Жамбыл облысына Бердібек Сапарбаев әкім болып келгелі кеңестік жиындардың кескіні мен басқосулардың бағдары өзгерді. Тіпті қазір қара халық аймақ басшысының әрбір сөзін аңдитын күйге түскен. Себебі Бердібек Машбекұлы бұқара ойын дөп басып ғана қоймай, арасында әкім-қараларды қалжынмен де қағытып алуда.
Мәселен, кеше аграрлық сала мамандарымен кездескен облыс әкімі «Түркмен Агро» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Әбілдаевтың жер мәселесіне қатысты Шу ауданы әкімдігіне қатысты айтқан шағымын аймақ басшысы әзілмен ұштастырды.
«Серіктестік дұрыс мәселе көтеріп отыр. 2018 жылдан бері конкурс негізінде ұтып алған жерін аудан әкімдігі неге бермей отыр?
Осыдан кейін инвесторлар қалай ғана өңірге қаржы құяды? Содан кейін аудан әкіміне ескертетінім, осы жиыннан кейін серіктік басшысын шақырып алып, қысып жүрмеңіздер. Ондай «әдістің» барын мен жақсы білемін. Егер Бауыржан саған тисетін болса, маған келіп айт», – деп елді ду күлдірді.
Әрине, бұл әзілдің астарында үлкен зіл жатқаны белгілі.
Ал Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайранбай Дөненбаевтың сыны жауапты мамандардың жон терісіне шоқ басқандай болды.