Украина әскері қыркүйектің 1-нен бері Ресей армиясынан 2 мың шаршы шақырым аумақты қайтарды, – деп хабарлады Qazaqstan телеарнасы. Мұны президент Владимир Зеленский жариялады. Сонымен қатар, украин жауынгерлері Харьков облысында ресейліктерге күтпеген жерден соққы беріп, оларды Изюм, Балаклея, Купянск тәрізді стратегиялық маңызы зор қалалардан қашуға мәжбүр еткен. Алайда, Ресей қорғаныс министрлігі бұл жерлерден қарулы күштерін Донецк облысына қайта топтасу үшін әкеткенін хабарлап отыр. Көптеген бақылаушылардың пікірінше, Украина сарбаздары Купянск теміржол торабын қайтара отырып, Ресейді солтүстік-шығыс майданда қару-жарақ тасымалдау мүмкіндігінен айырды. Атап өтерлігі, Украина әскері өткен айда Херсон облысында да қарымта шабуылға кірісті. Онда Днепр өзенінің үстінен өтетін көпірлер қиратылып, Ресейдің ондаған мың жауынгеріне қоршауға түсу қаупі төніп тұр.