Мұздағы «мұрагерім»...

Соңғы жылдары заманауи медицина кеш тұрмысқа шығатын қыз балалар үшін жұбаныш болар жол ұсынып жатыр.

Біздің қоғамда 30-дан асқан басы бос қыздар жаңа жасқа толған сайын құдды бір ойынның күрделі, кедергілері көбірек келесі деңгейіне өткендей күй кешеді. Кедергі деп отырғанымыз – «әлі бала жоқ, сол баланы бірге сүйетін серік жақын арада жолығар емес, ал биологиялық сағатым мені күте ме?» деген алаң көңіл. Соңғы жылдары заманауи медицина осындай уайым шегетін қыз балалары үшін жұбаныш болар жол ұсынып жатыр. Енді аналық ұрықты қатырып қойып, керек уақытта кәдеге жаратуға болады: қанша уақыт сақталса да, сапасы нашарламайды, оған дейін мансабыңды реттеп, үй-күйіңді дұрыстап, лайықты азаматыңды асықпай іздеп табуға уақыт бар. Бірақ мұның бәрі оңай ма?

Криоконсервация қайдан шықты?

Әйелдің аналық ұрығын болашақта қолдану үшін қатырып, сақтап қою меди­цина тілінде «аналық ұрықтың крио­консервациясы» деп аталады. Бұл тех­нология 1990 жылдардың соңында қатерлі ісікке шалдыққан науқастар үшін пайда болған. Химиялық терапия пациенттердің аналық ұрығын зақымдап, оларды бедеу етуі мүмкін еді. Криоконсервация тіршілік етуге жарайтын аналық ұрықты сақтап қойып, әйелге кейінірек бала сүюге мүмкіндік береді. Қазір бұл әдіс әлі өз адамын жолық­тырмай, бала көтеруді кешеуілдеткен әйелдер арасында да танымал бола бас­тады. Біз дәл осы әлеуметтік себепті желеу ету мәселесін талқыламақпыз. Өйткені көкейде «Сақтану амалын жасадым деп, отбасы құруды кейінге қалдырып жүрген­де біржола кеш болып қалмай ма?», одан бөлек, «40-тан кейін тұрмыс құрғанның өзінде жасанды жолмен бала сүю үміті қаншалықты ақталар екен?» деген күмән туып тұр.

Соңғы уақытта аналық ұрықты қаты­рып қою тәжірибесі әлемде кеңінен насихатталып жатыр. Facebook, Apple, Google секілді ірі компаниялар корпора­тив­тік жеңілдік ретінде әйел жынысты қызметкерлеріне аналық ұрығын қатырып қою ақысын төлеп береді. Ондағы ойлары – әйелдердің отбасы мәселелеріне қатыс­ты алаңдаушылығын шешіп, жұмысқа толыққанды көңіл бөле алуына жағдай жасау. Одан бөлек, АҚШ-та EggBanxx сияқты медицина индустриясына маманданған компаниялар жыл сайын қонақүйлер мен клубтарда тақырыптық кештер өткізіп, қо­­нақ­тарға осы репродуктивті техно­логия­ны егжей-тегжейлі түсіндіріп, наси­хаттап жүр. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударып жатқан елдер де біршама. Мысалы, Сингапур бұған дейін әйелдерге аналық ұрықты тек медициналық мақсатта сақтауға рұқсат етсе, 2023 жылдан бастап елдегі басы бос әйелдерге де әлеуметтік мақсатта криоконсервацияға жүгінуге мүмкіндік берілмек.

40 жаста балалы болу қиын ба?

Мамандар бұл медициналық қызметке көбіне 25-35 жас аралығында жүгінуге кеңес береді. Өйткені жас ұлғайған сайын әйелдің ана болу мүмкіндігі де азаяды. Оған бірнеше себеп бар.

– Біріншіден, қыз балада фолликул (болашақ аналық ұрық) қоры тым ерте – жатырда жатқан кезінде-ақ қалыптасады, яғни олар белгілі бір көлемдегі аналық ұрық фолликулдары қорымен өмірге келеді. Бұл қор уақыт өткен сайын сарқы­ла береді. Екіншіден, аналық ұрық та, әйел ағзасы секілді, 40 жасқа қарай қартая бастайды, – дейді елордадағы Darmed гинекология және превентивті медицина орталығының гинеколог дәрігері Әйгерім Бөкебаева.

Алайда дәрігердің сөзінше, аналық ұрықты тіпті 20 жаста сақтап қойғанның өзінде бұл – 40-тан асқанда баянды жүк­тілікті бастан кешудің кепілі емес:

– Әйелден 20 жаста алынып, сақталған аналық ұрық сол сапалы күйінде қалады, оған дау жоқ. Бірақ 40-тан асқан әйелде эндометрийдің ұрықты қабылдау қабілеті төмендейді, яғни эмбрион сапалы бол­ғаны­мен, ол жатырға жабыспауы, жабысса да түсіп қалуы мүмкін. Оған қоса, әйелдің жасы ұлғайған сайын жыныстық инфек­цияларды айт­пағанда, оның басқа да созылмалы ауру­лары көбейеді. Бұл түсік тастауға немесе балада туабітті денсаулық ақауларының пайда болуына әкелуі ықтимал, – дейді маман.

