Ядролық қарусыздану саласындағы тарихи оқиға – Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТСШ) қатысушы мемлекеттердің алғашқы кездесуі 2022 жылы 21-23 маусымда Вена қаласында өтеді.
Шарттың 2021 жылы қаңтарда күшіне енуі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ядролық қаруды делигитимациялау – оны заңнан тыс деп жариялау жөнінде нақты шаралар қабылдауға деген шешімін көрсететін, күтілген сигнал болды.
Бұл – ядролық сынақтардың барлық зиянды салдарын бастан кешірген халқымыз үшін ерекше оқиға. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Бүгінде Қазақстан өзінің ядролық зымыран арсеналынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан жауапты мемлекет ретінде бүкіл әлем үшін мысал және үлгі».
Жарты ғасыр бойы біздің кең байтақ даламыз атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтарынан дірілдеп тұрды. «Ядролық Молох» кейбір мемлекеттердің аумақтарымен шамалас, ауданы 18 мың шаршы шақырымнан астам полигонның жанында тұрған бір жарым миллионға жуық қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер еткені рас. Қазақстанның шығыс бөлігіндегі аталған аудандардың радиациялық залалдану салдары бүгінгі күнге дейін сезіліп келеді.
Қазақстанның бастамасы бойынша Семей полигонының жабылған күніне орай – 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. 2019 жылы бұл күннің символдық мәні туралы айта отырып, Қазақстан БҰҰ Хатшылығына ЯҚТСШ ратификациялау туралы құралды депозитарий ретінде тапсырды.
КСРО тарағаннан кейін оның ядролық арсеналының едәуір бөлігін мұраға қалдыра отырып, Қазақстан әлемнің 4-ші ядролық державасы болудан өз еркімен бас тартты және 1993 жылы ядролық қаруы жоқ мемлекет мәртебесімен Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылды. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт ЯҚТШ-ны қолдау үшін әзірленгенін және оның ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және тұтастай алғанда халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзекті маңызын толықтыратынын атап өткім келеді.
Шын мәнінде, ЯҚТСШ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігінің ядролық қарусыздану жөніндегі ЯҚТШ-ның VI бабын қоса алғанда, бірқатар халықаралық шарттар мен құжаттарда бекітілген өз міндеттемелерін ядролық елдердің елемеуіне қанағаттанбауының көрінісі. Осы себепті, біз шартты 2022 жылдың тамызында ЯҚТШ-ға шолу конференциясының қорытынды құжатында атап өткен жөн деп санаймыз.
Шарт ядролық қарусыздану саласындағы бірқатар міндетті құқықтық новеллаларды бекітеді. Адамзат тарихында алғаш рет ядролық қару заңсыз деп танылды. Өз аумағында ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш құрылғыларды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге, сақтауға және орналастыруға, сондай-ақ оны пайдалану қатерін қолдануға тыйым салынады.
Ядролық қаруы бар ел, егер ол өзінің ядролық қаруы мен жеткізу жүйесін заңды күші бар, верификацияланатын, уақыт бойынша шектелген жоспарларға сәйкес жоюға келіссе, ЯҚТСШ-ға қосыла алады. Сол сияқты, егер оны шығаруға келісім беретін болса, онда аумағында ядролық қару орналасқан ел де оған қосыла алады. Шартта қарусыздану жөніндегі уақыт шектері немесе нақты шаралар жазылмаған, өйткені оларды қатысушы мемлекеттер ЯҚТСШ-ның бірінші конференциясының қорытындысы бойынша бекіту жоспарланып отыр.
Қазақстанның белсенді қатысуы ЯҚТСШ-ның бірінші конференциясына дайындық процесіне серпін берді. Еліміздің осы процеске қосқан ең маңызды үлесі мазмұнды шешімдердің «фасилитаторы» (жолсерігі) ретіндегі қызметі болды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Кирибатидің (Тынық мұхитындағы осы арал мемлекетінің аумағында Америкалық және Британдық ядролық қаруға 39 сынақ жүргізілді) бастамасы бойынша Шарттың 6 және 7-баптарына сәйкес, ядролық сынақтардың және ядролық қаруды қолданудың құрбандарына қолдау көрсету, қоршаған ортаны қалпына келтіру бөлігіндегі оң міндеттемелер мәселесі жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды.
