Таяуда ғана Моңғолия елінде болған халықтың наразылығы әлем жұртшылығын елең еткізбей қоймады. Оған себеп ретінде сарапшылар түрлі болжам айтуда. Көбі моңғол жұртының бас көтеруіне 12,9 млрд долларға бағаланған көмір ұрлығын әсер етті деп санайды. Осы тұста біз басқа да факторларға назар аударып, мән-жайға үңіліп көрдік. Шенділердің шикі ісі 4 желтоқсанда Улан-Баторда халық үкімет сарайына басып кіруге тырысты. Жиналған жұрттың талабы біреу – жемқорлық мәселесін тергеп, үкіметті отставкаға жіберу болатын. Әуелде Қытайға жеткізіледі делінген «12,9 млрд доллар болатын көмірді ұрлады» деген ақпарат елді ашындырғанға ұқсайды. Наразылар көмір ұрлығы мен бюджет ақшасының жымқырылуын тергеуді, бұл жағдайға қатысы барларды анықтауды талап еткен. Ал Моңғолиядағы көлемі жағынан үшінші қала саналатын Дарханда халық көмірді ұрлағандардың есімін жариялап, мүлкін тәркілеуді талап қылған. Әйтсе де, қарсылықты қыздырған тек көмір жайы емес тәрізді. Өйткені митингіге шыққан жұрт «Конституциямен бекітілген құқығымыз бен бостандығымыз жыл сайын шектеліп жатыр, өміріміз нашарлап барады» деп ұрандатқан. Яғни, бұл тұста экономикалық тұрғыдан елдің кері кетуі де септессе керек. bne IntelliNews сайтының хабарлауынша, Моңғолия үкіметі елдегі жағдайды үш рет талқылап, мемлекеттік «Эрдэнэс Тавантолгой» көмір компаниясына қатысты тексеріс бастаған. Үкіметте наразылармен диалог жүргізетін жұмыс тобы да құрылған. Бір оңды тұсы, митингте қантөгіс болған жоқ. Негізі, 5 желтоқсанда кезектен тыс құрылтайына шұғыл жиналған моңғол парламенті шеруді «заңсыз митинг» деп бағалап, қуып тарату туралы шешім қабылдаған. Осылайша, Үкімет тәртіпті қалпына келтіріп, алаңды агрессивті жастардан тазарту үшін күш қолдануға шешім қабылдады. Бірақ көп өтпей Ұлан-Батыр басшысы Долгорсурэнгийн Сумьябазар Үкімет үйінің айналасындағы шерушілерді мәжбүрлеп тарату туралы қаулының күшін жойды. Көп ұзамай 8 желтоқсанда Ұлан-Баторда көмір ұрлығына қатысы бар деген сегіз күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Атап айтқанда, «Эрдэнэс Таван-Толгой» мемлекеттік көмір өндіру және экспорттау компаниясының бұрынғы басшысы Баттулғын Ганхуяг қамауға алынған. Оның бірқатар туыстары мен ықпалды бизнесмендері де ұсталыпты. Олардың ішінде Khishig Arvin Industrial тау-кен компаниясының басшылығы да бар. Бұл туралы Моңғолияның Әділет және ішкі істер министрі мәлімдеді. Барлығының үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізілген. Жалпы, бұл іске ұзын саны 40-қа жуық адам күдікті ретінде танылып отыр. Дегенмен Моңғолиядағы шерулер әлі де болса толық басыла қойған жоқ. Жұртты алаңдатқан көмірден өзге қандай жайлар бар? Ел экономикасының еңсесі түсе бастаған Шынын айтқанда, демократиясы жөнінен дамыған елдердің сапына қосылып жүрген Моңғолия неге бүлінгені қызық-ақ. Пандемия кезеңін айтпағанда соңғы онжылдықта Моңғолия бүкіл әлемді таңдай қақтырды. Дүниежүзілік банк осы өңірдегі үш маңызды елдің даму көрсеткіштерін өзара салыстыратын есебін жариялап тұрады. Мысалы, 2011 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі – 9,6 пайызға, Қазақстандікі – 7,4 пайызға өссе, Моңғолия ЖІӨ-сі бірден – 17,3 пайызға артқан. 2012 жылы Моңғолия 12,3 пайыз межесін бағындырды. Ал 2018 жылы 7,7 пайызға жеткен. Бұл сол кездегі әлемдегі ең жоғарғы өсімнің бірі саналған. Десе де, коронадағдарыс осы елге көп соққы бергенге ұқсайды. 2020 жылы Қазақстан экономикасы 2,6 пайызға төмендегенде Моңғолия экономикасы бірден 4,6 пайызға құлдырапты. Былтыр Моңғолияның ЖІӨ небәрі 1,4 пайыз өсім көрсетіп, экономиканың рецессияға таяп тұрғанын көрсетті. Яғни, наразылықтың астарында «көмір дауы» ғана емес, елдің экономикалық әлеуеті де бар секілді. Соңғы кездері бұл елде де халықтың қымбатшылыққа шағымданып жүргені мәлім еді. Бұл елдің бір ұстыны демократияландыру болғаны анық. Мемлекет жеке басқа табынуға, бір адамның билікті басып алуына жол бермеу үшін парламенттік демократияға көшкен. 20 жыл бойы саяси институттарды дамытуда, саяси жаңғыруда қомақты жетістіктерге жетті. Осыған қарамастан, Моңғолия өзгелерге қарағанда қос елге қатты тәуелді. Моңғолияның отставкадағы генералы Лувсангомбо Моломжамц осы жайға қатты назар аударып, мәлімдеме жасаған.
