Қазақ қызы Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды – видео

Қазақ қызы Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды – видео

Қытайда өнерпаз Риза Әлімжанқызы Flying Apsaras сыйлығын алды. Inform.kz-тің жазуынша, қазақ қызының марапаты туралы Қытайдың The Paper ақпарат агенттігі хабарлаған. Биыл 33-рет берілген Flying Apsaras сыйлығы – Қытайдың телевизия саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапат. Риза Әлімжанқызы Minning Town телехикаясындағы рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясының иегері атанды. «Minning Town» телехикаясы өткен жылы қаңтар айында Қытайдағы көрермені ең көп бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған болатын. Оған Қытайдың Нинся дүнген автономиялық аймағының Сихайгу ауылы тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болады. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойынсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрерменді тәнті етеді.   https://cloudvideo.thepaper.cn/video/cdcf35eefaf4481ab5a394f5f76ed6f0/hd/02ce6609-3cac-4b7d-a99b-b16b61525ba3-6d70a330-9e1b-2775-99cb-94d7bdcdee1b.mp4 1 қараша кеште Бейжіңдегі Шоуган аренасында өткен сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімінде Риза Әлімжанқызы толқып тұрып: «Мен бақытты һәм талайлы жан екенмін. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрерменге мың алғыс! Өздеріңізге ана тілімде алғыс айтуға рұқсат етіңіздер, рақмет!» – деп ағынан жарылды. Риза Әлімжанқызы 1986 жылы шілдеде Бейжіңде туған. Өнер жолын орта мектепте әуесқой модель болудан бастаған, 2002 жылы Бейжің кинематография институтын бітіріп, актерлікке бет бұрған. 2011 жылы «Чжэнь Хуаньның бастан кешкендері» телехикаясы арқылы танылды.