ЯҚТСШ шеңберіндегі оң міндеттемелер тораптық аспектілерге жатады және өткен уақытта ядролық қаруды пайдалану мен сынаудан келтірілген зардапты жоюға, сондай-ақ болашақта болуы мүмкін залалды болдырмауға бағытталған.
Бұл бастаманың орта мерзімді мақсаты – қажеттіліктерді бағалау, бағдарламалық қамтамасыз ету шаралары және осы мақсаттардағы халықаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, құрбандарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобаларды қаржыландыруға арналған Халықаралық сенім қорын құру. Арнайы білімді, материалдар мен жабдықтарды талап ететін жұмысты қаржыландыру (қатысушы мемлекеттерден және, мүмкін, ЯҚТСШ мен ҮЕҰ-ға, меценаттар мен жеке тұлғаларға қатысы жоқ мемлекеттерден тартылатын) көздерін анықтау тетігі талқылануда. Бұл ұсыныс сарапшылар қауымдастығы мен академиялық топтар арасында қолдау тапқанын атап өткен жөн болар.
Қазақстанның және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қаржылық қолдауымен ядролық сынақтардан зардап шеккен қазақстандықтар және Тынық мұхит аймағындағы арал мемлекеттердің жастары ЯҚТШ-тың бірінші конференциясына қатыса алады және ядролық қаруды сынау салдары қандай қасірет әкелуі мүмкін екеніне назар аудару үшін жоғары халықаралық трибуна арқылы өз тарихымен бөлісе алады.
ЯҚТСШ-ның оң міндеттемелерінің Орталық Азия үшін практикалық маңызы бар. ЯҚТСШ-ның 7-бабына сәйкес мемлекеттер жоғарыда көрсетілген ережелерді іске асыру үшін Шартқа басқа қатысушылардың және халықаралық құрылымдардың көмегін тарта алады. Өңіріміздің бірқатар елдеріндегі уран қалдыққоймаларының қазіргі мәселелерін ескере отырып, бұл норма қалдыққоймаларды қалпына келтіруге және уран кеніштеріне жақын жерде өмір сүретін халыққа алдын алу шараларын іске асыру бойынша көмек көрсетуге басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан донорлық қаражат тарту үшін жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Сондықтан Қазақстан ТМД кеңістігінде ЯҚТСШ-ға қосылған жалғыз мемлекет бола отырып, құжатты әмбебаптандыру жөніндегі 11-бапқа сәйкес, оның қатысушыларының құрамын, бірінші кезекте, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ (ОАЯҚАА) елдері қатарын кеңейту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2006 жылғы Семей шартына сәйкес өңірдегі көршілес елдермен бірлесіп құрған ОАЯҚАА – Солтүстік жарты шардағы осындай алғашқы және қазіргі таңда жалғыз аймақ болып отыр. Ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық қаруды осы Шартқа қатысушыларға қарсы қолданбауға міндеттелетін жағымсыз кепілдіктер туралы Хаттама оған негізгі толықтыру болды. Осыған байланысты біз Ұлыбританияға, Қытайға, Ресейге және Францияға осы маңызды құжатты ратификациялауды аяқтағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Былтыр Шарттың тараптары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлері Шарттың 15 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме жасады, онда олар Шарттың ережелеріне мызғымас бейілділігін растады және америкалық серіктестерді Хаттаманы мүмкіндігінше тезірек ратификациялауға шақырды.
Бүкіл әлем бойынша Ядролық қарусыз аймақтарға қатысушылар ядролық қарусыздану үдерісінің алдыңғы қатарында тұр. Ядролық қарудан азат аймақтарды құрудың негізгі мақсаттары мен міндеттері ЯҚТСШ қағидаттары мен философиясына сәйкес келеді. Бұл Семей шартына қатысушы мемлекет өзіне қосымша ауыртпалық түсіретін міндеттемелерді қабылдамай, ЯҚТСШ-ға қосыла алатындығын білдіреді. Бұдан басқа, егер Семей шартына қатысушы мемлекет шарт ережелерін жүзеге асыру мақсатында тиісті ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаған болса, онда бұл ЯҚТСШ-ға қосылу арқылы мемлекет өзіне қабылдайтын міндеттемелерді орындауға жеткілікті болуы мүмкін. Мұны ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы жетекші халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар растап отыр.
