Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі бес жылда фармацевтика саласы тоқырау жағдайында тұрғаны рас еді. Біраз уақыт өзімен-өзі қалған нарықты әркім қолынан келгенше дамытып жатты. Мемлекет экономикалық жағдайын түзеп алғанша дәрі-дәрмек өндірісіне көңіл бөле алмады. Әйтсе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл атап көрсеткендей, «Фармацевтика – ұлттық қауіпсіздіктің бір факторы» екені шегеленіп бекітілді де, Үкімет 90-жылдардың екінші жартысында бұл секторды дамытуды өз қолына алып, көптеген бағдарлама ұсынды. Енді бүгінде елімізде дәрі-дәрмектер өнеркәсібі ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, экспорттық әлеуетке де ие болып отыр.
1991-2001 жылдар: 1990-жылдардың бірінші жартысында, барлық посткеңестік аумаққа тән жағдай, дәріханаларда тіршілікке қажетті дәрі-дәрмектер болмады. Импорт тоқтап, отандық фармацевтика өндірісі елдің дәрі-дәрмекке деген сұранысын небәрі 3%-ға ғана қанағаттандыра алды. Ахуалды түзеу үшін мемлекет 1995 жылдан бастап фармацевтикалық секторға түбегейлi қайта құру жүргiздi. Дәрiлiк қамтамасыз етудiң орталықтандырылған жүйесiнiң орнына фармайналымның жаңа сипаты қалыптасты. Яки, iрi дистрибьютерлiк компаниялар пайда болып, дәрiхана ұйымдары дербестiк алды.Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысымен негiзгi дәрiлiк заттар тiзiмi екi жылда бiр рет бекiтілетiн болды. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздігін, тиiмдiлiгi мен сапасын бақылау жүйесi құрылып, дәрiлiк заттарды мемлекеттiк тiркеу рәсiмi ретке келтірілді. Қатаң бәсекелестік есебiнен дәрі-дәрмек бағасы төмендеп, нарық тұрақтандырылды. Осылайша, аталған саланың ғылыми-әлеуметтік маңызы бәсекелестік ортада жаңа қажеттіліктер мен талаптар аясында қалыптаса бастады.Дәрiхана ұйымдарының саны 1996 жылы 2 120-дан 2001 жылы 6 471-ге дейiн, дәрiлiк заттар ассортиментi 1 220 атаудан 4 450-ге дейiн артты. Фармацевтикалық қызмет көрсетудiң жаңа нысандары пайда болды. Осы кезеңде отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiп дамып, өндiрушi кәсiпорындар саны 13-тен 70-ке дейiн көбейдi. Өндiрiс көлемi 4,7 млн АҚШ долларынан (1996 жылы), 19 млн АҚШ долларына (2001 жылы) жетті. Ал қазақстандық фармацевтика ұйымдары өндiрген және тiркеген дәрiлiк зат саны 60-тан 315-ке дейiн өстi.
Дәрiлік заттар өндiрiсiн реттейтiн нормативтiк-құқықтық база жеткiлiксiз болды. Республикада сапаның халықаралық стандарттарына негiзделген фармацевтикалық өнiмдi сертификаттау жүйесi құрылмаған еді. Ғылымды және капиталды көп қажет ететiн жаңа дәрiлiк заттар өндiрісінiң жеткiлiктi қаржыландырылмауы бүкiл дүниежүзiнде өсе түскен сұранысқа және табиғи шикiзатқа (өсiмдiк, жануар, минерал) аса бай ел екенімізге қарамастан, сыртқы нарыққа шығуға мүмкiндiк бермедi. 2002-2012 жылдар: Жалпы, елімізде медицина саласына ерекше серпін берген Елбасының Жарлығымен 2002 жылдың «Денсаулық жылы» болып жариялануы еді. Бұл Қазақстан медицинасындағы оң өзгерістердің басы болды. Енді денсаулық сақтау жүйесін реформалау төрт бағыт бойынша жүрді. Соның төртінші бағыты дәрілік қамтамасыз етудің ұлттық саясатын жүзеге асыруды қамтыды. Оның аясында сол жылы 29 мамырда «Қазақстан Республикасының дәрiлiк саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжат фармацевтикалық секторды одан әрі жетілдіруді, халықты дәрiлiк заттармен қамтамасыз етудiң мемлекеттік стратегиясын айқындауды көздеді. Дәрі-дәрмектердің бағасын кезең-кезеңмен реттеуді, тіркеу рәсімдерін өзгертуді, барлық дәрі-дәрмекті таңбалау мен қадағалаудың электронды жүйесін енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленді. Фармацевтикалық саланы тiкелей мемлекеттiк реттеу қайта қалпына келтiрiлдi. Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника сапасын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi қызмет реттеле бастады. Отандық фармацевтикалық өнiмдер өндiрiсiнiң номенклатурасы мен көлемiнiң жыл сайынғы өсiмi қамтамасыз етiлдi.Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер әлі де көп еді. Берілген еркіндікке сай, дәрiханалар желiсi бейберекет қалыптасып, олар көбіне қалаларда шоғырланды да, ауыл халқының басым бөлiгiнiң дәрiлiк көмекке қолы жетпедi. Жалған дәрiлiк заттар мен контрабандалық өнiм, мемлекеттiк тiркеуден және сертификаттаудан өтпеген дәрiлер көбейді. Отандық фармацевтикалық өндiрiс ассортиментiнiң негiзгi үлесi ескiріп, олардың денін бәсекелестiкке қабiлетсiз дәрiлер құрады.
Бұл кезеңде де атқарылған реформалардың белгiлi бiр терiс салдары болды. Мәселен, дәрiлiк заттардың халықтың әлеуметтiк осал топтары үшiн қолжетiмдiлiгi төмендедi. Осы уақытқа дейін фармакоэкономикалық зерттеулердi жүргiзу тетiктерi әзiрленбегендіктен, дәрiлiк заттардың жанама тиiмдiлiктерiн, пайдаланылуын, бағасын және қолжетiмдiлiгiн бақылау мониторингi тиiстi деңгейде жүргiзiлмей келдi. Сынақ зертханаларының материалдық-техникалық базасы дәрiлiк заттардың сапасын бақылауды ұйымдастырудың қазiргi заманғы талаптарына сәйкес келмедi. иммунобиологиялық зерттеулердi жүргiзу үшiн зертханалар болған жоқ. Жалған дәрiлiк заттар жасау, фармаколаңкестiк, дәрiлiк заттар мен биологиялық белсендi қоспаларды агрессиялық жарнамалау проблемасы өсе түсті. Тұтас алғанда, республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiбiнде халықаралық өндiру стандарттарына сәйкес келетiн субъектілер жоқ еді. Бұл мәселердің шешімі Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қарастырылды. Мемлекеттік бағдарламаның әкелген бір жаңашылдығы – 18 қыркүйек 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстанның кодекс қабылдағаны. Сондай-ақ осы жылы бірыңғай дистрибьюторлық жүйе тетігімен «СҚ-Фармация» ЖШС-ның құрылуы. Ондағы мақсат – тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде халықты дәрі-дәрмек заттарымен қамтамасыз ету және тең құқылы серіктестік жағдайында жеке және мемлекеттік секторлардың күш-жігерін біріктіру жолымен еліміздегі фармацевтикалық саланы дамытуға жәрдемдесу, оның тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бюджет қаражатына алынатын медициналық техниканы қаржылық лизинг шартымен денсаулық сақтау ұйымдарына беруді ұйымдастыру. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2010 жылы фармацевтикаға қатысты жаңа шарттарға қол қойылып, бірнеше трансұлттық жаңа компания Қазақстан нарығына кіруге рұқсат алды. Ең маңызды келісімнің бірі Польшаның Polpharma фирмасы мен Қазақстанның ең ірі «Химфарм» компаниясының арасында 2011 жылы қыркүйекте жасалды. Осы шарттың негізінде екі компания Шымкент қаласындағы фармацевтика зауытына қосымша 85 миллион доллар қаржы бөліп, оның қуатын арттырды. Ал 2012 жылы Alma Pharma және Түркияның Abdi Ibrahim Global Pharm компаниялары Қазақстанда құны 60 миллион доллар болатын дәрі жасайтын зауыт салатыны жайлы хабарлады. 