Қорадағы мал мен жалғыз тауық, қарызға алынған теледидар табыс көзі есептелетін елімізде жалпыхалықтық табыс декларациясын тапсыру жылдан-жылға кешеуілдеп келеді. Жүйе дайын болғанымен, жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен жүргізуді ұсынғандар ай сайын алатын табыс көздерін түсіндіруге өздері дайын болмай шықты. Бұл жемқорлықты жүгендеуге арналған науқанның өтпеуін қалайтын мүдделі топтардың барын көрсетпей ме? Жаппай табыс декларациясын тапсыруды талқылап жатқанымызға 22 жыл, жоспарға енгізгенімізге де бақандай 11 жыл болыпты. Мамандарды 2000 жылдың басында өзгелердің тапқан табыстары жөнінде есеп беруін қалай жүзеге асырып жатқанын зерделеу үшін шетелге де сабылттық. Сөйтіп, 2005 жылы шетелдің тәжірибесін елімізде қолдану туралы айтылып, 2010 жылы елде жаппай декларация енгізуді жоспарладық. Алайда жыл сайын жоспарланып, кем-кетігі табыла беретін науқанды 2020 жылы өткізетін болып шештік. Бірақ мемлекет қызметіндегі айлыққа күні қарайтындар қалталылардың қатарын қалай толтырып жүргенін түсіндіруі тиіс науқан 2025 жылға бір-ақ шегерілді. Сондағы себебі мынау. Біріншіден, жалпы халықтық декларация жүргізу үшін заңнамалық база жоқ. Екіншіден, ақпараттық жүйе де дайын болмай шықты. Өйткені шалғай ауылдарда интернеттің жоқтығы шараны кейінге шегеруге себеп. Алайда шараны өткізу жоспарланған 2020 жылы жауаптылар техникалық жүйе сақадай-сай екенін айтқан. Сол жылы Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев технология толықтай дайын екенін айтты. «Ендігі міндет – қоғамның дайындығы ғана қалды», – деді ол. Бірақ сыныққа сылтау тапқан шенеуніктер табыстың есебін 2025 жылға созып, осы олқылықтарды жоюдың жолын табуға сөз берді. Табыс көзін айшықтау бастамасы төрт кезеңге, ал декларациялау екі түрге бөлінеді. Біріншісіне мүлік, табыс көзі, қарыз, жылжымалы мүлік енсе, екіншіге – зергерлік бұйымдар, ескі бағалы заттар мен қорадағы мал саны да кіреді.
Декларация дегеніміз не?
Жалпы, халықтық табыс декларациясы әрбір азаматтың тапқан табысы мен иелігіндегі мүліктің есебін беру. Яғни, көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрмыс пен табысты сәйкестендіруге сеп болатын науқанның басты талабы да сол, құны қыруар тұратын құндыз ішіктер мен қымбат көліктердің, атына жазылған жылжымайтын мүлікті қандай табыс көзіне алынғанын түсіндіру. Бағасы 500 мың теңгеден басталып, шексіздікке дейін жалғасып кететін жылжитын, жылжымайтын мүліктері, қымбат картиналары декларацияда көрсетіліп, қандай ақшаға келгенін қағаз жүзінде дәлелденуі керек. Ал түсіндіре алмаса немесе жасырып қалса, тауар бағасының 10 пайызы көлемінде айыппұл төлейді. Жемқорларға тұсау болатын табыс декларациясы былтырдан бастап жүзеге аса бастады. Алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың басшылары және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін тапсыруға кірісті. Сөйтіп, жыл сайын олардың 99%-ы салық есептілігін электронды түрде ұсынуы тиіс. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, жалпы декларациялаудың алда әлі 3 кезеңі бар. Келер жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларациясының екінші кезеңіне өтеді. 2024 жылы бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен бірге декларация тапсыруға міндеттеледі. 2025 жылы елдегі қалған азаматтар да тапқан табысы туралы есеп беруі тиіс. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 13 миллион адам кіреді. Алғашқы декларацияда жыл соңындағы жағдай бойынша қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер көрсетіледі. Соның ішінде шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, шетелдегі банк шоттарындағы 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын қаражаты қарастырылады. Бұдан басқа тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар мен елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары мен инвестициялық алтындары, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері де есептеледі. Сондай-ақ 10 мың айлық есептік көрсеткіш шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша да декларацияда көрсетілуі тиіс. Мемлекеттік кірістер органына салық есептілігін уақытында ұсынбағандарға алдымен ескерту беріледі, ескертуді елемегендерге екінші рет 15 еселенген АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мәліметтер толық емес немесе анық ұсынылмаса да, ескерту көзделген. Ескертуден кейін осындай қулыққа барғандарға 3 еселенген АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылады. Ал жеке тұлға салық төлеуден жалтару мақсатында ірі мөлшерде, мәселен 20 000 еселенген АЕК мөлшерінен асатын салықты төлеуге қатысты міндеттеме туындап, табысын жасырып қалса, онда оған қатысты ақпарат құқық қорғау органдарына жіберіліп, қылмыстық іс қозғалады.Шетелдегі шот та түгенделеді
