Gazeta.ru Жириновскийдің ұлы өз атын, тегін өзгерткенін жеткізді. Ол сондай-ақ шетелге қашуға талаптануда екен, – деп жазады inbusiness.kz.
"Владимир Жириновскийдің ұлы, МемДуманың бұрынғы вице-спикері Игорь Лебедев, алдын ала мәлімет бойынша, атын, фамилиясын және әкесінің атын толық ауыстырды. Марқұм саясаткердің ұлы енді Давид аталады. Экс-парламентшінің жаңа паспорт алғанын растайтын құжат басылымның қолында бар. Дегенмен Лебедевтің аты-жөнін өзгерткені туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. Бұл өзгеріске 2014 жылы Жириновскийдің ұлына қарсы енгізілген санкциялар түрткі болуы мүмкін", – деп жазады ресейлік басылым.Сонымен Игорь Владимирович Лебедев енді өзін "Давид Александрович Гарсия" деп атағанды жөн көреді. Жириновскийдің ұлы әкесінің ісін жалғастырудан бас тартқан. Ол тіпті әкесінің жаназасына да бармапты. Сондай-ақ МемДума төрағасының орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен. Ол бұдан былай Ресейде тұрғысы келмейтінін білдірген. Тиісінше, телеграм-арналардың дерегінше, жаңа паспортымен шетелге қашуға талпыныпты. Алайда бет-жүзді тану технологиялары арқылы оның шынында кім екенін біліп қойған Испанияның құзырлы органдары оған Шенген визасын бермеген. Айтқандай, Лебедев-Гарсияның Испанияда көптеген элиталы жылжымайтын мүлкі, соның ішінде екі элиталы вилласы бар көрінеді.
"Саясаткер ретіндегі құны көк тиын тұрмайтын Лебедев Ресей саясатының сахнасында сайқымазақ-клоун мен тиранның рөлін қатар ойнаған әкесінің арқасында ірі қызметтерге жетті, мол байлыққа кенелді. Әкесінен аста-төк мұра алған Лебедев қалған өмірін өзін-өзі құрдымға батырған Ресейден аулақта, дамыған елде, тамаша табиғатта бейғам, тып-тыныш жағдайда шалқып, ләззатпен өткізуге құмартса керек. Ал Ресейдің халқына осындай саясаткерлерінің кесірінен санкциялардан және дағдарыстан қиналып, азап шегуден басқа ештеңе қалмайды", – деген пікір білдірді украиналық саяси шолушы Ярослав Сиваковский.Бұл тек басы ғана болса керек. Ресейлік алғашқы ірі лауазымды дипломат "қылмыстық бұйрықты орындаудан бас тартатынын" және Мәскеудің Украинадағы соғысына қарсы екенін ашық мәлімдеді. БҰҰ бөлімі жанындағы Ресейдің Женевадағы Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, РФ СІМ қызметкері Борис Бондарев "арнайы әскери операцияға" қарсылығы ретінде қызметінен кететінін жариялады. Ол Ресейде тыйым салынған LinkedIn әлеуметтік желісіндегі төл парақшасында сыни пост орналастырып, онда 20 жыл ғұмырын арнаған сыртқы саясат ведомствосындағы қызметінен неге кеткенін түсіндірді.