Сондай-ақ ЯҚТСШ әлемнің әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде өз елдерінің үкіметтері мен парламенттерін шартқа қосылуға шақыратын азаматтық қоғамның күш-жігері арқасында танымал бола бастағанын ерекше атап өткен жөн. Қазақстан бірқатар еуропалық елдердің (Швейцария, Швеция және Финляндия) шешімін, оның ішінде НАТО мүшелерінің (Германия және Норвегия) ЯҚТСШ-ға қатысушы мемлекеттердің Бірінші конференциясына бақылаушы ретінде қатысу ниетін құптайды.
Шарт – біздің ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі алдағы күш-жігеріміз үшін тағы бір тиімді платформа. Қазақстан адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпақтары алдында жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсетуді жалғастырады.
Осы тұрғыда Қазақстанның бастамасы бойынша 2015 жылғы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында қабылданған БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын да атап өтпеуге болмайды. Жалпыға бірдей декларация ядролық қаруды қолдануға немесе қолдану қаупіне қарсы жалғыз абсолютті кепілдік ретінде ядролық қаруды толық жоюға шақырады.
Былтыр қарар бұл процестің оң динамикасын көрсете отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің 141 дауысының рекордтық санын жинады. Ядролық қаруы бар Үндістан мен Солтүстік Корея мемлекеттерінің, сондай-ақ қарардың тең авторларының қатарында болған Иранның қолдауы ерекше назар аударды.
Ядролық қаруды халықаралық құқық шеңберінен тыс деп жариялау аясында ядролық қаруы бар мемлекеттерді ядролық қарусыздану саласындағы жедел және шұғыл қадамдарға шақыру айтарлықтай күшейеді. Осы мақсатта Қазақстан ядролық елдер мен ЯҚТСШ-ны қолдаушылардың ұстанымдарын жақындастыру және олардың арасындағы сенімді нығайту үшін ұдайы диалогқа шақырады, бұл қазіргі күрделі геосаяси жағдайларда аса қажет. Мұндай жұмыс еліміз 77-ші сессия барысында төрағалық ететін Бас Ассамблеяның Бірінші комитетін қоса алғанда, БҰҰ шеңберіндегі ядролық қарусыздану және бейіндік алаңдар жөніндегі Стокгольм бастамасы шеңберінде де жүргізілуде.
ЯҚТСШ-ға қол қоюдың ашылуы және оның күшіне енуі көптеген елдерге бүгінде ауыр дағдарысты бастан кешіріп жатқан қауіпсіз және ақылға қонымды әлемді қалыптастыруға қосымша үміт берді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш атап өткендей, бүгінде әлемде 13 400-ге жуық ядролық оқтұмсық таралған кезде, ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі қырғиқабақ соғыстың ең ауыр күндеріне қарағанда шынайы бола бастады. Украинадағы қазіргі әскери қақтығыс, ядролық қаруды қайтару туралы әңгімелер және оны қолданудың қауіптері бізді адамзаттың ұжымдық осалдығы туралы және қырғынға ұшырататын қаруға тыйым салу мен жоюдың шұғыл қажеттілігі туралы ойлануға мәжбүр етеді.
Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан практикалық үлесі халықтар мен үкіметтерді өзара сенімді нығайту негізінде планетамызды ядролық өзін-өзі жою қатерінен арылту үшін күш-жігерді екі есе арттыруға шақыруға моральдық құқық береді. Осыны ескере отырып, Қазақстан 2022 жылы ЯҚТСШ-ның Бірінші кездесуінің төрағасының орынбасары және 2024-2026 жылдар кезеңінде Үшінші кездесуінің төрағасы лауазымына өз кандидатурасын ұсынды.
Біз барлық мемлекеттерді, соның ішінде ядролық державаларды, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай, 2045 жылға дейін ядролық қаруды толық жоюдың кезеңдік жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Осы мақсатқа қол жеткізу туралы ұсыныстар мен уағдаластықтар ЯҚТСШ-ның бірінші конференциясының да, ЯҚТШ-ның шолу конференциясының да қорытынды құжаттарында көрсетілуі мүмкін.
Қазақстан осы игі мақсатқа қол жеткізу жолында көптеген саяси және техникалық кедергілер бар екенін түсінеді. Осы бағытта практикалық жұмысқа кірісуді қажет деп санаймыз.
Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ,
Премьер-Министрдің орынбасары –
Сыртқы істер министрі