Иранда жылымық болып, жағдай түзеле бастағандай еді. 28 қарашада Қатардағы футболдан Әлем чемпионатында ұлттық құрамасының жеңісі құрметіне Иран билігі 715 сотталған азаматына рақымшылық жасап, түрмеден дереу босатты. 29 қарашада тағы 1 156 адамның бостандыққа жіберілетіні жарияланды. Ал 4 желтоқсанда DPA, AFP сияқты беделді агенттіктер Иранның бас прокуроры Мохаммад Джафар Монтазеридің мәлімдемесіне сілтеме жасап, халық наразылығына орай, елдегі әдет-ғұрып полициясы таратылғанын хабарлады. Енді оның шындыққа жанаспайтыны белгілі болып отыр. Каспий жағалауындағы көрші елдің тағдыры шынында көпті алаңдатады. Әдет-ғұрып полициясы таратыла ма? Ирандағы бұқаралық наразы-лықтар биылғы қыркүйек ортасында Махса Аминидің өлімінен соң басталды. 22 жастағы қыз оны әдет-ғұрып полициясы хиджабын дұрыс тақпады деп тұтқындағаннан кейін ауруханада көз жұмды. Құқық қорғау органдары оның «кенеттен жүрегінің тоқтап қалуынан қайтыс болғанын» мәлім етті. Алайда ата-анасы мәйітті алған соң баласының азаптаудан өлгенін жариялады. Бұған қоса, куәгерлер Махсаның тұтқындарды таситын жабық көлікте аяусыз соққыға жығылғанын хабарлаған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін зайырлы мемлекет болған Иранда содан бері қырық қара жамылудан шаршаған әрі биліктің қудалауынан ашынған әйелдер қауымы сонда дереу көшелерді толтырып, наразылығы ретінде орамалдарын өртеді, жұрт көзінше шаштарын қиды. Оларды қуып таратуда полиция шектен тыс қаталдық танытты. Бұл шеруге сол әйелдердің ерлерінің, балаларының, бауырларының шығуына түрткі болды. Содан бері Ирандағы бас көтеруі басылар емес. Осы орайда 4 желтоқсанда әлемдік ақпарат құралдары қуанышты жаңалықты жарыса жариялаған еді. Бейберекетсіздіктердің үшінші айында Иран билігі әдет-ғұрып полициясын таратуға және хиджаб кию туралы қатаң заңды қайта қарауға шешім қабылдапты. Себебі жергілікті Shargh газетінің жазуынша, елдің бас прокуроры Мохаммад Джафар Монтазери: «Әдет-ғұрып полициясы таратылды, бірақ сот жүйесі бұл әлеуметтік проблеманы шешуін жалғастырады» деген екен. Сонау I Дарий патша заманынан бері ерлермен тең құқылы болған, үзеңгі қағыстыра жүріп, ел қорғаған ирандық әйелдер 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін отбасы, ошақ қасына таңылды. Олардың істей алатын жұмыс пен кәсіп түрлері күрт шектелді. Әйелдерге сыртта хиджаб тағуға, қыздарға мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ер балалардан бөлек оқуға міндеттелді. Ал 2022 жылғы жазда Иранда әйелдердің киім киісі ережелерін тіптен қатайтқан жаңа заң күшіне енді. The Guardian басылымының жазуынша, Иранның Бас прокуроры Парламент пен сот органдары осы заңды қайта қарап, өзгерту жұмысын бастағанын айтыпты. Оның мәліметінше, 30 қарашада бір топ сарапшы Парламенттің мәдениет жөніндегі комиссиясы өкілдерімен кездескен. Оның нәтижесі бір немесе екі аптадан соң белгілі болады.
Алайда күні кеше Иран Парламентінің, яғни Ислам кеңесі Мәжілісінің ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Вахид Джалалзаде әдет-ғұрып полициясының таратылғаны туралы ақпаратты растамады: «Бүгінде бұл полицияның таратылғанын айғақтайтын салмақты дәлелдер жоқ. Әдет-ғұрып полициясы – қолданыстағы заңды жүзеге асырудың әдісі ғана. Ол үшін заңды жетілдіру, жақсарту қажет», – деді ол. Яғни, елге қысым көрсеткен заң жойылмай, полиция қала бермек. Полиция өз қызметін тек белгілі бір уақытқа тоқтата тұруы мүмкін.Ереуілшілер арасында экстремистер де бар Шетелдік ақпарат құралдарының бағалауынша, елдегі халық толқулары бүлік және экстремистік сипатқа ие бола бастаған: билікке қарсы акцияларға қатысушылар күн сайын діндарларға, армия және күш құрылымдары өкілдеріне, аса ірі күш құрылымы – Басиджге шабуыл жасайтыны хабарланды. Қазан айының соңында, қараша басында елде 2 теракт болды: біріншісі – Шираз қаласында, екіншісі – елдің оңтүстігіндегі Хузестан провинциясында ұйымдастырылған. Әлдебір лаңкестер бейбіт тұрғындар мен полицейлерге оқ жаудырды. Бүгінде бұқаралық бас көтерулер елдің барлық 31 провинциясындағы 160 қаланы қамтыды. Әзірге басылар түрі көрінбейді. Әсіресе, Гилян, Хузестан, Систан, Белуджистан және Күрдістан провинциялары, ел астанасы Тегеран ірі қақтығыс ошақтарына айналған. Бұл 1979 жылғы революциядан бергі ең ірі бұқаралық толқу болып есептеледі. HRANA құқық қорғаушылардың ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, кем дегенде 475 шеруші қаза тауып, 18 240 наразылық танытушы ұсталған. Бұдан бөлек, қауіпсіздік қызметтерінің 61 қызметкері шейіт болған. Бұған жауап ретінде Иран билігі қатігездік таныта бастады. Tasnim агенттігі 8 желтоқсанда жартылай әскери еріктілер құрылымының өкілін – Басидж офицерін пышақпен жаралаған наразылық қатысушысы Мохсен Шекаридің өлім жазасына кесілгенін мәлімдеді. 