Авиацияда кадр тапшы

Авиацияда кадр тапшы

Еліміздің әуекомпаниялары мен Азаматтық авиация академиясы са­ла­ның кадрлық резерві мәселе­ле­рін талқылады. Азаматтық авиа­ция комитеті салада жыл сайын 500-600 адамға қажеттілік бар екенін мәлімдеді. Қазір Қазақстанда 25 сертификатталған авиациялық оқу орталығы бар. Олар ұшу мен инженерлік құрамын, әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін, авиация саласы үшін авиациялық станса операторларын даярлаумен айналысады. «Бүгінде азаматтық авиация саласында 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде, 10 000-ға жуық әуежай қызметкері, 2 857 ұшу құрамының қызметкері, 1 767 инженерлік-техникалық құрамның қызметкері бар. Бұл ретте саланың дамуын ескере отырып, 2025 жыл­ға дейін жыл сайын 500-600 адамға қажеттілік бар»  делінген хабарламада. Қазір академия авиация саласындағы мамандардың ағылшын тілін білу деңге­йін арттыру үшін белсенді жұмыс істеп жа­тыр. Ол үшін үштілді оқытуды енгізу бойынша жол картасы әзірленген. Жос­парларға сәйкес, 2023 жылы ЖОО бейіндік пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшпек.