Кезекті дағдарыстың қарасы көрінгендей

Кезекті дағдарыстың қарасы көрінгендей

Ресейге салынған санкциялар Қа­зақстанға қалай әсер етеді? Әзірге нақты жауап беру қиын. Алайда қазірдің өзінде санкциялардың кері әсері байқала бастады. Бері айтқанда отандық дүкен сөрелерін көрші елден келген азаматтардың «үптеп» кету қаупі жоқ емес. Импорт пен экспорт бағытында да күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін. Қысқасы, теріскейден ескен «желдің» ызғары қатты болып тұр. Бұл сұраққа жауап беру үшін ең әуелі Қазақстанның экспорт-им­порты маршрутына көз сала кетейік. Қазір біздің экспорттық тауардың 54 пайызы Еуроодақ, Швейцария, Украина және Ресейге жөнелтіледі. Оның ішінде мол қаржы әкелетін негізгі өнімдер – мұнай, газ және металл РФ аумағы мен порттары арқылы өтеді. Ал астық экспортының 90 пайызы Орта Азия мен Қытайға шығатындықтан, бұл секторға санк­цияның әсері шамалы. 2021 жылы Қазақстан экспорты 60 млрд долларды құрады, бұл ЖІӨ-нің 35 пайызына тең. Сондай-ақ энер­гетика, көлік, құрылыс, сауда сияқ­ты ішкі өндірістің тағы осын­шама үлесі экспортты қамтамасыз етуге бағытталған. Ал импорт 40 млрд доллар шамасында (ЖІӨ 23 па­йыз). Бұл дегеніңіз, ел ішінде өн­дірілетін тауарлар мен қызметтің дені импорттық жабдықтарға, мате­риалға немесе құрамдас бөлшектерге тәуелді екенін білдіреді. Одан бөлек, импорттың 45 пайызы тікелей Ре­сей­ден келетіні өз алдына, сырттан тасымалданатын тауардың төрттен үш бөлігі тағы да сол терістіктегі көр­шінің аумағы арқылы өтеді. Экономист Қайырбек Арыс­­тан­беков Ресейге жарияланған санк­ция­ларды алдымен екіге бөліп қарастыру керегін ұсынды. «Батыстың Ресейге салған санк­цияларын екі топқа бөліп қарас­тыруға болады. Біріншісі – тікелей тұншықтыратын санкциялар, яғни экономиканы бірден құрдымға кетіретін бұғаттаулар. Яғни, әлемнің барлық пұшпағында РФ активтерін бұғаттау мәселесі. Екіншісі – 2-3 айда әсер ететін санкциялар. Біздің Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк санкциялардың осы екі түрін ескере отырып, дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеу керек еді. Сондай-ақ Ұлттық экономика ми­нистрі мұнай бағасына сеніп отыр. Бұл – дұрыс емес. Ертеңгі күні батыс елдері Ресейдің мұнай-газ өнім­де­рінен бас тартар болса, онда Қазақ­стан экспортының біраз бөлігі құ­лайды. Мәселе – осында. Осыған байланысты санциялардың екі тү­рі­нің де соққыларына төтеп беретін шаралар қажет», – дейді ол.

Тауар тапшылығын туындатты

Әлбетте, антиресейлік санкция­дан ең алдымен РФ аумағында жұ­мыс істеуге маманданған қазақ­стан­дық бизнес зардап шегеді. Ал Ресейге санкциялық қысым неғұрлым қатая түскен сайын оның әсері Қазақ­станда да соғұрлым үдей бермек. Сарапшылар оның шырқау шегі 2022 жылдың екінші және үшінші тоқсанына сәйкес келуі мүмкін екенін айтады. Тіпті, оның алғашқы әсерін кө­ріп те үлгердік. Рубль құлдырап еді, онымен бірге біздің теңге де шат­қаяқтап қалды. Артынша импорттық тауарлардың құны өсіп кетті, әсіресе шетел валютасына байланған өнім­дер күрт қымбаттады. Сондай-ақ ірі шетелдік компаниялардың нарық­тан кетуі Ресейдің өз ішкі өндірісін шектеуге мәжбүр етті. Мәселен, импорттық құрауыштардың тапшы­лығынан қазірдің өзінде РФ-дағы автомобиль зауыттарының жарты­сынан астамы тоқтап қалды. Сол себепті оның Қазақстандағы саты­лы­мы күрт кеміді. Бұл біздің автоөн­дірісшілерге де теріс ықпалын ти­гіз­ді. Жалғыз автоөндіріс қана емес, санкцияның кесірінен Ресей нары­ғынан көптеген басқа да ірі компания кетті, олардың өндірісі тоқтады, яғни жақын күндері тауардың жаңа партиясы болмайды. Ал қазақ­стан­дық дүкен сөрелеріндегі тауарлардың көпшілігі импорттық өнімдер екені белгілі, ол біздің елге РФ арқылы жеткізіледі. Тағы бір мысал: жақында көпте­ген өңірде қант жоғалып кетті. Sugar.ru-дың Кедендік одақ туралы сарап­тамасына үңілсек, 2021 жылы РФ-ға 152,6 мың тонна қант жеткізілген, оның негізгі экспортшылары – Беларусь (73,57 пайыз) және Алжир (7,21 пайыз). Ақпан айында Беларусь қант экспортына шектеу қойды, со­ның салдарынан РФ-ның Қазақ­станға экспорттайтын қант көлемі азайды. Сондай-ақ Кедендік комис­сия 2022 жылдың 31 тамызына дейін дәнді-дақылдарды ЕАЭО кеңістігіне және қант пен қант шикізатын үшін­ші елдерге шығаруға тыйым салды. Мұның бәрі ішкі нарықта дүрбелең туғызды.

