Ел жүрегі – Елорда

Ел жүрегі – Елорда

Алатаудың төсінен Сарыарқаның сайын даласына астананы көшіргенімізге де биыл – 24 жыл. Қас-қағым уақыттың ішінде еңсесін тіктеген елордамыз бүгінде әлем мойындаған қалалардың біріне айналып үлгерді. Жыл санап көркейіп жатқан қаланың бүгініне бір көз шалып өтсек Арқа ажары арта түсті Бас қала бүгінгі күні маңызды халықаралық басқосулардың ордасына айналды. Еңсесін енді ғана тіктеген алғашқы жылдардың өзінде ғана әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, ғаламдық мәселелердің шешілуін осы қалада талқылады. Атап айтсақ, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, қысқы Азиада ойындары, Шанхай әріптестік ұйымының саммиті, Әлемдік діндер басшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, «EXPO–2017», Сирия ісіне байланысты Астана процесі секілді көптеген маңыз­ды шара елорда төрінде өтті. Көз алдымызда арқаның ажары болатын зәулім ғимараттар мен мә­дени ошақтар күн сайын көбейіп жатыр. Әлемдік ғимараттардан қа­лыспайтын жаңа заманауи үйлер мен сауда орталықтары, демалыс орын­дарының саны артты. Елордамыздың символына айналған «Бәйтерек» мо­нументі, «Хан Шатыр», «Думан» сау­да-ойын-сауық орталықтары, Бей­біт­шілік және келісім сарайы, Ми­нистр­ліктер үйі, Қазмұнайгаз, Қа­­зақстан темір жолы, «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемо­риал­ды және «Қа­зақ елі» мемо­риал­ды, «Отан-Ана» секілді кешендер бой көтерді. Со­ны­мен бірге әлемнің ең көрікті 10 ме­ші­тінің қатарына кіретін «Әзірет Сұлтан» мешіті де астана­мыз­дың ажарына көрік беріп, халықтың рухани кемел­денуіне зор септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ қала қонақтары мен тұрғындардың демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында саябақтар­дың саны да артты. Соңғы бірер жыл­дың өзінде қаланың іші-сыр­тында халықтың уақытын тиімді жұмсап, спортпен шұғылдану үшін түрлі буль­вар мен сквер салынып жа­тыр. Қала тұрғындары мен қонақ­тары үшін алғаш рет А.Мәм­бетов көшесінде Demalys Promenade де­ма­лыс күнінің бірінші көшесі, «Теат­ральный» жаяу бульвары, NS street life көше спор­тының колизейі ашыл­ды. «Нұр-Сұл­тан – жайлы қала» мас­тер – жоспары аясында жүйелі негізде аулалар мен қоғамдық кеңіс­тіктерді абаттандыру жалғасын та­уып жатыр. Бұдан басқа, Есіл өзені жағалауының бойындағы саябақ, «Атырау» көпірінің астында және «Ататүрік» атындағы саябақта скейт-алаңдар салынды. Мемлекет бас­шысының бұқаралық спортты на­сихаттау жөніндегі тапсырмасы ая­сында Студенттер саябағында NS street life көше спортының колизейі орнатылса, Есіл өзенінің жағала­уын­да Триатлон-саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қарайтын оқшауланған арал­да жаб­­дықталған. Сонымен қатар әр маман­дыққа деген құрметтің белгісі ретінде дәрігерлер аллеясы, құтқару­шылар саябағы да ашылды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары 500-ден ас­там аула мен қоғамдық кеңістік абат­танды­рыл­ған. Мысалы, өткен жылы елор­да­да алғаш рет баскетбол, футбол алаң­дары, үстел теннисіне арналған аймақтар, workout-ай­мақтар, скейт-аймақ және басқалары орналасқан көпірасты кеңістіктері пайда болды. Осындай жаңа қоғам­дық кеңістікті ашу идеясы спортпен айналысу үшін жағымды атмосфера құру, басымдық бұқаралық спортты дамытуға жол ашпақ. Күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны айтарлықтай азай­ды. Балалар жылы аясында тозығы шыққан ескі балалар алаңқайларына да күрделі жөндеу жұмысы жүргі­зі­лу­де. Былтырдың өзінде қалада осындай 200-ге жуық аула мен қоғамдық ке­ңістік абат­тандырылса, бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Мұндай қоғамдық кеңістіктер бүлдіршіндер мен жастар үшін де, аға буын үшін де уақытын пайдалы өткізетін тартымды орта­лықтарға айналып келеді. Сонымен бірге елорда маңын­дағы жас желек ағаштар бұл күнде бас қаланы жел-құздан қорғайтын әрі демалатын жасыл орманға айнал­дырды. Оның ішінде Сарыарқа та­биғатына төзімді аң-құстардың басы