Түркия қазақстандықтарға жақсы таныс. Өйткені барыс-келістің көбейгені сонша, Ыстамбұл мен Анталияда отандастарымызды жиі кездестіресіз. Кейбір деректерге қарағанда, Түркияға көшіп кетіп, сонда тұрып жатқан қазақтардың саны 30 мыңға жуықтап қалса керек. Бірақ бәрібір Анадолы жері көрікті мекендер мен тарихи орындарға толып тұр. Бәлкім, көп адам дәл Түркия жерінде адамзат баласы алғаш рет бидай еге бастағанын білмеуі мүмкін. Ал бидайдың «атамекені» саналатын оңтүстік-шығыс Анадолы – тарихи, мәдени, гастрономиялық, тіпті діни туризм үшін қолайлы аймақ. Біздің де жолымыз сол өлкеге түсті.
Жұлдызды аспанға қызыққандар жиналды
Түркияның оңтүстік-шығысына сапарлап қайтуға шақыру келген кезде бірден келістік. Қазақстаннан үш-ақ журналист шақырыпты. Әу баста бізге Диярбакыр аймағында «Ғарышты бақылау фестивалі» өтетіні айтылған. Түркияның TÜBİTAK (Түркия ғылыми және технологиялық зерттеу мекемесі) деп аталатын ұйымы алғаш рет 1998 жылы өткізген шара араға біраз уақыт салып, былтыр жалғасын тауыпты. Сөйтіп, биыл Диярбакыр қаласының қасындағы Зерзеван қамалының қасында ұйымдастырылды.Адамзат баласы алғаш рет бидай еккен аймақ
Негізі, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр, Мардин және Батман қалалары орналасқан аймақты Солтүстік Месопотамия деп атайды. Бәріміз «Ежелгі дүние тарихынан» оқыған әйгілі Қос өзен аңғарының басы – осы жерлер. Біз барған өлкеде атақты Тигр өзені ағып жатыр. Евфрат сәл бас жақтан бастау алады. Ал Солтүстік Месопотамия «берекелі жарты ай» деп атайтын аймақтың теріскей бөлігі саналады. [caption id="attachment_201937" align="alignnone" > Мыналар шамамен 10 мың жыл бұрынғы тас ыдыстар екен. Өңірдегі тастар жұмсақ болатындықтан, ежелгі адамдар оны ойып, ыдыс жасапты. Тіпті, әдемілеп безендірген көрінеді. Өрнек салыпты. Аймақта керамика кейін пайда болған деседі.[/caption] Дәл осы Диярбакыр, Мардин, Батман өңірлерінде ертеде, тым ертеде адамдар алғаш рет астық, соның ішінде бидай өсіре бастапты. Диярбакырдың маңайынан табылған ең көне бидай қалдықтары 12,5 мың жыл бұрынғы кезеңге сәйкес келеді екен. Ал Гөбеклітепе дейтін жерден табылған бидай қалдықтары 15 мың жыл бұрын сол жердегі адамдар осы дақылды өсіргеніне айғақ болады екен. Тас дәуірінде Диярбакыр өңірінде жанартау тасы мен жұмсақ тасты ойып, ыдыстар жасапты. Алғашқы қоныстар болыпты. [caption id="attachment_201938" align="alignnone" > Тастарды осы құралдармен ойыпты. Бұлар жанартаулардан шыққан тастар деседі. Суға тигенде өте қатты болып қалатын болса керек. Ежелгі адамдар Бингөл деген жерден осы тасты алып келіп, жоғарыдағы суреттегідей ыдыстар жасапты. Яғни, бір таспен екіншісін ойса керек.[/caption] Жалпы, Диярбакыр өңірінде ежелден бері 33 мемлекет құрылған деседі. Қаланың өзі бұрын Амида деп аталған. Қазір қалада 1,7 млн шамасында адам тұрады екен (2020 жылғы дерек). Осы өңірде Інжіл мен Құранда аты аталатын бірнеше пайғамбар өмір сүріпті.Туризмге енді ашыла бастаған өңір
Әдетте Түркияға ағылатын туристер елдің батысындағы курорттық аймақтарға құмар келеді. Өйткені ол жақта теңіз бар. Бірақ тарихи, діни, гастрономиялық, мәдени туризмге қызығатындар үшін елдің батысы да, шығысы да қызық деп білеміз. [caption id="attachment_201942" align="alignnone" > «Ұлы жами» мешітінде исламның сунниттік бағытының төрт мазхабы медреселері болыпты. Осы медреселерде бұрын 1 млн 40 мың кітап болған деседі.