Алматыдағы Медеу ауданы тұрғындары мүлік салығы бойынша 77,8 миллион теңге қарыз. Оның 31 миллион теңгесі элиталық тұрғын үй кешендерінде орналасқан пәтер иелеріне тиесілі. Атап айтқанда, «Европолис» тұрғын үй кешеніндегі 39 пәтердің қарызы 3,2 миллион теңге, «Koktobe city» тұрғын үй кешені – 2,9 миллион теңге, «ILe De France» ТК 2,5 миллион теңге, «Exclusive Residence пен «Тау Шатыры» ТК тұрғындары қарызы 1,8 миллион теңгеге жеткен. Борышкерлердің қатарында бір емес, бірнеше пәтерге ие болып отырғандар да кездеседі. Оларға қарыздарын қайтару туралы хабарлама жіберілген. Әйтсе де борышкерлер мемлекет алдындағы берешегін орындауға асығар емес. Қазіргі таңда берешегі бар тұлғалар бойынша іс материалдарын сот орындаушыларына беру туралы салық бұйрықтары әзірленуде. Оларға тиісті шаралар қолданылады. Борышкер салық берешегін төлегеннен кейін сот орындаушыларының қызметтеріне жиналған соманың 25 пайызына дейінгі мөлшерде төлеуге, сондай-ақ әрбір кешіктірілген күн үшін ресми қайта қаржыландыру үстемеақысының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