Ауғанстанның Забул провинциясында құдыққа құлап кеткен алты жасар бала қайтыс болды. Төрт күні бойы құдықтан шыға алмаған баланы жұма күні құтқарғанымен, ол бірнеше минуттан кейін қайтыс болған, - деп хабарлайды BBC. Бала тереңдігі 25 метрдей құдыққа құлап кетіп, ішінде кептеліп тұрып қалған. Құтқару операциясы бірден басталған, құтқарушылар бала тұрып қалған жерге жету үшін жер астынан жол қаза бастаған. Құтқару жұмыстары төрт күн жүргізіліп, алғашқы күндері бала әкесімен сөйлескен. Құтқарушылардың жұмыстарын түсірген жазбадан әкесі ұлының жағдайын сұрағанын естуге болады.
"Хайдар, менімен сөйлесіп тұр және жылама, біз сені құтқарып алу үшін барлығын жасап жатырмыз", – дейді ұлын тыныштандырғысы келген әкесі.Ал ұлы әкесіне "Жарайды, мен сөйлеп тұрамын", – деп жауап береді. Алайда бейсенбі күннен бастап баланың дауысы шықпай қалды. Құдыққа түсірілген камераның көмегімен баланың аяғымен құдықтың тар бөлігінде тұрып қалғанын, бірақ қолы мен денесінің үстіңгі бөлігін қозғалта алатынын көруге болады. Жұма күні таңертең баланы жоғарыға алып шыққанда, ол әлі демалып жатқан. Баланы жылдам оттегі құрылғысына қосып, медициналық тікұшаққа апара жатқан кезде ол бірнеше минуттан кейін қайтыс болды.