Педагог Аятжан Ахметжанұлы баланы 1-сыныпқа оқуға бергенде жасын ескеру керек екенін айтты. Оның айтуынша, қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көбейген. Бұл туралы Facebook-тағы парақшасында жазба жариялады. «Жылда осы уақытта өте көп адам қоятын сұрақ. Менің берер кеңесім, баланы 6,5 жастан аспай, 1-сыныпқа бермеген дұрыс. Адамның миының даму кезеңі болады. Адамның миы толық 12-13 жасқа дейін даму кезеңін бастан өткереді. Қазір балаңыз қағылез, бәрін алып кететін секілді көрінеді. Бірақ мидың көтеру салмағы бала үлкейе келе белгілі болады. Қазір алып кеткен балаңыз үлкейе келе шаршағанын сезесіз. Мидың даму кезеңдері болады, бұл даму кезеңдерінде қатты салмақты салу – қателік. Әр пән де пәннің қиындық дәрежесіне қарай басталады. Мысалы, биология 6-сыныптан, физика 7-сыныптан, химия 8-сыныптан деген секілді. Яғни адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндігіне қарай зерттеп енгізілген педагогикалық шешімдер. Ал баланы ерте мектепке бергенде, осы зерттеулердің бәріне қайшы шешім шығарасыз. Тіпті қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көп. Неге десе, кейбірі «балам алғыр» дейді, кейбірі «баламды қарайтын адам жоқ» дейді. Екеуі де – балаға жаны ашымағандық. Ол баланың тікелей болашағына қатысты. Сондықтан балаңызды кемінде 6,5 жастан асырып, 7-ге толтырып мектепке беріңіз. Бала ештеңеден кешікпейді. Ойнап, балалығын толық қандырып, мектепке барсын. Бөпе кезінен балалығынан айырмаңыз», – деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.