Үміттен күдік басым

Қазақстанда медициналық мақсаттан тыс себеппен аналық ұрық криокон­сервациясына жүгінетін әйелдер әзірге көп емес.

– Аналық ұрықтың криоконсервация­сына келетіндердің 99 пайызы – денсаулық жағдайына байланысты ЭКО жасатқысы келетіндер. Ал мансап қуып, отбасын құр­ған­ша арқаны кеңге салып жүру үшін бұл процедураға жүгінуді мен еш құп­тамаймын. Өйткені оның сәтті шығуына еш кепілдік жоқ, – дейді «Экомед» кли­ника­сының негізін салушы, репродук­толог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.

Дәрігер бұдан кейін жасанды жолмен ұрықтандырудың нәтижесіне қатысты статистикамен бөлісті.

– Еуропалық көрсеткіштер бойынша, қатырып сақталған 44 аналық ұрықтан, ал америкалық көрсеткіште 36 аналық ұрықтан 1 ғана сәби өмірге келеді. Бұл сондағы дәрігер-ғалымдардың дұрыс жұ­мыс істемейтінінен емес – табиғаттың заңы солай. Сонда 10-15 аналық ұрығын қатырып қойып, «болашағымды жоспар­ладым» деп сеніп отыру қаншалықты негізді екенін осыдан-ақ ойлай беріңіз. Маған бірде 44 жастағы әйел өзінің ана­лық ұрығын қатырып қоюға келді. УДЗ-ге түсірсек, 1-2 фолликулы ғана қалыпты. Сонда да байқап көрейік деп тексерсек, оның ішінде ұрық жоқ. Яғни әйел тым кеш қимылдаған. Сондықтан мен әркез табиғи жолмен, уақытылы, жас кезде жүкті болу керегін айтамын, – дейді ол.

Әлеуметтанушылар медицинаның бұл жетістігі әйелдердің кешірек ана болуға құштарлығын өршітіп жібермей ме деп алаңдайды. 2016 жылы АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орта­лығы адамзат тарихында тұңғыш рет жиырманың ішіндегі әйелдерден гөрі отыздың ішіндегі әйелдердің көбірек бала тапқанын анықтаған-ды.

– Балалы бола алмаудың табиғи, яғни денсаулыққа байланысты факторларынан басқа объективті заманауи себептері адамда балалы болуға рационалды қаты­нас­ты қалыптастырады. Бұл рацио­нализм де қажеттіліктен туындайды. Міне, осы жерде қоғамдағы дәстүрлілік пен заманауилық шиеленісі бастау алады, – дейді әлеумет­тану ғылымдарының кандидаты, доцент Баян Смағамбет.

Оның айтуынша, жоғарыдағыдай медицина жетістіктерінің қазақстандық қоғамға ықпалы әзірге ондай қорқынышты емес.

– Патриархаттық канондарға сәйкес­тігі әлі де басым саналатын қоғамдағы әйелдің миссиясы – бірінші кезекте ана болу және ертерек ана болу. Ана болуды кейінгі қалдыру – біздің қоғамда құптал­майтын әрекет, сондықтан «мансап жа­сай­тын әйел» бейнесінен гөрі «балалы әйел» бейнесі біздің қоғамға жақынырақ, – деп тұжырымдайды әлеуметтанушы.

Бәлкім, аналық ұрықты сенімді жерде сақтау әйелге сәл де болса қауіпсіздік сезімін сыйлайтын шығар. Бірақ бұл амал оның әрі қарайғы әрекетіне теріс әсер етуі мүмкін.

– Әйелдер криоконсервацияға жүгіну арқылы өмірінің барлық аспектісін бақылауда ұстағысы келеді: мансапты да қуып, уақыты келгенде баланы да туамын деп ойлайды. Әрине, бұл процедура кейбіреулердегі болашаққа қатысты алаң­дау­шылықты сәл де болса басуы мүмкін, бірақ әйел еш тәуекелге бармағандықтан, жар іздеу әрекеті қарқынды болмайды. Мысалы, ол тәуекелге барып, табиғи жолмен балалы болуды мақсат тұтса, серік табуға, тұрмыс құруға ұмтылар еді, – дейді психолог Жанерке Әубәкірова.  

P.S. Өміріміз түгілі, күнімізге құрған жос­парымыздың айна-қатесіз орындала қоюы сирек. Баланы бақытына балайтын халық­тың өкілі ретінде қай қазақ әйелінің де әлеуметтік мақсаттағы криоконсервация­ға еріккеннен бармасы анық. Тек әлгі мұздат­қышта «болашақ баласын» сақтай­мын деп жүріп, бақытын ұмыт қалдырмаса екен дейміз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