Павлодарда жүрекке күрделі ота жасаған кардиоорталықтың бас дәрігері жұмыстан қуылды, – деп хабарлайды Astana TV.
Кардиохирург Әділжан Әлбазаровтың бір сәтте екі түрлі операция жасауы, өңірге ғана емес республика үшін тың жаңалық болды.Кардиорталықтың бұрынғы бас дәрігері Әділжан Әлбазаров: «Бұл – еліміздің медицинасындағы соңғы 5-7 жыл аралығындағы үлкен жетістік. Ең бастысы, Қазақстан азаматтары аурудан құлан-таза айығуға қол жеткізді. Бұл менің ғана емес, Павлодардағы кардиоорталық ұжымының жемісі», – дейді.Күні кеше ғана ауыр халдегі науқастың өмірін арашалап қалған бас дәрігер, ертеңіне қызметімен қош айтысты.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов: «Ол – хирург ретінде білікті маман. Бірақ мекемені басқару ісінде осал басшы болғаны өкінішті. Оған қоса ішкі аудит мамандары бірқатар заң бұзушылықтар тапты. Десе де, оған кардиохируг дәрігер ретінде жұмысын жалғастыра беруге болатын еді. Алайда, өзі қалғысы келмеді», – дейді.
Шенділердің сөзінше, орталық мемлекеттік тапсырысқа қатыса алмай қалған. Дәрігердің осы секілді өзге де кемшін тұстарын аймақтың экономикалық тергеу департаменті тексеріп жатыр.
https://youtu.be/zghYUyWPp9c