Қаңтардың басында елдің біраз аумақтарын шарпыған дүрбелең Қазақстанның қорғаныс, қауіпсіздік саласына түбегейлі реформалар қажет екенін көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Қарулы Күштердің жұмысын қайта құру керек екенін айтқан еді. Сөйтіп, қауіпсіздікті нығайту мен қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шаралар жүзеге асырылатын болды. Онсыз түрлі сын-қатерлердің алдын алу қиынға соғады. Әдетте Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының жұмысы ашық болмайды. Оларды қоғамның бақылауы да қиын. Бәлкім содан да шығар, жуырда болған бүлік кезінде полиция, арнайы жасақ, ҰҚК күштерінің жұмысы ақсағаны байқалды. Демек, күштік құрылымдарды реформалау өмір талабына айналды деген сөз. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөйлеген сөзінде армия, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдары жұмысын қайта қарап, түбегейлі өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті.
Президент назардан тыс қалдырмаған мәселе еді
Жалпы, Президент Қ.Тоқаев Қарулы Күштердегі әскери-көлік авиациясы паркін жаңарту, барлау-шабуылдау топтарының санын арттыру, кибер және ақпараттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың жұмысын жетілдіру мәселесін біраздан бері айтып жүр. Қорғаныс саласы мамандарымен өткізген әр кездесуінде бұл мәселелерді назарынан тыс қалдырған емес. Тіпті, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін жаңа әскери доктрина жобасын әзірлеуді де тапсырған. Былтыр қыркүйекте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен. Тұжырымдамада қамтылған мәселелер Президенттің жуырда Мәжілісте берген тапсырмаларымен үндесетіні рас. Айталық, онда елдің орасан зор аумағын және шекаралардың ұзақтығын ескере отырып, әскери-көлік авиациясының күштері мен құралдарын жетілдіру арқылы әскерлердің мобильділігін арттыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ арнайы операцияларды орындайтын күштерді дамытуға баса мән берілген. «Қос мақсаттағы», яғни соғыс және бейбіт уақытта, соның ішінде төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қолданылатын компоненттерді дамыту жоспарланған. Жауынгерлік әзірлікті арттыру, әскери бөлімдердің оңтайлы орналасуын, әскери инфрақұрылымның қалыптасуын, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті инфрақұрылымы бар кешенді әскери базаларды құруға біртіндеп көшу жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, құжат тәп-тәуір. Алайда әскерилер мен өзге де күш құрылымдарының жетекшілері қауіп-қатердің аяқ астынан пайда болуы ықтимал екенін ескермеді. Армия мен ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары қызметін ұдайы жетілдіріп отыру қажет екенін естен шығарып алды. Әрі күш құрылымдарының әскери даярлығын, техникалық жабдықталуын жетілдіруге асықпады. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласына жауапты тұлғалармен әр кездесуінде әскери-көлік авиациясының аздығы жайлы ұдайы айтумен болды. Алайда біздің білуімізше соңғы екі жылда Қазақстан Қарулы Күштеріне жаңадан бірде-бір әскери-көлік ұшағы қосылған жоқ. Рас, 2024 жылға қарай Airbus A400M әскери-көлік ұшағын сатып алатынымыз жайлы мәліметтер бар. Бірақ оған дейін әлі екі жыл күтеміз. Ал Қазақстан Қарулы Күштеріндегі барлық әскери ұшақтардың тек 7,2 пайызы ғана көлік авиациясына тиеселі екен. Glоbal Fire Power сайты оқу-жаттығу ұшақтарының үлесі 10,5 пайыз екенін алға тартады. Яғни, әскери көлік авиациясы үшін 17 ұшақ қолданып жүрсек, оқу-жаттығу үшін 25 ұшақ пайдаланамыз. Дегенмен шетелдік сарапшылар Қазақстанның күш құрылымдарында 76 тікұшақ бар екенін айтады. Олар әмбебап тікұшақтар қатарына кіретіндіктен әскери-көлік авиациясы құрамына қосуға болады. Алайда күш құрылымдары басшыларының Президент тапсырмасын орындауға асыға қоймағаны, тіпті Қорғаныс пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасындағы сөзбұйданың салдарынан әскери техниканы дер кезінде жаңартып, қатарын толықтырып отыру кідірген сыңайлы. Тіпті, былтыр күзде төтенше оқиғалар кезінде жаяу әскер мен десантшылардың бірден-бір тірек етер техникасына айналуы тиіс бронды автомобильдерге қатысты БАҚ-та шу шыққан. Әскерилер отандық «Барыс 8х8» көлігін жақтырмағаны, ал көлікті құрастырушылар түрлі тәсілдермен Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қысым жасауға ұмтылғаны байқалған. Сөйте тұра әскерилердің «Қазақстан инжиниринг» холдингіне қарасты зауыттарға да қырын қарап, тапсырыс алмағаны, ал жасалған өнімді қабылдауға асықпағаны жайлы да БАҚ-та талай дау болды. Біздің пайымдауымызша, бұл да ел қауіпсіздігін нығайтуға кедергі келтіргені сөзсіз.Барлаушылар «ұйықтап» қалды
Әдетте күш құрылымдарының «көзі, құлағы һәм тілі» ретінде барлаушыларды немесе агентуралық желіні айтады. Өкінішке қарай, ҰҚК-дан бастап бірқатар күш құрылымдарында барлау, дерек жинау желілері баяғыда-ақ істен шыққанына куә болдық. Ел ішінде көптеген содырлардың жиналып, түрлі деңгейдегі даярлықтан өткенін ҰҚК шенділері жасырғанның өзінде, ІІМ мамандары аңғаруы тиіс еді. Олай болмай шықты. Біздің пайымдауымызша қылмыстық, маргиналдық топтарға «өз адамдарын» енгізу «дәстүрін» полицейлер ұмыта бастаған сыңайлы. Соның кесірінен бүлікшілердің бастапқы кезде еркін қимылдауына мүмкіндік туды. Дүрбелеңнің алдын алу мүмкін. Тіпті, күш құрылымдарындағы агентура бүлікшілерге көмектескендей әсер қалдырғаны бар. Қалаларда әкімдіктерге бір топ шабуылдаса, келесі топ әскери бөлімдерге, соның ішінде ҰҚК-нің қару-жарақ сақтайтын арнайы бөлімдеріне шабуыл ұйымдастырды. Сондықтан алдағы уақытта күш құрылымдарында осынау бағыттағы жұмыстар да қайта қаралуы тиіс. Оны Президент те атап өтті.Армияда бұйрық талқыланатын болған ба?
Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашатынын айтты. «Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы. Сөйтіп армия мен құқық қорғау саласында қызмет етудің маңызын айта келе, тұтас қоғамда белгілі бір стереотиптің қалыптасқанын да тұспалдағандай болды. Ол – әскери билет құнының түсуі. Президент айтқандай, әскери билетке ие болу мақтаныш болмаумен қатар, құжат ретінде оны қолға түсірудің түрлі жолы бар екені де жасырын емес. Әскери кафедралар, ақысын төлеп қысқа мерзімдік әскери жиынға қатысу тәрізді заңды жолдармен-ақ әскери билетке ие болу мүмкіндігі бар. Одан бөлек армияда да «демократия» пайда болды. Мәселен, 2021 жылдың 1 желтоқсанында Құрлық әскерлері әскери институтының төртінші курсында білім алып жүрген 210 курсант оқу орнын өз бетінше тастап кеткен. Өйткені олар факультет бастығының ауысуына наразылық танытыпты. Яғни, әскерде бұйрық талқыланатын болды деген сөз. Тағы бір мысал. Былтыр қазан айының басында отандық медиа ресурстардың біріне бір топ офицер анонимді ақпарат берген. Ондағысы «Барыс 8х8» көлігін Қарулы Күштерге қабылдатпаудың амалы. Рас, техника нашар екенін көп маман айтады. Бірақ офицерлердің белгілі бір компанияның сөзін сөйлеп, лобби жасауы, министрге ықпал етуге тырысуы дұрыс емес. Өйткені армия саяси немесе қаржылық топтардың ойынына арналмаған құрылым. Оның миссиясы басқа. Егер офицерлер шынымен елге жаны ашып, әскерге сапасыз техниканың берілуіне қарсы болса, алдымен Бас штаб бастығына, Қорғаныс министріне, прокуратура мен әскери прокуратураға, тіпті Жоғарғы Бас қолбасшыға да хат жазуына мүмкіндіктері бар еді. Содан соң ғана медиаға жүгінуге болар еді. Алайда офицерлеріміз аты-жөндерін айтпастан, бірден медиаға ақпарат берді. Инсайдер қызметін атқарды. Ал Қорғаныс министрлігі ондай офицерлерге қатысты қандай шара қолданылғаны жайлы «Айқын» редакциясына мәлімет беруден бас тартты. Яғни, армия мен құқық қорғау органдарындағы «мысық пен тышқан» ойындары ақыр соңында даярлықты төмендетіп, қапыда қалуға әкеліп соғып отыр. Әйтпесе қатардағы сарбаздардың даярлығын төмен деуге келмес еді. Армиялық арнаулы бөлімдер, ҰҚК мен Шекара әскерінің, ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы күштерінің жалпы әскери даярлығы төмен емес. Бір ғана «күрең береттілер» қатарына қосылу үшін сарбаз от пен судан өтетіні бар. Бірақ офицерлердің салғырт-салақтығы, адал болмауы, тіпті қорқақтығы, басқару жүйесіндегі келеңсіздіктер, түрлі күштер арасындағы үйлесімнің жоқтығы сын сағатты бір ұйымға мүше одақтастардан көмек сұрауға мәжбүрледі. Қысқасы, Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарын түбегейлі реформа күтіп тұр. Біздің пайымдауымызша, мұндай өзгерістерді қысқа мерзімде жасау мүмкін емес. Сондықтан Үкіметтің бастапқы қадамдарын реформалардың басы ретінде бағалаған дұрыс. Ал кешенді өзгерістер жүйелі зерттеу, жақсы даярлықтан соң жүзеге асырылады деген пікірдеміз.