Бірер күн бұрын Алматыда синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана анықталғаны туралы хабар тарады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті 4 ақпан күні жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында табылған 5 келі синтетикалық есірткі мен 1 келі және 260 литрге жуық химиялық қоспаны сот-химиялық сараптамаға жолдаған. Жүйкеге әсер ететін дайын өнім интернет-ресурстар арқылы және байланыссыз тәсілмен таратылғаны мәлім болды. Иә, соңғы кездері синтетикалық негіздегі есірткі заттарын дайындап, «қара нарыққа» шығару оқиғалары жиілеген. Тек 2019 жылдың өзінде ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткі құралдарының заңсыз айналымының 13 оқиғасын анықтап, жолын кескен. Есірткі бизнесімен айналысқан 11 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал республика көлемінде былтыр 14 мыңнан артық интернет-ресурсы қызметіне тосқауыл қойылған. Әуежайлар мен вокзалдарда қызметтік иттердің көмегімен 150-ден аса есірткі тасымалдау оқиғасының жолы кесіліпті.
ҚАЗАҚСТАН – ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛЫНДА ТРАНЗИТТІ МЕМЛЕКЕТ
Қазақстан есірткі өндіретін елдердің санатында жоқ. Рас, Шу өңірінде өздігінен өсетін жабайы қарасора өсімдігінің алқабы – өзімізге «әйгілі» болғанымен, әлемдік нарықта аты аталмайтын орын. Дегенмен мамандардың есептеуіне қарағанда, өңірде жыл сайын 24 мың тоннаға жуық қарасора өсіп шығады. Яғни, ол 4 мың тонна марихуаны (ресми атауы каннабис) немесе 4 тонна гашиш дайындауға мүмкіндік береді-мыс. Иә, есірткі өндіретін елге жатпағанымызбен, оның бизнесі біз үшін маңызды тақырып. Ең алдымен, Қазақстан есірткі тасымалының жолында жатқан транзитті мемлекет. Заманында Ресей патшалығы қазақ даласына «Орталық Азияға ашылған терезе» деп қараса, қазіргі күні ол терезе есірткі саудасының дәлізіне айналғаны белгілі. Ауғанстаннан сыртқа тасымалданатын есірткі өнімдері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы арқылы бізге қарай асып, одан әрі Ресейге және басқа да ЕО елдеріне саудаланады. Айта кетейік, жер бетіндегі апиын көкнарының 90%-ы Ауғанстанда өсіріледі. Республиканың оңтүстігіндегі Гильменд және Кандагар өлкесінде бір ғана героиннің 700 тоннасы өндіріледі екен. Бұл көлем жыл сайын есірткі саудасымен шұғылданатын топтарға 70 млрд доллар қаражат түсіріп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылғы баяндамасында Ауғанстанда еселеп өндіріліп жатқан есірткі салдарынан Орта Азия, Ресей, Шығыс Еуропада қара базарлар саны көбейіп кеткені айтылды. Осының салдарынан аталған аймақтарда есірткіге тәуелділердің қатары да көбейе түсуде.ЕСІРТКІНІҢ ҚҰРБАНЫ – ЖАСТАР
Сөз жоқ, есірткі саудасының «керуен жолында» отырғандықтан зардабы да үлкен. Әдетте, есірткі өніміне деген қызығушылық 15-тен 35-ке дейінгі жас аралығындағы топты қамтиды. Мамандар, есірткіге әуестік 21 жасқа дейінгілерде жиі кездесетінін айтады. Оны саудалаушылардың «аулайтыны» да жасөсіпірімдер мен жастар. Ресми деректерде еліміздегі есірткі өнімдеріне тәуелді жандардың саны 450 мыңнан асып кеткені көрсетіледі, әйтсе де бұл есепке әуесқойлар кірмейтінін де айта кеткеніміз жөн. Өкінішке қарай, есірткінің жарнамасы мен саудасын қыздыруда жастар көп қолданатын әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар үлкен рөлге ие болып кетті. Кейінгі жылдары әлемде DarkNet (жасырын, көлеңкелі бағыттағы желілік сайттар) арқылы есірткі өнімін саудалау көбейген. 2018 жылы Ресейде, Иранда байқалған құбылыс былтыр біздің елде де жиі тіркелді. Былтыр Қазақстанда (Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында) DarkNet қолданушылар саны 7 мыңға жеткені анықталып отыр. Сондай-ақ зиянды заттар туралы жарнамалық бағыттағы мәліметтер өзге де арнайы сайттар мен Telegram-арналары арқылы таратылып, саудалау көбейген. Оған бір себеп – Еуразиялық Экономикалық Одақтағы Ресей, Беларусь елдері синтетикалық есірткі саудасына қатысты заңдарына осыдан біраз жыл бұрын түзету енгізіп алғандықтан, аталған нарықтағы алыпсатарлар бізге ауыса бастады. Дегенмен 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қ.Тоқаев есірткі саудасы және өзге де ауыр қылмыстарға жазаны күшейтуді шұғыл қарастыруды тапсырған болатын. Жыл аяғында жаңа заң нормалары енгізілді.СОТТАЛУШЫЛАР САНЫ ЕСІРТКІНІҢ ЕСЕБІНЕН КӨБЕЮДЕ