[/caption] Диярбакырда жүргенімізде бірде-бір еуропалықты немесе ТМД азаматын кездестірмедік. Бұрын полицей болып қызмет істеген азамат қалада Қазақстаннан келген бірер азамат бар екенін айтты. Түркия азаматына тұрмысқа шығып, осынида келіп қалса керек. Бірақ біз оны іздеп жатпадық. Оның жеке өмірі қызықтыра қоймады. [caption id="attachment_201943" align="alignnone" > Мешіт ауласында «кибернетиканың атасы» саналатын әл-Жазаридің өзі жасаған Күн сағаты тұр. Әл-Жазари 1206 жылы «Китаб фи марифат аль-хиял аль-хандасийя» деген еңбек жазған. Онда 50 механизм сипатталған. Сол заманның роботтарын құрастырған адам ғой.[/caption] Диярбакыр ежелгі Ассирия, Мидия, Парсы империясы, Александр Македонский империясы, Рим және Сасани империялары тәрізді ірі мемлекеттердің құрамында болған қала. Мұнда ежелгі діндер де тоғысқан екен. Өңірді аралаған адам көне діни ғимараттың үстіне жаңа діннің нысаны салынатынын байқайды. [caption id="attachment_201945" align="alignnone" > Сирағы бар мұнараны кім көрді? Диярбакырда ол да бар.[/caption] Айталық, қаладағы «Ұлы жами» мешіті бұрын христиандардың шіркеуі болыпты. Кейін мешітке айналса керек. Қаланы 639 жылы Омар халифаның заманында әйгілі ислам қолбасшысы Халид бин Уәли ислам халифатының құрамына қосыпты. [caption id="attachment_201946" align="alignnone" > Әйгілі Тигр өзеніндегі салынғанына 1000 жылдай болған «Он көзді» көпір.[/caption] Ал "Ұлы жамиді" 1091 жылы Салжұқ сұлтаны Мәлікшах салғызған дейді. Әрине, кейін бүлінген екен, бірақ аймақта билік құрған өзге мұсылман мемлекеттері жөндеп, күтіп баптап отырыпты. [caption id="attachment_201959" align="alignnone" > Құран мен Інжілде аты аталатын Әл Йаса пайғамбардың зираты.[/caption] ТҮЙІН. Түркия туризмді дамытуды одан әрмен жалғастырмақ ниетте. Курорттық аймақтардан бөлек, тарихи орындарға да айрықша назар аударып жатыр. Біздің бұл аймаққа ат басын бұруымызға да Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі себепші болды. Өңірге адамзат тарихына қызығатындарды тартудың жолын қарастырып жатса керек. [caption id="attachment_201961" align="alignnone" > Тигр өзенінде 1997 жылы осы су қоймасы салынған. Пайғамбарлар зираты су астында қалатындықтан, 1995 жылы дін ғұламалары әл-Йаса мен Зүлкфил пайғамбарлардың зиратын биік төбеге тасып, сонда қайта жерлепті. Қайта жерлеу рәсіміне қатысқандар пайғамбарлардың денесі бүлінбегенін айтады.[/caption] Алайда Орталық Азия елдерінің ешқайсысынан, тіпті Әзербайжанның өзінен оңтүстік-шығыс Анадолыға тікелей әуе рейсі жоқ. Ал Ыстамбұлдан Диярбакырға дейінгі ұшақ құны 37 мың теңгеден 41 мың теңге немесе 1 450-1 600 түрік лирасы аралығында. [caption id="attachment_201962" align="alignnone" > Көне Дара қалашығы. Түркияның Мардин провинциясында орналасқан. Қалашық Ахеменидтер патшасы І Даридің құрметіне салынған деседі. Ал І Дарий б.з.д 522-486 жылдары билік құрған.[/caption] Бір сөзбен айтқанда, 1 500 шақырымға жуық жерге бару үшін тым қымбат баға емес. Ең арзан қонақүйдің бағасы тәулігіне 10 мың теңге шамасында. Бәлкім, күндердің күнінде all-inclusive турлар пайда болуы мүмкін. Түркия дәл осы бағытқа көңіл аудара бастапты. [caption id="attachment_201963" align="alignnone" > Тигр өзенінің жағасында ежелгі Хасанкейф қалашығы бар. Бірақ Хасанкейф су қоймасын салған кезде көне үңгір-үйлердің бірқатары мен жағалаудағы ауылдар су астында қалған. Дегенмен тарихи орындардың көбі сақталыпты. Үңірлердегі бұл үйлер Шумер, Ассирия, Вавилион дәуірінен сақталған деседі. 4 000-нан астам үңгір болыпты. Қазір бұл аймаққа туристер жиі келеді. Тіпті, ежелгі үңгірлердің бірін қонақүй етіп тастаған. 11 бөлмесі бар екен.Хасанкейф Түркияның Батман провинциясында орналасқан.[/caption] Қысқасы, адамзат өркениетінің бесігі саналатын аймақты бір рет болса да көргеннің артықтығы жоқ сияқты. [caption id="attachment_201965" align="alignnone" > Диярбакырда «ИЖ» мотоциклін көріп таңғалдық. Сөйтсек, «КСРО мұрасы» мұнда көп екен.[/caption]