Бір үйдің баласындай

Бір үйдің баласындай

Елдің тұрақтылығы мен бақуаттылығы халқының тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру ортасындағы көңіл күйіне тікелей байланысты. Ашу мен қорқынышта өмір сүретін елде тәртіп орнамайды. Бейбітшілік пен келісім болған елдің ертеңі жарқын, халқы алаңсыз өмір сүреді. Осындай ұранмен құрылған «Еуропа-Азия Бейбітшілік және келісім маршы» Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы сапарға аттанбақ. Кеше елордадағы Достық үйінде «Еуропа-Азия Бейбітшілік және келісім маршы» халықаралық жобасы аясында мәдени-бұ­қаралық іс-шара өтті. Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері, Бейбітшілік және келісім маршының атқарушы комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шара екі күнге созылмақ. Бірінші күні ұйымдас­тырушылар баспасөз өкілдеріне шерудің алға қойған міндетін түсіндіріп, артынша қатысушылар дөңгелек үстелде марштың маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды. Бұдан кейін бірнеше министрліктің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «AMANAT» партиясы жанындағы Жастар қанатының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы қызметкерлері шерудің қатысушыларымен бірге арнайы дайындалған концертті тамашалады. «Бүкіл елдің халқы бір үйдің баласындай бірлікте өмір сүргенін қалаймын. Ұлт пен дінге бөлінбей, ынтымақта, ұйымшылдықта өмір сүруге шақырамын. Ұрпағымыз бейбіт елде тату-тәтті өмір сүру үшін шараға қатысуға бірден келістім. Өзіммен бірге екі баламды да алып келдім», – дейді бес баланың анасы, шеруге қатысу­шы Динара Әкімбекова. Ол ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін марш туралы құрбысынан естіп, біліпті. Ал Өзбекстан азама­ты Әлішер Мирахмедов Нұр-Сұлтан қаласына келгеніне қуаныш­ты екенін жеткізді. Халық дос­тығын әспеттейтін қозғалыстың шеруіне қатысатынын мақтаныш ететінін айтқан ол: «Мені бұл маршқа қатысуға ешкім үгіттеген жоқ. Қозғалыстың мақсаты мен идеясын естіген кезде бірден қатысуға шешім қабылдадым» деп отыр. Қозғалыстың Қырғыз Респуб­ликасындағы жетекшісі Мээрим Эсеналиева шерудің жоғары деңгейде өтуі үшін өз еліндегі мемлекеттік ұйымдар да жан-жақты қолдау көрсеткенін алға тартты. Айтуынша, адамның бақытты ғұмыр кешуі ұлттың тілі мен дініне, дәстүріне қарамайды. Ең маңыз­дысы, әрбір адамның жүрегі «бейбітшілік» деп соққанда ғана қой үстінде бозторғай ұялаған тыныш заман орнайды. «Ең басты ұстанымымыз – халықты бейбітшілік пен келісімге шақыру. Сіз­дерді 9 шілде күні Бішкекте асыға күтетін боламыз», – деді Мээрим Тұрарбекқызы. Бейбітшілік және келісім маршының атқарушы директоры Руслан Абдуллиннің айтуынша, шеруді ұйымдастырушылар жеті жыл бойы дайындалыпты. Бірінші кезеңде олар Еуропа мен Азия­ның бірнеше қаласында болады. Атап айтқанда, Қазақстанның – 10, Қырғыз Республикасының – 1 және Ресейдің 5 қаласын аралайды. Шеруге 46 адам өтініш білдірсе, Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы шараға 28 адам келді. Қатысушылардың санына шектеу жоқ. Өйткені халықтар арасындағы достықтың жалауын желбіретіп, ұлттар арасындағы махаббатты оятқысы келетін кез келген адамның шеруге қатысуға мүмкіндігі бар. «Біздің марш саясат пен діни ұрансыз өтеді. Тағы бір айтарымыз, марш мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Өйт­кені халықтық марш халықтың өз ақшасына ғана өткізіледі. Халық өзі ұйымдастырып, өзі қар­жылай қолдау білдіріп отыр. Бірақ ұйым­дастыру ісі мемлекеттік ұйымның көмегімен іске асқанын баса айту керек. Кез келген қоғамдық істің жүзеге асуына мемлекет­тің қолдауы маңызды. Марштың дайын­дық жұмыстарына қол ұшын берген Нұр-Сұлтан қа­ласы әкімдігіне алғыс білдіре­мін. Соның арқасында елорданың төріндегі Достық үйінде шеруімізді бас­тағалы отырмыз», – деді Руслан Абдуллин. Бұдан бө­лек, ол марштың тағы бір пайда­сы – отандық кәсіпкерлердің өнімін жарнамалауға мүмкіндік бар. Мысалы, ешбір елде жоқ табиғи денсаулыққа пайдалы ZHANTAQ өнімінің өркен жайып, әлемдік брендке айналуына шеру қа­ты­сушылары барынша қолдау көрсетпек.