Елімізде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оның жетістігі көп болды, бірақ кемшілік-келеңсіздіктерден де кенде емес. Ал биылдан бастап жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы қолға алынды. Былтыр ақпан айының басында Үкімет отырысында бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту туралы тапсырмаларының қалай орындалып жатқаны жөнінде есеп бере келе, жаңадан басталатын «Еңбек 2.0» ұлттық жобасы жайында мәлім етті. Ол бойынша нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың микроқаржылық ұйымдарға қатысты тетіктері жетілдіріліп, жұмыспен қамту туралы деректерді автоматты түрде тексеру тәсілдері енгізілетінін айтты. Осы өзгерістерге сәйкес, микроқаржы ұйымдарының кәсіпкерлерге беретін несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын болды. Сондай-ақ, экс-министр еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде адамдарды қайта енгізуге және еңбек шарттарын қайталап тіркеуге жол бермеу амалдары жасалып жатқанын айтты. Жұмысқа орналастыру деректерін автоматты түрде қайта тексеру үшін Қаржы министрлігі міндетті зейнетақы жарналарының түсімдеріне автоматтандырылған бақылау орнатып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық қамту бойынша ақпараттық жүйелерін пысықтады. ЕСКІ БАҒДАРЛАМАНЫҢ КЕМШІЛІГІ ҚАЙТАЛАНБАСЫН Бұған дейінгі 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан 20 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Осы уақыт ішінде тұрғындары тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден солтүстік аймақтарға 10 мыңнан астам отбасы көшіп келіп, оның 1 мыңға жуық адамы кері қайтып кеткен. Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылардың барған өңірлеріне тұрақтамауының басты себептерін климаттың өзгешелігімен, адамдардың денсаулық және отбасылық жағдайларымен байланыстырған. Әйтсе де, көш көлігін кейінге бұрған мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың көпшілігі оның себебін солтүстіктің қатаң ауа райынан емес, жергілікті шенділердің қырсыздығынан көрді. Басты мәселе – жұмыссыздық пен үйлердің сапасыздығы. Олардың ішінде теріскейге жақсы өмір іздеп келіп, тұрмысын түземек түгілі, берешекке белшеден батып, салы суға кеткендері де аз болмаған. Бағдарлама бойынша солтүстікке қоныс аударған жандардың 20 пайызы жұмысқа орналаспаған. Жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтарының өздеріне жүктелген міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан осынау жақсы басталған жобаның ақыры көп дау-дамайға айналды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданының алтауында мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алынған үйлердің 50 пайызына (Ақжар, Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Уәлиханов аудандары және Шал ақын ауданы) адам қоныстанбаған, ал 5 ауданда жаңа үйлерге көшіп келушілер саны 63-74 пайызға жеткен (Айыртау, Аққайың, Мамлют, Тайынша аудандары және М. Жұмабаев атындағы аудан), тек Қызылжар ауданы және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандар бойынша ғана қоныстандыру – 100 пайызды құрады. Еңбек министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаменті директоры Руслан Тілеубаевтың айтуынша, кей өңірлерде қоныс аударушыларға баспана жетіспеген немесе сапасыз болып шыққан.
«Солтүстік Қазақстан облысында – 1 003, Павлодар облысында 307 пәтер сатып алынды. Басқа өңірлерде тұрғын үй сатып алу тетігі жүзеге асырылмады. Сондай-ақ сатып алынған баспана сапасына бақылауды солқылдатып жібергені және тиесілі шараларды қабылдамағаны үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Есіл, Аққайың, Жамбыл, Қызылжар, Уәлиханов және Тимирязев аудандарының әкімдері, сондай-ақ жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Есіл мен Айыртау аудандарының әкімдері Президент бұйрығымен жұмыстан босатылды», – деген еді былтыр Руслан Тілеубаев.Ал республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жүргізген аудиттің қорытындысына сүйенсек, ол бойынша барлығы 99,1 млн теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар, 4 миллиард 636,8 млн теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану, сондай-ақ 22 рәсімдік бұзушылық анықталған. Қазір аталған бағдарлама аяқталғанмен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде қоныс аудару одан әрі жалғасып жатыр. ҰЛТТЫҚ ЖОБАҒА АРТАР ҮМІТ ҮЛКЕН Жақында Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар жөнінде есеп берді. Баяндамашы өз сөзінде, халықтың табысын артты рудың негізгі шарты – тұрақты жұмыс орындары екенін қадап айтты.