Иә, елімізде заңсыз есірткі насихаты мен жарнама үшін жаңа бап енгізілді, бұдан былай бұрынғыдай айыппұл төлеп құтылу, қоғамдық жұмыспен өтеу деген жоқ. Бірден бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Заңсыз есірткі айналымы үшін электронды ақпарат ресурстарды пайдалану деген саралау белгісі енгізілмек. Ондай қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Әрине, ауыр қылмыстың жазасы да жеңіл болмауы тиіс. Десек те, қоғамға дендеп енген зауалдың зардабын тек заң жүзінде жою мүмкін емес. Себебі соңғы жылдары еліміздегі түрмелерде сотталушылар саны азайғаны туралы мәлімет жиі айтылғанымен, істі болғандардың 30% -ға жуығының есірткіге қатысы бары анықталған. Оның үстіне, есірткі қылмысымен ұсталып, түзету мекемесіне қамалғандардың дені есірткіге тәуелділер. Ал оны таратушылар, саудалаушылар (бары́галар) «құрыққа іліне бермейді». Сондай-ақ есірткіге тәуелділер түрмеде негізінен түрлі іске машықтанып алатын көрінеді. Мысалы, нарды ойынының ағашын, пышақтың сабын жасайтын қолөнершілер де солар. Яғни, есірткі заттары ол жақта есеп айырысу мен еңбекақының негізгі құралы саналады. Екіншіден, қылмыстың қай түрімен болсын қамалғандардың түрмеден есірткі тұтыну әдетін үйренбей шығуы сирек жағдай. Оған қоса, жазасын өтеп шыққандардың жұмысқа орналасып кетуі де қиын. Түрмеден шыққан адам амал жоқ, есірткі саудасымен айналысып, өзіне «клиент» жинайды. Бір сөзбен айтқанда, есірткіге тәуелділер көбейген сайын абақтыда бос орын болмайды. Демек, бас бостандығынан айыру жазасы апиынға тәуелділіктен ажырата алмайтыны анық.ӘР ЕЛДІҢ ЗАҢЫ БАСҚА
2019 жылы мамыр айында Алматыда өткен XVI Еуразиялық медиафорумда каннабисті (каннабис – конопля өсімдігінен алынатын психоактивті құрал) заңдастыру керек пе деген мәселе көтерілгені есімізде. Сол басқосуда баяндама жасаған шетелдік спикерлердің дерегінше, 2018 жылы АҚШ-та әрбір 7-тұрғын каннабис қолданғаны белгілі болған. Яғни, көптеген мемлекет оған тыйым салған сайын, оны қолданушылар саны азаймай келеді. Жалпы, марихуана «медициналық» (КБР – псхиобелсенді қасиеті жоқ, дәрілік қасиеті бар) және «жиі қолданылатын» (ТНС – психобелсенді қасиеті бар) болып екі түрге бөлінетіні белгілі. Бүгінгі күні медициналық тұрғыда каннабисті әлемнің 40-тан астам елі заңдастырып, пайда тауып отыр. G7 мемлекеттері арасында Канада бірінші болып марихуананы қолдануды заңдастырған. Арнайы заң конопляны сатып, таратуға және белгілі бір деңгейде демалыста көңіл көтеру құралы ретінде де рұқсат береді. 2001 жылы Португалия да жаңа стратегия қабылдап, есірткі, оның ішінде героин қолданатындарды жазаға тартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, есірткі дозасынан және АҚТҚ жұқтырудан болатын өлім-жітім күрт азайған. Бұл тәжірибені бізге енгізу жақсылық әкеледі деп айта алмаспыз. Себебі Португалия мен Қазақстандағы өмір сапасы, халықтың әл-ауқаты бірдей емес. Есірткіге елітіп, оның әсерінен жұбаныш іздеудің өзі әлеуметтік ахуалға байланысты. Оны бір рет тұтынып, жан тыныштығын тапқан кісінің одан біржолата бас тартуы қиын. Сондықтан басқа жолдарын қарастырған жөн. Ал Филиппин елінде жағдай мүлдем басқа. Өткен жылдары елдің президенті Родриго Дутерте есірткі қолданғандар мен таратушыларды сотсыз, тергеусіз бірден атып тастау туралы тапсырма берген. Яғни, полиция қызметкерлері мен арнайы құрылған топ түнде жортқан «наркомандарды» еш куәгерсіз өлтіріп жүре беретін жағдайға жетті. Бір есептен Филиппин – есірткі саудасының негізгі транзиті саналатын ел. 2013 жылы есірткі саудасынан түскен қаражат 8,4 млрд долларды құраған. Бұл Молдова секілді шағын мемлекеттің ЖІӨ көлемінен үлкен қаржы. Дегенмен жоғарыдағы қатаң жаза оң нәтижесін де көрсетіпті. 2016 жылғы дерек бойынша, 660 мың адам өз еркімен емделуге өтініш берген.ТҮЙІН:
Жыл сайын Қазақстанда маусым айы мен қазан айы аралығында «Көкнар» операциясы өткізіледі. ІІМ-нің дерегінше, 2019 жылы 3 ай ішінде полиция қызметкерлері 16,7 тонна есірткі заттарын тәркілеген. Алайда түпкілікті тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Ашығын айту керек, есірткіге қарсы күрестің барлығы бірдей нәтиже бере бермейді. Өйткені оған қарсы күрестің өзі – үлкен ақша. Яғни, есірткі саудасы мен қылмысына қарсы күреске мемлекеттен бөлінетін қаржы мен «қара нарық» саудасында айналыста жүрген есепсіз қаражат жатыр. Бұл жолда да күштік құрылымдар мен лоббистер белгілі бір деңгейде пайда тауып отырғаны анық. Сондықтан есірткі тұтынушы адамға қылмыскер деп емес, емделуші деп қараған жөн секілді...