260 мың Қазақстан азаматының жеке мәліметі әлеуметтік желіге тарап кетті

260 мың Қазақстан азаматының жеке мәліметі әлеуметтік желіге тарап кетті

«Спортмастердің» деректер базасы қолды болды. ТМД елдерінде спорт тауарларын сататын дүкендер желісі тұтынушыларының жеке дерегі желіге тарап кетті. КТК арнасының дерегінше, соның ішінде 260 мың отандасымыздың жеке басына қатысты мәлімет бар. Мемлекеттік техникалық қызметінің мәліметінше, дүкендер желісінен 2012-2018 жылдар аралығында тауар алған қазақстандықтардың аты-жөні, туған күні, телефон нөмірі мен электронды поштасы жалпақ жұртқа жария болған. «Спортмастер» компаниясы деректер базасындағы мәліметтерді мердігерлердің бірі таратып жіберуі мүмкін деп отыр. Алайда олар клиенттердің логині мен паролі мен төлем картасына қатысты ақпаратына қауіп төнбегенін жеткізді. Қазір компания ішкі тергеуді бастады. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары жеке азаматтардың басына қатысты дербес деректер үшінші қолға өтіп, соның салдарынан кәнігі алаяқтар арам ойын жүзеге асыруы мүмкін дейді. Сондықтан тізімде бар отандастарымызды сақ болып, күмәнді СМС-хабарлама мен сілтемені ашпауға шақырады.

TSARKA компаниясының кибер-саясат жөніндегі маманы Әмірсейіт Айтжанұлы: «Егер сізге фишинг хат келсе, мәселен, «бір миллион теңге ұтып алдыңыз» деген, ол сілтемеге өтпеңіз немесе ол файлды ашпаңыз. Егер сізге банктен немесе ішкі істер органдарынан біреу хабарласса, мұқият болыңыз, қандай мәлімет беріп жатқаныңызды. Өйткені осы мәлімет кейін қолданылып, банк шоттарыңыздан ақша алынуы мүмкін немесе сіздің атыңызға несие алуы мүмкін. Көбінесе алаяқтар Қазақстанда емес, шетелдерде жұмыс істеп жатыр», – дейді.