіру идеясы туады. Әйтпесе, Петербордың түбінде «Ленфильмнің» ғарыштағы көріністі түсіруге арналған толыққанды павильоны бар-тын. Оған Роскосмос бұрын қолданыста болған ғарыш аппараттарын тапсырған. Яғни, «Вызовты» да жерде табысты жасап шығу үшін барлық инфрақұрылым дайын еді. Онда неге Ресей қатардағы киноны ғарышта түсіруге шығындалып отыр? АҚШ-ты басып озу үшін барған екен. Болашақ кинотуындының продюсерлері – Yellow, Black and White Group өкілдері, бұрынғы КВН-шілер Эдуард Илоян мен жаңа МемДуманың депутаты Сангаджи Тарбаев «Бірінші арна» бас директоры Константин Эрнстке шығады. Кезінде Сочи Олимпиадасын ұйымдастырған Эрнст мырза мұның одан да салмақты жаһандық мега-жоба екенін түсіне қояды. Енді К.Эрнст өз байланыстарын іске қосып, Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозинмен келіссөз жүргізеді. Ресейдің ғарыш саласының ғаламат күйзелуіне байланысты қатаң сынның астында қалған Рогозин мұның жақсы пиар-акция болатынын, сол арқылы өз атын тарихқа жазып қалдыра алатынын ұғынады. Содан Эрнст пен Рогозин осы жобаны қолдауды сұрап, Президент В.Путинге хат жазды. РФ лидері келісті. Оның үстіне, өткен жылдың мамырында Голливуд актері Том Круз кино түсіру үшін ғарышқа аттануға әзірленіп жатқаны туралы хабар тараған. NASA-ның сол кездегі басшысы Джим Брайденстайн бұл деректі растады. Себебі Американың әскери және ғарыш саласындағы жетістіктері туралы көптеген фильмге түскен және өзі де түсірген Том Круз қаншама америкалық жастың осы салаларды таңдауына ықпал етті. Демек, оның ғарышта түсірілетін жаңа фильмі тамаша әскери патриоттық тәрбие құралына айнала алар еді. БАҚ былтырғы қыркүйекте фэнтези-фильм түсіру үшін Том Круз бен режиссер Даг Лайманның ХҒС-на бір жылдан соң аттанатынын жариялады. Арада 3 күн өткенде Роскосмос пен «Бірінші арна» да ғарышта тұңғыш ресейлік фильмді түсіру жоспары барын мәлімдеді. Бұл ретте К.Эрнст «Ресей АҚШ-пен ғарышта бірінші болу үшін классикалық жарысқа қайта түскенін» хабарлады. Енді, міне кімнің жеңгені белгілі болып отыр. Осы жеңістен Ресей қаншалықты ұтты? Сарапшылар керісінше, ұтылысы көп дейді. Біріншіден, голливудтық киноөндірушілер өз жобасына Мсктың 4 орындық, бірнеше рет пайдаланылатын Crew Dragon ғарыш кемесін жалдады. Оларға арналған кеме құрастырылып жатыр. Ал ресейлік киногерлер болса, Американың алдын орап кету үшін жанталасып, Роскосмостың қолдауымен келесі ұшатын зымырантасығышты – «Союз МС-19»-ды алып қойған. Осы арқылы ресейлік ғарыш саласына соққы жасады. Қалайша? Ғарышта кино түсірілетіні туралы жаңалық жарияланысымен, көршінің ғарышкерлері де, ғарыш саласы мамандары да бірауыздан қарсы шығып, мәлімдеме жасады. Бірақ оны тыңдайтын құлақ жоқ-тын. Салдарынан федералдық ғарыш бағдарламасына нұқсан келді. 5 қазанда ұшқан «Союз» осы бағдарламаның міндет-мақсатын жүзеге асыруы тиіс еді, ол болмады. Сөйтіп, ұшу жоспары бұзылды. Соның кесірінен ХҒС-тағы қазіргі экипажға ғарышта кем дегенде тағы жарты-бір жылға қалуға тура келеді. Өйткені ғарыш кемесі оларды емес, кинотүсірушілерді алып қайтады. Сарапшы, ғарыш конструкторы Александр Хохлов мына бір жайтқа назар аудартады: «Союзбен» режиссердің және киноактрисаның аттануы салдарынан ресейлік ғарышкер тағдыр тәлкегіне ұшырады: ұзақ жыл кезегін күткен, өмір