«2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 153 мыңы бос орындарға, 122 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында, ал 6,9 пайызы ұлттық жобалар шеңберінде еңбекпен қамтылды. Жалпы 163 мың адам (55 пайыз) тұрақты жұмысқа тұрды», – деді министр.Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қызу қолға алынып жатқан цифрлық технологияның азаматтарды жұмысқа орналастыру да қаншалықты тиімді екенін де атап өтті.
«Жұмысқа орналастыру жөніндегі мәліметтердің дұрыстығы міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің мониторингі арқылы қамтамасыз етіледі. Мониторинг мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың тек 38 пайызында зейнетақы жарналары бар. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде және жұмыс берушілер ұсынған бос орындар бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 81 және 65 пайызды құрайды», – деді ол.Министрдің айтуынша, бағдарлама аясында жыл басынан бері жұмыс күші көп аймақтардан еңбекші қолы жетіспейтін өңірлерге 1 147 отбасы немесе 3,8 мың адам қоныс аударған. Қоныс аударғандардың 540 адамы шетелден келген қандастар. Өңірлер бөлінісінде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары үздік шығып тұр, ал Қарағанды және Ұлытау облыстары бұл көрсеткіш бойынша әзірше артта қалып келеді. Бір қуантатыны, қоныс аударушылардың жартысына жуығы, яғни 44 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Яғни нағыз тепсе темір үзетін жастағы ұл-қыздар солтүстік өңірлерге барып, сол жақтарда тұрақтап қаларына сеніміміз мол. Сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдай ушығып тұрған кезеңде ұлттық үлесіміз кем өңірлердің қазақылана бастауы стратегиялық тұрғыдан да саяси маңызы зор мәселе. Бұл істе мемлекетті қолдаушы жастарымыз да аз емес. Соның бірі «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің іргесін қалаушы және төрағасы Бурахан Дақановтың және оның жанында жүрген бір топ азаматтардың еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Ұлт десе, жанып тұрған жалынды жастар солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастарымызға қолдан келген көмегін аямайды.
– Бұған дейінгі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен қазіргі «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Түрлі әлеуметтік көмектері беріліп жатыр, ол өз алдына. Менің айтпағым, бағдарламаның қоныстанушылардың тұрмыстық түйткілдеріне қатысты ақпараты жеткіліксіз. Көшіп келушілерді жергілікті жерге бейімдеу, қысқы маусымға қамдау, ақыр аяғы күнделікті тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз ету жағы кемшін. Олар тіпті бір қыста қанша тонна көмір жағу қажет, малға қанша шөп керек деген деректің өзіне мұқтаж. Біз, қасымыздағы бір топ еріктілермен бірге оларға көмегімізді аямаймыз. Дегенмен, қоғамдық негізде тегін жұмыс істейтіндіктен біздің де қолымыз қысқа, – дейді Бурахан Дақанов.Іскер азамат келер жылдан бастап өзі басқаратын ұйымның жанынан мұқтаж жандарға қолдау көрсететін байланыс және жедел көмек беру орталықтарын ашсам деген ниетте. Сондай-ақ бағдарламаның кем-кетігін екшей отырып, жеріне жеткенше жетілдіріп, Үкіметке өз ұсыныс-талаптарымен шығу ойында бар. Сол арқылы ұлттық жобаны жетілдіруге, солтүстік өңірлерді қазақтандыруға өз үлесімізді қоссақ дейді.