Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинаның Львов қаласындағы Қазақстанның консулдығы алдына 55 азаматтың жиналғанын айтты.
Ресми өкілдің айтуынша, аталған азаматар Польша арқылы елге қайтарылмақ, – деп жазады ҚазАқпарат.
«Министрлік Польша арқылы репатриациялық әуе рейсін ұйымдастыруға рұқсат алды. Львовтағы жағдайға келсек, елге жету үшін Қазақстанның сондағы консулдығы ғимаратының алдына 55 отандасымыз жиналды. Олар Польша арқылы келмек. Бұл азаматтар жақын маңдағы мектеп аумағын паналаған еді. Алайда нысанды ату мүмкіндігіне байланысты азаматтар ол жерден шығарылды. Біздің консулдың айтуынша, көлікпен қамтамасыз етуде қиындық туындап жатыр. Шекарада жіберілген алғашқы рейс әлі Львовқа оралмады, олар кептелісте тұр», – деді А.Смадияров министрлікте өткен брифингте.
Азаматтарды жеткізу барысында көліктің бағасы айтарлықтай өскен.
«Кейбір автобустар бірнеше күн кептеліске тұрып қалуы мүмкін екенін біліп, жол жүруден бас тартып жатыр. Бейбіт уақытта көліктің құны қолжетімді болса, қазір бір автобус үшін 20 мың долларға дейін сұрап отыр. Сондықтан бұл мәселені біз консулдық мамандарымен бірлесіп шешетін боламыз», – деді ол.