Елдегі азаматтардың айлығын есептерміз, ал қазақстандықтардың шетелдегі табысы қалай түгенделеді? Айнұр Сартаеваның айтуынша, шекара сыртындағы табысты да жүйеден жасыру мүмкін емес. Өйткені комитеттің резиденттердің шетелдегі қаржылық шоттары туралы ақпаратты да автоматты түрде алуына мүмкіндігі бар. Сол үшін комитет Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға қосылған. Конвенцияға қатысушы елдер шоттардағы қаражат қалдықтары, пайыздар, дивидендтер сомасы және қаржы шоттарындағы активтерге байланысты туындаған басқа да кірістер туралы ақпарат беруге міндеттелген. Орталықтандырылған ақпарат жүйесі арқылы қай елдің азаматының қай елдің қаржы ұйымдарында ақшасының «тығылып» жатқанын анықтауға жарты минут қана кетеді екен. Банкте қарызы барлар мен алименттен қашып жүргендерді шетелге жібермеу тәжірибесі секілді бұдан былай табыс көзінің қай жақтан келгенін анықтай алмағандар да әуежай мен теміржол бекеттерінен ары қарай өте алмайды.Әлемдік әдісті енгізуге құлықсыз
Табыс декларациясындағы тәжірибені зерттеуге талай маман жібердік. Бірақ шекара асып келгендер шенділердің тапқанын тиындап есептейтін ерекше тәсілдерді елде қолдануға асықпайтын секілді. Мысалы, Норвегияда кез келген адамның тапқан табысын білу қиындық тудырмайды. Әсіресе, шенеуніктердің жылдық табысы мен иелігіндегі дүние-мүлігі кіріс кітабында көрсетілген. Әр норвегиялық отбасылық жалақының толық тізімін және бұл адам қанша салық төлейтінін кез келген кітапханадағы сөреден табуға болады. Бұл ақпарат интернетте де қолжетімді. Аталған заңды Норвегия бізден кейін жоспарлаған. Есесіне, бізден бұрын қолданысқа енгізген. Көрші Ресейде де мемқызметкерлердің шетелде актив ұстауына, қаражатын өзге елдердің банкіне салуына заң жүзінде тыйым салынған. Бұл талапты орындамаған адамдар Мемдума сайлауына да үміткер бола алмайды. Көріп отырғанымыздай, өркениетті елдерде қабылданған заң халықтың тұрмысына қарай бейімделген. Ал бізде заңды айналып өтетін жолды алдымен қарастырады. Сондықтан бізде қаржысын шетел банкіне салып, тапқан табысын туысқандардың атына жаздыруға тыйым салатын заң жоқ. Мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін молынан пайдаланып жатқандардың қатары көп. Қазақстандық шенеуніктердің жылжымайтын мүлікті де шетелден сатып алуды сәнге айналдырғанын байқауға болады. Бүгіннің өзінде құзырлы органдар шенеуніктердің елден тыс, шетелде 2 млрд 697,6 млн теңгедей сомадағы қаражатты банктерде сақтап отырғанын анықтапты. Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов шенеуніктердің табысы және мүлік декларациясы қоғамға қолжетімді болу керек екенін айтып келеді. Олай болмаса, табысын толық беріп жатқанына күмән көп. Мәселен, 2013 жылы СҚО әкімі Самат Ескендіров бір жылда 10,5 млн теңге табыс табатынын, иелігінде 5 сотық жер мен қарапайым ғана үйі бар екенін көрсеткен. Бірақ қарапайымдылығымен қуантқан әкімнің қалған байлығы 2018 жылы белгілі болды. Сол жылы экс-әкімінің отбасына тиесілі елордадағы коттеджіне ұры түсіп, жүз миллион теңгеден астам сомаға қаражат пен алтын-күміс әшекейлерді жымқырып кеткені жарияланды. Қолды болған заттар арасында құны 50 мың долларға дейін баратын бриллиантты Rolex, Zenith, Ulysse Nardin, Cartier, Chopard секілді аса қымбат алтын сағаттар болған. Декларациядағы жалған есептің сырын қоғам мүшелері негізінен біледі. Себебі тапқан табыстың құжатта көрсетілген нұсқасы ғана есепке алынатынын «зерек» басшылар мен оңтайлы етіп өзгертілген заңды бес саусағындай білетіндер ірі меншікті өз атына тіркемейді. Демек, отандық декларацияны енгізудің қалай жүзеге асатынына күмән көп. Өйткені декларация тапсырған әрбір азаматтың туысқандық төркінін түгендеп, көрсетілген кіріс пен шығындардың сәйкес болуын қадағалау қажет. Жоғары лауазымды шенділердің арасында байлығын баласының, еңселі коттеджін енесінің атына жаздырып қоятын жағдайлары жиі кездеседі. Жыл сайын декларация тапсыратын қарапайым қызметкерлер де құжат жүзінде жұбайымен ажырасып, табысын туысқандарының атына жаздырады. Ал біздегі заң отбасы мүшесі ретінде күйеуі мен әйелі, балаларын ғана көрсетуге міндеттейді. Алайда біздің қоғамда туысқандықтың түрі көп. Әкесі мен шешесі, енесі мен атасы, жиені мен бөлесі де бөтеннің қатарына кірмейді. Айтпақшы, Мемлекеттік кірістер комитеті былтыр декларация тапсырған 497 мың адамның жартысынан көбі, яғни 54 пайызы e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары арқылы тапсырғанын мәлімдеді. 40 пайызы «Салық төлеушінің кабинеті», 5 пайызы eGov.kz порталы арқылы ұсынған. Ал қағаз түрінде небәрі 414 адам немесе 0,1 пайызы ғана тапсырған. Бұл табыс көзін анықтайтын науқанға шалғай ауылдардағы ғаламтордың да сылтау емесін көрсетеді. Демек, табыс декларациясын тапсыруды әрбір азаматқа міндеттеуге мүдделі болмай отырған топтың барын түсіну қиындық тудырмайды.