Ислам әлемінде айтарлықтай орны бар ғалым Ибн Шәддадтың «Жеңімпаз патшаның тарихы» қолжазбасы қолымызға түсті. Қолжазба несімен құнды дейсіз ғой? Ибн Шәддадтың бұл еңбегінде Бейбарыс бабамыз жайлы тың деректер қамтылған екен.
Ибн Шәддадтың толық аты-жөні – Әбу Абдулла Иззуддин Мұхаммед ибн Әли ибн Ибраһим ибн Шәддад әл-Ансари әл-Халаби. 1217 жылы 16 наурызда Алеппо қаласында дүниеге келді. Әйгілі тарихшы Баһауддин ибн Шәддадтың шәкірті болды. Кейін Әйюби билеушісі әл-Мәлик ән-Насир Салахуддин Юсуфтың хатшысы қызметін атқарды. Хатшылық қызметті жақсы атқарған ибн Шәддад 1242-1243 жылдары салықтан түсетін кірісті тексеру үшін Харран қаласына тексеруші болып жіберіледі. Осы сапарында есеп-қисап және тексеру ісін жоғары деңгейде жүргізіп, билеуші әл-Мәлик ән-Насирдың көзіне түседі. Сөйтіп, оның өте жақын серіктерінің біріне айналады. 1251 жылы Мосул, Мардин (қазіргі Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан тарихи қала) және Жазира (Сирияның шығысындағы әл-Хасака провинциясында орналасқан аймақ) секілді аймақтардың билеушілеріне елші болып бірнеше рет жіберілді. Тарихшы Сафади оның Құлағу ханға да елші болып жіберілгенін айтады. Бейбіт келісім жүргізу үшін 1259 жылы Маяфариқинді (Түркияның Диярбакр провинциясындағы тарихи қала) қоршауға алған Құлағудың ұлы Яшмутқа елші болып барды. Моңғол әскерімен әртүрлі деңгейде жүргізілген келісімдердің нәтиже бермей һәм моңғолдар Сирияны толықтай басып алғаннан кейін көптеген саяси тұлға сияқты ибн Шәддад та Мысырға бет алды.
Ол Мысырда аз уақыт ішінде Мәмлүк сұлтаны әл-Мәлик әз-Заһир Бейбарыс пен оның уәзірі Баһауддин Әли ибн Мұхаммедтің сеніміне кірді. 1271 жылы Бейбарыс сұлтанның Шам елін моңғолдардың билігінен азат ету үшін ұйымдастырған әскери жорығына қатысты. Шам жеріне уәзір Баһауддиннің қолбасшылығымен ұйымдастырылған өзге де жорықтарға белсенді араласты. Осылайша, әйюбилер мен мәмлүктер кезеңінде өмір сүрген ибн Шәддад сол дәуірдің саяси, әскери, әлеуметтік тағы басқа уақиғаларына тікелей куә болды. Бейбарыс сұлтан дүние салған соң оның өсиеті бойынша ұлы Мәлик Сағид салдырған медресе мен кесене істерін жүргізетін уақыпқа басшы болып тағайындалды. Ибн Шәддад Бейбарыс сұлтаннан кейін билік басына келген оның ұлдары Мәлик Сағид Насируддин Береке ханмен, Мәлик Әділ Суламышпен, сондай-ақ Бейбарыстың атақты қолбасшысы Мәлик Мансұр Сәйфуддин Қалауынмен өте жақсы қарым-қатынаста болды. 1285 жылдың 24 сәуірінде Каир қаласында өмірден озды. Мұқаттам (Каир қаласының шығысында орналасқан) тауының етегіндегі мазарға жерленді. Әйюбилер мен мәмлүктер кезеңінде өмір сүрген тарихшы, жағрафияшы һәм сарай хатшылығы қызметін атқарған ибн Шәддад моңғолдар мен крестшілердің мұсылман жерлеріне жасаған шабуылдарын көзімен көрді. Өзінің жазған тарихи еңбектерінде куә болып, көзімен көрген жағдаяттар мен уақиғаларды керемет жеткізе білген.
Ибн Шәддадтың мәмлүктердің тарихына қатысты өзі куә болып, ешбір хабаршыға жүгінбей жазған еңбегінің бірі – «Тарих әл-Мәлик әз-Заһир» атты қолжазбасы. Бұл еңбекте Бейбарыс сұлтанның ғұмыры, тұлғалық қасиеттері, билік құрған кезеңі қамтылған. Алайда бізге осы еңбектің 1271 жылы басталып, сұлтанның дүниеден өткен уақытына дейін қамтылған ІІ томы ғана жеткен. Бұл қолжазбаның жалғыз нұсқасы Түркияның Эдирне қаласының Селимия қолжазбалар кітапханасында сақталған. Бұл мақалаға осы қолжазбаның көшірмесі арқау болып отыр. Қолжазбада Бейбарыс сұлтан заманындағы уақиғалар мен тарихи мәліметтерді жылдарға бөле отырып, хронология бойынша жазған. Сондай-ақ автор әрбір жылдың соңында сол жылы қайтыс болған кейбір тұлғаларды алфавиттік ретпен атап өтеді. Әрі олардың өмірбаянына тоқталады.