Дүкендерді жаппай «талауға» көшті

Бұл рубльдің бірінші рет құлды­рауы емес. Ресей Қырымға басқын­шылық жасаған кезде – 2014 жыл­дың соңы мен 2015 жылдың басында дәл осылай орыстың ақшасы құлап, біздің нарықты ресейлік арзан та­уар­лар жаулап алған. Тіпті, қазақ­стан­дықтар РФ-ға жаппай қатынап, көлік, тұрмыстық заттар мен жиһаз­дар сатып ала бастаған. Бұл, әрине бір жағынан қарапайым адамдар үшін жақсы, баға арзандайды. Бірақ отандық өндіріске зиян. Осы уа­қытта 9 айдың ішінде түрлі сарап­шылардың айтуынша, ел аумағынан 30-40 млрд доллар ақша шығарылған екен. Міне, тағы сондай жағдай қай­талануы мүмкін. Сондықтан да Үкі­мет отандық өндіріске зияны ти­мейтіндей, бизнесті ынталанды­ратындай қадамдарға батыл баруы тиіс. Ең бастысы, капитал сыртқа кетпеуі тиіс. Бірақ, әзірге антиресейлік санк­цияның екінші қыры бел алып тұр: РФ-ға сырттан келетін импорт те­желді. Осы жетіспеушілікті толтыру үшін енді керісінше ресейліктер қа­зақстандық дүкен сөрелеріндегі азық-түліктен бастап техника мен басқа да мал-мүлікті жаппай сатып ала бастаған. Ал ресей­ліктер «тонап» кеткен тауарлардың орнын толтыруға өзіміздің ішкі өндірістің қуаты жетпейді. Айта кететіні, ресейліктердің қа­зақстандық тауарларды жаппай сатып алып жатқаны жақсы. Бірақ бар мәселе – біздің тауарды олардың қандай ақшаға сатып алатынында. Егер ол үшін доллар алатын болсақ, ол басқа әңгіме. Яғни, ішкі капи­талымыз көбейеді. Ал егер оны «ағаш ақшаға» айналып бара жатқан рубльге сататын болсақ, дәл қазіргі жағдайда оның әлемде ешкімге ке­регі жоқ. Сондықтан әзірге рубльдің курсы тұрақтағанша, онымен сауда операцияларын жасауға тыйым салған жөн. Бұл енді Үкімет, Ұлттық банк, Сауда министрлігі бірлесіп қабылдайтын шешім. Сарапшылардың пікірінше, бұл Ұлттық банктің рубль/теңге қаты­насын 5-6 теңге дәлізінде ұстап тұруымен байланысты көрінеді. Яғни, мұндай жағдайда терістіктегі көршіміз дүкендерді тұтас тік көтеріп көшіріп әкетуін тоқтатпайды.

Отандық өндірісті қорғау қажет

Экономист Рахман Алшановтың айтуынша, әзірге жетіспеушілікке ұрындыратындай алғышарттар жоқ. Бірақ ресейліктер рубльді теңгеге айырбастап, тауар сатып алуын тоқ­татпаса, ертең тапшылық туындауы әбден мүмкін. «Өз экономикамызды қорғау үшін рубльді теңгеге айыр­бастауға тыйым салу қажет. Беларусь жаппай конвертациялаудан қашып, қазір рубльді қабылдамайтын болды. Бізге де солай жасау керек. Мұндай алмағайып заманда ол дұрыс қадам. Ол үшін Қазақстанды ешкім кінә­ламауы тиіс»,– дейді экономист. Әйтсе де, атқарушы билік өңірлерде азық-түлік тапшылығы жоқтығын айтады. Тұрмыстық техникаларды сататын ірі сауда желілері де қоймаларының толып тұрғанын, тапшылық болмайтынын айтып сендіруде. Бәсекелестікті қорғау және да­мыту жөніндегі агенттіктің мәлім­деуінше, тапшылықтың алдын алу үшін қазір ірі өндірушілермен және жабдықтаушылармен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Қазір ең бастысы – ұлттық эко­номиканың қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығын сақтап қалу. Ал енді осы­нау тағдыршешті кезеңде Үкімет инфляцияны тоқтата алмаса, бұған дейін қабылдаған барлық әлеуметтік шаралардың текке кететін түрі бар.