2013-2021 жылдар: Өткен жылдар еліміздің фармацевтика саласында қалыптасу мен даму жолындағы белес болса, ендігі мақсат жетілу, яки халықаралық стандарт пен нарыққа түбегейлі бет бұру болатын. Сондықтан да 2014 жылы дәрі-дәрмектердің 80%-ы сырттан әкелінетіні сынға алынып, Үкімет алдына ішкі сұраныстың 50%-ын отандық өндірісте өндірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Өйткені елімізде GMP стандартына ие кәсіпорындар саусақпен санарлық еді. Ал шетел асып келетін дәрі-дәрмек бағасы қымбат. Оның үстіне, елімізде отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоятын барлық мүмкіндік: ғылыми әлеуетіміз, биологиялық шикізат қорымыз жеткілікті. Елімізде кешегі кеңестік кезеңнен қалған 5 зауыт, кейін қосылған 79 кәсіпорын бар. Олардың ішіндегі беткеұстарлары – Шымкенттегі «Химфарм» АҚ, Алматыдағы «СП Глобал-Фарм», «Нобел АФФ», «Нұр-Май-Фарм» ЖШС зауыттары, Павлодардағы «Ромат-Фарм», Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі, астанадағы «Ұлттық медициналық холдингі» сияқты толық циклді кәсіпорындар. Олардың ішкі нарықты қамтуы 2000 жылы 3%-ды, 2014 жылы 10%-ды құрады.Қазақстан нарығына сол жылы ең алғашқы отандық дәрі-дәрмек өндіруші жетекші компания «НОБЕЛ АФФ» АҚ келді. Ол елімізге инвестиция ғана емес, халықаралық стандарттағы GMP сертификатты өндірісті де ала келді. Отандық компания екі жыл көлемінде құны 30 миллион АҚШ доллары тұратын заманауи озық жабдықтарда алты препараттың өндірісін жолға қойды. 2004 жылы дәрiлiк заттар айналымы саласында 7,5 мыңнан астам фармацевтикалық объектiлер жұмыс iстедi. Оның iшiнде 370-i ғана, яки 5%-дайы ғана мемлекеттiк меншiк нысанындағы объектілер еді.
Тек 2018-2019 жылдардың өзінде Қазақстанның фармацевтика саласындағы өсім 18% болған болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34,1%-ға өсіп, 98 млрд теңгеге дейін жетті. Осыдан 10 жыл бұрын Үкімет Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдап, онда фармацевтика басымдыққа ие салалардың бірі ретінде белгіленді. Ол кезде елімізде бар-жоғы 8-10 миллион АҚШ долларының дәрі-дәрмегі өндірілетін еді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылы бұл көрсеткіш 225 миллион АҚШ долларына (шамамен 100 миллиард теңгеге жуық) жетті. Бүгінде республика бойынша фармацевтика өнеркәсібінде 168 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындарда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Айта кетейік, отандық фармацевтика нарығының сұранысы 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына тең. Басқаша айтсақ, Қазақстан халқы жыл сайын осынша ақшасын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға жұмсайды деген сөз. Жоғарыда айтылған 168 кәсіпорын бүгінде соның 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Қалған 85%-ы шет мемлекеттерден импортталады. Отандық фармацевтика өнеркәсібіндегі компаниялардың алдында осы көрсеткішті 30%-дан асыру міндеті тұр. Осынау асқақ мақсатқа жылдан-жылға жақындап келеміз. Фармацевтика – медицина саласының ғылыми-әлеуметтік әлеуеті ғана емес, «Ұлы байлық – денсаулығымыздың» қазына кені болып қала бермек.Сол жылдан бастап елімізде ішкі нарықпен қатар экспорттың да үлесі артты. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда, отандық фармкомпаниялар 2015 жылы шетелге 62%-ға артық өнім жөнелткен. Бұған бір жағынан шетелдік инвестицияның көмегі де тиіп отыр. 2017 жылы бұл салаға 11,5 млрд теңге құйылды. Бұл сегменттегі экспорт нарығы көбіне Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, оның ішінде Ресей мен Қырғыз Республикасына бағытталған. Оның сыртында Тәжікстанға, Өзбекстанға, Моңғолияға, Германияға және басқа да елдерге препараттар жөнелтіледі.
Нұрлан ҚОСАЙ