Аталған қолжазбаны бүгінге дейін кейбір Батыс және Шығыс зерттеушілері өзінің ғылыми-академиялық жұмыстарына негіз еткен. Атап айтар болсақ, Иоэль Кох (Yoel Koch) аталмыш еңбекті сыни тәсілдермен талдай отырып, 1978 жылы A Scholarly Edition of ‘Izz al-Dîn Ibn Shaddâd al-Halabî’s Ms. on the Sultan Baybars I, I-III, Bar-Ilan University, Ramat-Gan (Иззуддин ибн Шаддадтың сұлтан I Бейбарыс жайлы қолжазбасының ғылыми басылымы, Бар-Илан университеті, Рамат-Ган) деген тақырыппен докторлық жұмысын қорғады. Ливандық зерттеуші Доктор Ахмет Хутайыт 1983 жылы осы еңбекке сүйеніп Târî u’l-Meliki’-âhir [Die Geschichte des Sultans Baibars] атты докторлық жұмысын қорғап шықты. Шерефеттин Ялткайа бұл еңбекті 1941 жылы Baypars Tarihi: al-Melik al-Zahir [Baypars] Hakkındaki Tarihin İkinci Cildi (Бейбарыс тарихы: әл-Мәлик әз-Заһир жайындағы тарихтың екінші томы) деген атаумен түрік тіліне аударған.
Қолжазба туралы әңгімеден бұрын мәселеге назар аударуды жөн көрдік. Әуелгісі қолжазбаның толық нұсқасы, өкінішке қарай біздің заманымызға жетпеген. Қолжазбаның бірінші томы жоғалып кеткен. Біздің қолымызға тигені тек жалғыз нұсқасы сақталған екінші томы. Бағзы ғалымдар бұл нұсқа автордың өз қолымен жазылған деген көзқарасты алға тартады. Әйгілі шығыстанушы Клод Каэн «қолжазба Бейбарыс сұлтан опат болған соң жазылып, тәмамдалған» деген пікірді алға тартады (Cl. Cahen, op. cit., p. 75).
Екінші мәселе – қолжазбаның атауына қатысты. Шығыстанушы Клод Каэн қолжазбаны «әр-Раудуз-Зәһир фи сирати әл-Мәлик әз-Зоһир» деп атаған. Ал Дәиратул-Мағариф әл-Исламияда (Ислам энциклопедиясы) бұл қолжазбаның атауы «Хаяту Бейбарыс» делінеді. Ортағасырлық бағзы ислам тарихшылары еңбектерінде аталған қолжазбаны «Сирату әл-Мәлик әз-Зоһир» және «әр-Раудуз-Зәһир фи сирати әл-Мәлик әз-Зоһир» деп атайды. Ал қолымызға тиген қолжазбада еңбектің атауы «Тариху әл-Мәлик әз-Зоһир» деп берілген. Біз қолымыздағы қолжазбаның мұқабасында берілген атаумен аталғаны жөн деп санаймыз.
Қолжазба 272 парақтан тұрады. Әр бетте 15 қатар жазу бар. Жазуы ірі әріптермен насих стилінде (араб әліпбиінің баспада және жазуда ең көп қолданылатын түрі) жазылған. Ұзындығы – 26 см, ені – 19 см. Қағаздың абади (жібектен жасалған, жартылай күңгірт, жұқа немесе қалыңдау қағаз түрі) деген түріне түсірілген. Алғашқы бетінің жоғарғы жағында: «Барша мадақ Аллаға тиелісі. Біздің мырзамыз Мұхаммедке, оның отбасына Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Бұл кітаптың авторы ең ұлы, аса құдіретті ұлы Алла Тағалаға шүбәсіз сенетін Әбу Бәкір ибн Омар ибн Әбу Бәкір ибн Омар» деген жазу бар. Алғашқы бетінің орта тұсында: «Жеңімпаз патшаның тарихы кітабының екінші томы, Алла Тағала оны өз рақымына бөлесін! Әмин!» деген сөз бар.
Қолжазба Бейбарыс сұлтанның он жеті жылдан астам билік жүргізген жылдарының он екінші жылынан басталады. Қолжазбаның алғашқы парағынан кейінгі екі парағы түсіп қалған. Мұны қолжазбаның екінші бетінде жазылған жазудан аңғардық. Онда қолжазбаның 277 парақтан тұратыны айтылған. Ал қолымызға тиген қолжазба 272 парақтан құралған. Сонымен бірге қолжазбаның соңғы жағынан да бірнеше парақтың түсіп қалғаны байқалады. Автор 192 парақтан бастап сұлтанның тұлғалық қасиеттері мен ерекшеліктеріне тоқталудан бастайды. Сұлтанның қасиеттерін он бес тарауға бөліп қарастырғанын да баяндайды. Алайда қолжазба он төртінші тараумен бітеді. Демек, еңбектің он бесінші тарауы бізге жетпеген. Бұл соңғы тарау болжаммен 3 парақтай болған. Еңбек жалпы 28 тарауға бөлінген.
Еркінбек ШОҚАЙ, ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Арабтану орталығының директоры Бауыржан ӘЛИҰЛЫ, Нұр-Мүбарак университетінің докторанты