23 жасар жігіт Тегерандағы Саттар хан ауданындағы көшені жауып тастауға талаптанған. Содан соң өзін тұтқындауға келгендерге тап беріп, оның бірін иығынан жаралапты. Мұның алдында Иран билігі Караджда полицейді өлтірді деп айыптап, 11 демонстрантты өлім жазасына кесті. Үрейлі үрдіс жалғасуда. Бұл елде ең жоғарғы жаза алғандар халықтың көзінше дарға асылады. Оны телеарналар трансляциялайды. Санкция күшейіп келеді Бастапқыда мұны Иранның ішкі ісі деп санап, әйелдер құқығын аяққа таптамауға шақырумен шектелген Батыс енді Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізе бастады. Ал Иранның Ислам революциясының сақшылары корпусы (ИРСК) бейберекетсіздікке қатысушыларға аяушылық танытпайтынын жариялап, оларды «бүлікшілер мен баскесерлер» деп атады. Сонымен қатар корпус ирандық сотты ұсталған шерушілерге қарсы үкімдерді «батыл әрі тез шығаруға» шақырды. Күш құрылымының байламынша, бүлікшілер «ұлт пен исламның қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасап отыр». Бұл ретте халық пен бірқатар танымал тұлға митингке қатысушыларға аяушылық танытуға шақырды. Мысалы, Иранның жоғарғы көшбасшысы, ұлы аятолла Әли Хаменеидің әпкесі Бадри Хосейни Хаменеи өз ұлының Twitter аккаунты арқылы ашық хат жариялап, ИРСК қызметкерлерін халықты басып-жаншуды тоқтатуға, бұқараның жағына шығуға үндеді.
«Мен өз ұстанымымды ағамның ұстанымынан ажыратып алуға ұмтылудамын. Осыған байланысты Иран режимінің құрбандарына қайғырған барлық аналарға қабырғам қайыса отырып, көңіл айтып, өз аяушылығымды жариялағаным жөн деп таптым», – деген Бадри Хаменеи осының алдында тұтқынға алынған қызы Фаридех Морадханиды сағынғаннан құса болғанын жеткізді. Ол Ислам революциясының сақшылары корпусы «тым кеш болмай тұрғанда қаруларын тастау қажеттігін» мәлімдеді. Құқық қорғаушы, саяси белсенді, елдің жоғарғы көшбасшысының туысқаны Фаридех Морадхани 23 қарашада тұтқындалған-тын. Ол бейнеүндеу жасап, әлемдегі өзге елдердің үкіметтерін Иран режимімен қатынастарын үзуге, елшілерін қайтарып алуға, қарсыласушы халыққа қолдау білдіруге шақырғаны үшін ұсталды. «Бұл режим асыл дініміздің бірде бір қағидаттарына берік емес. Және өз билігін кез келген жолмен сақтап қалудан, күш қолданудан басқа ешқандай заңдар мен ережелерді білмейді», – деп сынады Фаридех.Парсылар көршілерін де айыптайды Өз кезегінде Иран билігі елдегі бейберекетсіздікке дем беріп отыр деп, Батыс елдерін және Сауд Арабиясын кінәлады. Биліктің дәйектеуінше, олар Iran International, басқа да агенттіктер мен телеарналарға, оппозициялық топтарға қаржылай көмек берген-мыс. Иран президенті Ибрахим Раиси бейберекетсіздіктерге АҚШ президенті Джо Байден қолдау көрсеткен деп айыптады. Бірақ мұны дәлелдейтін қандай да бір айғақ келтірмеді. Әрине, Иран билігі мен халқы арасындағы қақтығыс осы елдің ішкі ісі саналады. Оған сыртқы күштер қол сұқпауы тиіс. Бірақ халық толқуы ұзаған сайын көрші елдің тоз-тоз болу қаупі де күшейе түскен көрінеді. Тегеран мысалы, Ирактағы Күрдістанның билігі Ирандағы күрдтерді қорғауды себеп етіп, отқа май құйып отырғанына наразылық білдірді. Сондай-ақ бұл елдегі ахуалға Түркия мен Әзербайжан да мазасыздана қарайды: өйткені 86 мил- лионнан астам Иран халқының жартысына жуығы ғана парсылар. 25 пайыздан астамы – әзербайжандар. Өткен ғасырдың соңындағы Ислам революциясын жүзеге асыруда дәл осы әзербайжандар қозғаушы күшке айналған еді. Ирандықтардың шамамен оннан бір бөлігін күрдтер құрайды. Мұның сыртында гиляндықтар, мазендерандықтар, лурлар, бахтиарлар, арабтар, түрікмендер, белуджилер шоғырлана тұрып жатыр. Сондықтан бүгінде Иранға ең бастысы – бірлік пен келісім ауадай қажет болып тұр.