көбейтілуде. Ажары ай сайын құл­пы­ра түскен қалаға қонақ болып кел­ген туристердің жақсы демалу­ларына жағдай жасайтын саябақтар мен демалыс орындары бір бөлек болса, келіп-кетуіне де барынша жағ­дай жасалған. Бұрын қала қонақ­тарына бір ғана теміржол вокзалы қызмет көрсетсе, қазір «Нұрлы жол» вокза­лында да жолаушылардың ағыны көбейгенін аңғаруға болады. Был­тыр­дан бері елордалықтар газ құбырының да қызығын көре бастады. Өңірлер де өркендеуге үлес қосты Орайы келгенде айта кеткен жөн, елорда күнінде әр облыс өз атынан тамаша сый жасау дәстүрге айналды. Мәселен, Алматы облысы қаладағы «Жетісу» саябағын, Атырау облысы «Атырау» көпірін тарту етті. Әрине, бұл біз айтып отырған өңір­лердің бас қалаға тарту еткен бір-екі мысалы ғана. Сондай-ақ жыл сайын аймақтар жетістіктерін еліміздің бас қаласына арнап, елордаға келіп, мәдени өнер туындыларын көрсетіп жатады. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, еліміздің барлық өңірі Нұр-Сұлтан қаласының өркенде­уіне өздігінше үлес қосты. Бүгінде бас қа­ламыз барша жұртымыздың ын­ты­мақ-бірлігінің символына айналды. Қала қарсаңында жыл сайын жүздеген адам елорданың төрінен үйлі болып жатыр. Күні кеше ғана кезекте тұрған 300-ден астам адам мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілті табысталды. Кезекте тұрған­дар­дың арасында жетім балалар, толық емес отбасылар, ерекше қажетті­лік­тері бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған, сондай-ақ көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зей­неткерлер бар. Пәтерлердің бір бө­лігі жұмыс істейтін жастарға арнал­ған бағдарлама бойынша берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді әлеу­меттік тұрғын үй құрылысының кө­лемі ұлғайтылды. Мысалы, 2018 жылы – 1 100 пәтер, 2019 жылы – 2 900 пәтер, 2020 жылы – 7 000 пәтер, 2021 жылы шамамен 10 000 пәтер са­лынды. Сонымен бірге елорда кү­ніне орай Saz alemi музыкалық білім беру мектебі мен балаларға арналған Asyl mura орталығы ашылды. Елдің жүрегі елордамыздың ме­рекесін мазмұнды өткізу маңызды. Биыл елорда күнін мерекелеудің дәстүрлі форматы қайта қаралып, қажетсіз және қымбат шаралар қа­тары азайыпты. Әйтсе де, әкімдіктің бұл жылы қала қонақтары мен тұр­ғын­дарына тартуы көп. Бірінші, бар­­лық қала тұрғындарын белсенді тарту мүмкіндігі ескеріліп, түрлі фор­мат­тағы бұқаралық іс-шаралар ке­шені жасалыпты. Мысалы, тұр­ғын­дарға арналған бұқаралық, спорт­тық және мәдени іс-шаралар өтеді. Екінші, әлеуметтік осал санат­тарды қолдау бойынша қайырым­ды­лық және әлеу­меттік акциялар ұйым­дастырылады. Халықтың әлеу­меттік осал топта­рынан шыққан ба­лалар үшін лагерь­лерге тегін жол­дамалар үлестіріліп, аз қамтылған 100 отбасының балалары үшін тегін цирк қойылымы ұйым­дастырылады. Үшінші, мерекелік датаға орайлас­тырылған өнеркә­сіптік, әлеуметтік және мәдени ны­сандардың тұсауы кесіліп, халықтың пайдалануына берілмек. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орын­ба­сары Нұран Қамзиннің айтуынша, биыл қала күніне орай 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Оның ішінде театрлар, кітапханалар мен концерт­тік орталықтарда ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде 39 театрландырылған қойы­лым және 5 премьера, оннан астам концерт пен көрме, дөңгелек үстел­дер бар. «Бүгінге дейін өткен ауқым­ды іс-шаралардың арасында ақындар мүшәйрасы, Қазақстан барысы, Батырхан Шүкеновті еске алу кеші, жас домбырашылардың орындауы мен сурет көрмесі өтті. Енді фи­лармония және цирк ұжымдарының қатысуымен республикалық оңалту орталықтарында қайырымдылық концерті, «Қазанат» ипподромында аламан бәйге болады. 4 шілде күні орталық саябақта басталған ойын-сауық бағдарламалары жалғасын табады. Кешкі уақытта «Астана аре­на» стадионында қазақ эстрада ән­шілерінің «Халықпен бірге» концерті өтеді», – дейді Нұран Қамзин. Сон­дай-ақ ол биыл шетелден әншілер шақыртылмағанын айтты. Оның орнына әкімдік қайырымдылық шараларға көбірек көңіл бөлген.