«AMANAT» партиясы еліміздің әр өңірінде жылыту маусымының өту барысын пысықтау мақсатында кездесулер мен тексерулер өткізуде. Мәселен, Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Шымкент қаласына жылу беретін «Энергоорталық-3» кәсіпорынында болып, оның жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Қайрош Оңғарбаев бақылау комиссиясының мүшелерін жылу қазандықтарының жұмысымен таныстырып, бүгінгі таңда екі қазандық жұмыс жасап, бір қазандық резервте тұрғаны жөнінде айтып өтті. Ал қала тұрғындарына жылуды жеткізуші «Қуатжылуорталық-3» МКК басшысы Пердебай Сәбитов қаладағы кейбір үйлер мен мекемелерде жылу жүйесі төмен екенін айтып, мәселені бірлесіп шешу жолдарын ортаға салды. Бүгінгі таңда аталған мекеме қаладағы 1 987 көпқабатты тұрғын үй мен 484 бюджеттік мекемеге жылу жеткізіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қаладағы №5 емхана мен №65 мектеп-гимназиясына болып, аталған мекемелердегі жылу жүйелерін бақылап қайтты. Ал Жамбыл облысында «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі отырысы өтті. Мұқаш Ескендіровтің төрағалығымен өткен басқосуға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхаммед Жұмабек, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаев, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Алмат Абдрайхан және «Тараз энергоорталық» АҚ вице-президенті Мамат Шәкіров қатысты. Сондай-ақ отырысқа бейнебайланыс арқылы партия аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары, «Өңірлік даму» кеңесі төрағалары, қала, аудан әкімдіктерінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары қатысты. Облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаев өңірдегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың жылыту маусымының жай-күйі туралы баяндады. Басқарма басшысы өз сөзінде, жылыту қазандықтарының жағдайы, жылу жүйелерінің және ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын атап өтті. Өз кезегінде, кеңес мүшелері Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы бірнеше тұрғын үй мен М.Әуезов атындағы мектептің жылыту жүйесінде мәселе бар екендігін жеткізді. Ол бойынша басқарма басшысы мәселені тікелей қадағалауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар облыс орталығындағы №15 шағын аудандағы 1020-1025 тұрғын үйлердің жылыту жүйесінің жағдайы да сөз болды. Басқарма басшысы бұл мәселені ол үйлердің жылыту жүйесінің айналымы дұрыс емес екендігімен байланыстырды. Сондай-ақ аталған шағын ауданда мердігер компания әртүрлі қысымдағы су сорғыларын қойып кетіпті. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ол проблеманы жою үшін қала әкімдігіне ұсыныс берген. Шаһар басшылығы тиісті қаражат қарастырып, олқылықтың орнын келер жылдың 10 қаңтарына дейін толтырмақ. Айта кетерлігі, мұндай мәселе «Бәйтерек» шағын ауданындағы бірқатар үйлерде де бар екен. Аталған басқарма басшысы оның да себебін әртүрлі қысымдағы сорғылармен байланыстырды. Жиын соңында, кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров алдымызда әлі үш ай қыс бар екенін жеткізіп, көп қабатты тұрғын үйлер мен аудандардағы жылыту жүйелерінің жағдайын басты назарда ұстау туралы ұсынысын жеткізді.