Қолдаудан кенде емес

Қолдаудан кенде емес

Елімізде 708 мыңға жуық мүгедек­тігі бар адам тіркелген. 1 шілдедегі жағ­дай бойынша, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы алу­шылардың саны 539,6 мың адамға жетті. Биыл оларға төленетін жәрдемақының орташа мөлшері – 56 мың 974 теңге, былтырмен салыстыр­ғанда 22 пайызға өсті (2021 жылы – 46 535 теңге).  Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2000 жылдан бері жыл сайын кемі 5 пайыз, ал орта есеппен 19,5 пайызға өсіп отырған. Мәселен, 2003, 2011, 2018 жылдары жәрдемақының орташа мөлшері 5-5,5 пайыз артса, 2004 жылы – 44 пайыз, 2007 жылы – 35 пайыз, ал 2017 жылы 24 пайызға көбейген. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда. Бұл жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады, ол – мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолже­тімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері. Олардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылданып жатқан шараның бірі – жұмыспен қамту. Бүгінде елімізде 100 мың мүгедектігі бар азамат жұмыс істейді. Бұл – еңбек жасындағы адамдардың төрттен бірі. 200 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса, жұмыс істей алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 9 мың мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыру көзделгенін, бүгінде олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтыл­ғанын айтқан болатын. Электронды еңбек биржасында оларға ұсынылатын «Кәсіптер мен оқу» атласы бар. Онда 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген. Ал мемлекет мұндай санаттағы азаматтар үшін субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орнын қайта бағдарлау процесін бастады. Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Олар үшін жаңадан арнайы жұмыс орнын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша шаралар қабылдануда. Биылдың өзінде осы мақсатқа бюджеттен 59 миллион теңге бөлінген.

«Мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімінің жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға кедергі болып отыр. Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, білім беру, әсіресе үйде оқыту бағдарламасын қайта қарау бойынша шаралар қабылданады», – деді Тамара Дүйсенова.
Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жо­баны іске асыру шеңберінде биыл еліміздің барлық өңірінен 28,2 мыңға жуық өтінім қаралды. Қазір жобаға 589 медициналық ұйым қосылған. Биыл осы пилоттық жоба ар­қылы мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай қызмет көрсетумен қамтуды 20 па­­йызға дейін жеткізу жоспарланған. Қазір­дің өзінде бұл көрсеткіш 21,6 пайызға жетті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды қағазбастылықтан арылтуды, инстанциялар бо­йынша жүруін және қызмет көрсетушілер­дің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, 20 өңірде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматына көшті. Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі тиіс, басқа шара ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Жалпы, сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды, МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, үйден шықпай-ақ мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша қызмет алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызмет алушының қызмет берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысы толығымен қайта форматталып, саладағы қызметтің 50 пайызы проактивті форматқа көшірілмек.
«Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеу­меттік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі мен азаматтардың денсаулық картасы енгізілгеннен кейін толық көшеміз», – деді министр Тамара Дүйсенова.
Президент кейбір заңнамалық актілерге мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды. Заң жобасы шеңберінде 80 заңға, оның ішінде 10 кодекске өзгеріс енбек.  Мұндағы мақсат – мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамадағы кемсітушілік терминін жою, әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыруды ынталандыру, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы көлемін арттыру және тағы басқа шаралар қабылдау.   Р.S.
Әлемдік тәжірибеде рeople-first language деген ұғым бар. Яғни, бірінші кезекте оның адам баласы екеніне мән беріліп, кейін оның ауру-сырқаты жөнінде айтылуы қажет. Бұ­ған дейін мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында депутаттар заңға бірқатар норма енгізді. Мәсе­лен, енді «мүгедек» емес, «мүгедектігі бар адам» термині қолданылады. «Мүгедек деп танылған», «мүгедек болып қалған» деген сөздер «мүгедектік белгіленген» деп ауыстырылды.
 

Асыл ТҰМАР