"Жиырма жылдық дипломатиялық мансабымда біздің сыртқы саясаттың сан алуан бетбұрыстарына куә болдым. Алайда 24 ақпанда өз елім үшін ешқашан дәл осылай қатты ұялмаппын! Ресей тек Украинаға ғана емес, іс жүзінде бүкіл Батыс әлеміне соғыс ашты. Бұл – тек Украинаның ғана емес, сонымен бірге Ресей халқына қарсы ең салмақты қылмыс", – деп жазды ресейлік дипломат. Ол Ресейдегі жүйенің деградацияға ұшырағанына қынжылды.Ресейлік ақпарат құралдары Борис Бондаревке қоңырау шалыпты, ол посттың фейк еместігін, өзі жазғанын растаған. Дипломат жұмыстан кету туралы өтінішін ұсынғанын, әрі қарайғы жоспары белгісіз екенін мәлім етті. РФ БАҚ-тары өзге дипломаттардың ұқсас өтініш жазып, СІМ-нен жаппай кетіп жатқанын анықтады. Олар тек мәлімдеме жасамаған. Ресейлік Forbes көршінің ылан-ойран мұнайын астына басқан "Роснефть" алпауытының барлық дерлік топ-менеджері шетелге тайып тұрғанын жеткізді. 10 ірі басшы өз тағдырын енді мұнай монополистімен байланыстырмауға ұйғарыпты. "Роснефть" еуропалық санкцияларға іліккен еді. Forbes дерегінше, оны тастап қашқан басшылардың саны одан да көп болуы мүмкін. Қаншама еңселі кабинеттер бос қалған. Reuters, The Wall Street Journal өз дереккөздеріне сүйеніп, Еуроодақтың санкциясына байланысты "Роснефттің" 5 вице-президенті өз еркімен отставкаға кеткенін мәлім етті. Бірақ шынында "Роснефть" компаниясын 14 топ-менеджердің тәрк еткені туралы да мәлімет жарияланды. Олардың арасында компанияның бірінші вице-президенті Дидье Касимиро, бөлшек бизнесті дамыту және ішкі нарық жөніндегі вице-президенті Аврил Конрой, мұнай-газ сервисі жөніндегі вице-президенті Эрик Лирон, шельфтегі жобалар бойынша вице-президенті Желько Рунье, коммерция және логистика жөніндегі вице-президенті, өзбек Отабек Кәрімов бар. The Wall Street Journal түсіндіруінше, Касимиро кезінде "Роснефттің" позициясын мейлінше нығайтуға, әлемдік нарықта оның үстем ойыншыға және "жаһандық мейджорға" айналуында маңызды рөл атқарды, Еуропа мен Азияның басты тұтынушылық нарықтарын жаулауына ықпал етті. Бұл ретте "Роснефть" Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер және "Солтүстік ағын-2" газ құбырының бас операторы Маттиас Варнигтің компанияның директорлар кеңесінен кеткенін ресми жария етті. Сондай-ақ Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі Карин Кнайсль де "Роснефть" директорлар кеңесінің құрамынан шығатынын мәлімдеді. Бұл ханым біраз жыл бұрын өзінің үйлену тойында Владимир Путинмен вальс билеуімен ғаламторда аты жер жарды. Ізінше, Австрия Үкіметіндегі шенеунік мансабы аяқталған соң ресейлік жетекші компанияға жұмысқа тұрды, күреп табыс тапты. Егер санкциялар қатал болмағанда, ол да жылы орнын суытпас еді. Батыс елдері Шредерден бастап, компанияның өзге басшыларына дербес санкция енгізіп жатыр. Бұдан бөлек, британдық BP "Роснефттегі" үлесінен құтылуға шешім қабылдағанын жариялады. Exxon Mobil да онымен ынтымақтастығын тоқтатты. Мұнай сарапшылары мен инсайдерлердің байламынша, ресейлік гиганттан білікті басшылар мен атақты топ-менеджерлердің қашуы "Роснефттің" тоқырауын жеделдетеді, ол енді жаңа кен орындарын игеру жобаларынан бас тартуға мәжбүр болады. Мұның бәрі ресейлік алпауыттармен істес болу улы, залалды жайтқа айналғанын паш етсе керек. Негізі, бұл компания Қазақстанның да әріптесі. Ол Қазақстанмен бірлесіп, Каспийдегі Құрманғазы секілді мұнай жобаларын бірлесіп