«Моңғолияның сыртқы саясатының басымдықты бағыты ретінде Ресей мен Қытай ғана белгіленген. Мемлекет қос алпауыттың қыспағында тұр. 1990 жылға дейін Моңғолия толығымен дерлік Ресейге тәуелді болды. Содан кейін КСРО бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев бұл елден кеңес әскерлерін толығымен шығару туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, ғасырға жуық уақыт бойы құрылған әскери байланыстар үзілді. Өлкеде Қытайдың ықпалы күш алды. Ресей бұл көршісін стратегиялық маңызды емес деп санап, Орталық Азиямен шектелді. Ал Мәскеу ықпалында болғандар өсу орнына өше беретіні мәлім. Оның құшағынан құтылған моңғол елі серпінді даму даңғылына шықты. Оған Қытай қатты ықпал етті. Соның қорытындысындай, бүгінде бүкіл моңғол экспортының 86 пайызы ҚХР-ге тиесілі. Осылайша, бұл ел Қытайға қатты тәуелді болып қалды. Пандемия кезінде карантиндік шектеулерге бола Қытай түрлі кедергі-тосқауылдар қойып, импортты күрт азайтты. Салдарынан, көрші елдің де экономикасына нұқсан келді», – дейді ол.Міне, дәл осындай қарбаласқан, жайсыз кезеңде Моңғолияның басты экспорттық тауары саналатын көмірдің үлкен көлемі Қытайға көлеңкелі жолдармен заңсыз сатылып келгені әшкере болып тұр. Әрине, бұл нәрсе сөзсіз халықтың ашу-ызасын тудыратыны анық еді. Себебі Моңғолияда ұлттық компаниялардың, соның ішінде көмір өндіруші алпауыттың акциялары халыққа таратылған. Яғни, тұрғындардың жақсы бір табыс көзі саналады. Сондықтан осы жемқорлықты әрбір моңғол өз отбасының әл-ауқатына жасалған қастандық ретінде жанына жақын қабылдаған секілді. Егер көптеген миллиард экспорт есепке алынбаған болса, онда халық та орасан зор дивидендтерден қағылғаны анық. Әзірге бұл сынақтан Үкіметтің қандай амал тауып өтері белгісіз. Бұл ретте көмірге қатысты жемқорлықтан кімдердің қоректенгенін Қытай жағы білетін болып шықты. Қытай Моңғолиядан көмірді ұрлап тасуға қатысқан қытайлық шенеуніктерді бірден өлім жазасына кескені жайлы қауесет тарады . Сонымен бірге Бейжің осы іспен байланысты моңғол саясаткерлерін де анықтағанға ұқсайды. Олардың аты-жөндері Моңғолияның Үкімет басшысы Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэге жолданып үлгерген. Бағана біз айтқандай, Моңғолияда айыпталып жатқан 40-қа жуық адам осы деректің негізінде анықталуы мүмкін. Не десек те, Моңғолия елі саяси билік транзитіне қатысты ауыр түйткілдерден ада екені белгілі. Алайда Моңғолиядағы жағдай жемқорлықтың кез келген, соның ішінде демократиялық дамуда көп ілгерілеген мемлекеттің де діңгегін шірітуге қабілетті екенін аңғартты. Сондықтан халық бұл мәселеде белсенділік танытып, мәселені біржақты етпейінше, Үкіметіне тыныштық бермейтін секілді.