бойы жаттыққан Андрей Бабкин осы жолы көк сеңгіріне жол тартуы тиіс еді. Алайда ол ұшатын команда қатарынан алып тасталды. Ресейлік мамандар енді ол ешқашан ғарышкер атана алмауы мүмкін деседі: 52 жаста, жасы келіп қалды, әрі келесі жылғы экипаждар қатарына енгізілмеген. Екіншіден, америкалық фильм жеке инвестор қаражатына түсірілгелі жатса, ал ресейлік кино үшін мемлекеттік бюджет есебінен жасалған, бір рет қана пайдаланылатын аса қымбат зымырантасығыш шығындалды: Бір «Союз МС-19»-ды жасауға 2 жыл кетеді! Бұған қоса, «Союзбен» бір адамды ұшыру құны 55-тен 90 миллион долларға дейін барады. Ғарышқа 1 келі пайдалы жүкті жеткізу құны 20-30 мың доллар тұрады. Тиісінше, «Вызов» фильмін түсіру Ресейге шамамен 100 миллион доллардан астам сомаға түспек. Постпродакшн шығыны тағы 850 млн рубльге бағаланып отыр. Ақпарат құралдарына пікір білдірген киносарапшылар бұл фильмді жерде түсіру он есе арзанға түсетінін, сондай-ақ жердегі кино әлдеқайда көркем болып шығатынын айтады. Осыны растағандай, ғарыш стансасында жеткілікті тәжірибесі жоқтықтан, актриса Пересильдтің ебедейсіз ербеңдеген қимылдары бейнеленген бейнежазба таралуда. Кинотүсірушілердің өзге де қиындыққа тап болғаны хабарланды. Үшіншіден, «ғарышта кино түсірген тұңғыш ел» деген атақтың салмағы сонша қомақты емес. Мысалы, тұңғыш ғарыш турисі Деннис Титоны 2001 жылғы 28 сәуірде Роскосмос ұшырды. Алайда бұл Ресей космонавтикасына ешқандай дивиденд әкелмеді. Оның орнына АҚШ туристік космонавтикасы ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Бүгінде Америкада азаматтық сектор өкілдерінің, яғни ғарышкер емес адамдардың ғарышқа ұшуымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. 70 жасар миллиардер Ричард Брэнсон – өзінің Virgin Galactic космолетымен, Amazon басшысы Джефф Безос – төл Blue Origin компаниясы құрастырған ғарыш кемесімен орбита жаққа сапарлап қайтты. Енді SpaceX басшысы Илон Маск ғарышкер-турист атанбақ. Ал Ресей болса, турист түгіл, нағыз ғарышкерлерін де жолдай алмай жатыр. Мысалы, 2020 жылы Ресей ғаламат антирекорд орнатты: бір жыл ішінде 17 ғарыш кемесін ғана ұшыра алған! Оның тарихында ғарышқа осынша аз ұшу ешқашан болмаған екен. Жалпы алғанда, бүкіл әлемде 2020 жылы 114 рет ғарыш кемелері жерден ғарыш тұңғиығына жол тартыпты. Оның 17-сі ғана – ресейлік. Солтүстік көрші Байқоңырдағы және Плесецктегі өзіне қарасты ғарыш айлақтарының әрқайсысынан небәрі жеті-жетіден зымырантасығыш ұшырды. Сонша дәріптелген жаңа «Восточный» айлағынан 1 жыл ішінде 1-ақ рет, ал француздық Куру космодромынан – 2 рет ұшқан. Осылайша, Ресей ғарыш кемелерін ұшыру жөнінен көшбасшылығын мүлдем жоғалтты. Оны тіпті Қытай басып озды (39 ұшыру). РФ Ғарыш саясаты институтының басшысы Иван Моисеевтің айтуынша, мұндай масқара жағдайға ресейлік зымырантасығыштарға коммерциялық тапсырыстың күрт құлдырауы себеп. Тапсырыс түспегесін, ақша түспейді. Онсыз аса қымбат, әрі бір-ақ рет пайдаланылатын ғарыш кемелерін ұшыру мәнсіз. Нәтижесінде, Роскосмос 2020 жыл қорытындысында таза табысының 42 есе (!) құлдырағанын мәлімдеді: таза табысы 2019 жылғы 12 млрд 501 млн рубльден былтыр 292,6 миллион рубльге дейін кеміп кетті. Ал биыл Роскосмос коммерциялық түгіл, федералдық бағдарлама міндетінің жартысын да орындамаған.Елдос СЕНБАЙ