игеру келісіміне қол қойған. Сонымен бірге дәл соғыс қарсаңында, 2022 жылғы 4 ақпанда "Роснефть" қытайдың CNPC алыбымен бірге Қазақстан аумағы арқылы 100 миллион тонна мұнай айдау туралы мәміле бекітіп еді. Әйтпесе, шың еліне қара алтын жеткізетін қолданыстағы құбырдың өткізу қабілеті 10 миллион тоннаны ғана құрайды. Бұған қоса, ресейлік мемкомпанияға Кеңес Одағы ыдырағалы қолға алынатын ең ірі мұнай жобасы – Шығыс Сібірдегі "Восток Ойл" флагмандық жобасынан да бас тартуға тура келуі мүмкін. РФ президенті В.Путиннің досы Игорь Сечин басқаратын "Роснефть" биылғы 15 наурызда ЕО-ның санкцияларының 4-ші пакетіне кірді. Ұжымдық Еуропа қазіргі уақытта санкциялардың 6-шы топтамасын талқылауда, ол жыл соңына дейін Ресейден мұнай сатып алудан мүлдем бас тартуды қарастырады. Яғни, солтүстік көрші бүкіл Еуропа нарығынан айрылуы ықтимал. Әзірге бұл эмбаргоға ресейлік қара алтынға қатты тәуелді Венгрия сияқты санаулы ел қарсы шығуда. АҚШ Ресейге мұнай эмбаргосын енгізді. Ресейлік саяси және әскери шолушы Иван Яковина бұдан бұрын РФ лидерінің серіктесі, миллиардер Роман Абрамович, Ресейдегі заманауи, технологиялық дамыған банк жүйесін құрушылардың бірі Олег Тиньков, Путиннің бұрынғы кеңесшісі Анатолий Чубайс, "Альфа-Групп" негізін қалаушы, миллиардер Михаил Фридман сияқты алпауыт серкелер де Ресейден қашқанын еске салады.
"Кремльдің қаншама жыл бойы жаһанға аса қаһарлы көрінген алып машинасы бүгінде болттарын, гайкаларын жоғалтып, шашыла бастады. Әлем билеушілері Ресей элитасына іштен іріткі салып, беріктігіне сына қаға бастады. Оларға қиын таңдау қойылды. Не Путинмен, не өркениетті әлеммен бірге боласың! Кремльдің қазіргі билігінің қасынан табылғандардың бәрі болашақта трибуналдан бір-ақ шығуы мүмкін. Оның үлгісі де бар: Саддам Хусейнмен, Муаммар Каддафимен соңына дейін бірге болған тұлғалар не сотталды, не із-түзсіз жоғалып кетті. Элитаға, қалталы тұлғаларға бұл қажет емес", – дейді ресейлік шолушы.И.Яковинаның байламынша, Кремльмен ашықтан ашық ат құйрығын кесіспеген, "СІМ-де, арнаулы органдарда, армияның Бас штабында және өзге құрылымдарда тым-тырыс қана жұмысын жалғастырған, бірақ жасырын түрде Украинаға және Батыстың барлау органдарына, ЦРУ-ға көмектесетін тұлғалар көп болуы мүмкін".
"Себебі Украина, АҚШ тарапы кейінгі кезде аса құнды деректерге және құжаттарға шұғыл қол жеткізіп жүр. Олар Бондарев сияқты ащы-ащы сөздер айтпайды, өзін жария етпейді, ақыл-айламен дегеніне жетеді. АҚШ мұндай ақпараттандырушыларын, құпия қолдаушыларын ерекше қолдауға құлық танытып отыр. Егер Кремль қандай да бір елге қарсы ядролық қаруды қолдану туралы бұйрық берсе, оны тоқтататын, әлемді құтқаратын да осындай адамдар болады. Сол кезге дейін олар ұйқыдағы ұяшықтар сияқты үнсіз жата береді", – деген пікір білдірді Иван Яковина.Ресейлік "Коммерсант" басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) "ресейлік арнайы қызметтерден жасырын түрде, америкалық барлау қызметімен қалай байланысқа шығуға болатыны" жөнінде орыс тіліндегі нұсқаулықты таратыпты. Материалдар басқарманың ресми сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылған. The Washington Post газеті ведомство өкіліне сілтеме жасай отырып, бұл нұсқаулық арқылы америкалық барлау органдары әскери операцияны тоқтатқысы келетін, осы жолда пайдалы болуы мүмкін ақпаратқа ие ресейліктермен байланыс орнатқысы келетінін жазды.