Шай – көптеген халықтың дәстүрлі сусыны. Біздің елдің тұрғындары да шайқұмарлар қатарында. Қазақстан аталған өнімді тұтыну көрсеткіші жөнінен әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Яғни, жылына жан басына шаққанда 1,54 келіден айналады. Былтыр еліміз 107,8 млн долларға 30,7 мың тонна шай сатып алды. Оның көп бөлігін Кения (49,4 млн долларға 14,2 мың тонна) мен Үндістаннан (31,6 млн долларға 10,5 мың тонна) импорттадық. Бізге шай жеткізуші елдердің үштігінде Ресей де бар. 2019 жылы көршіміз 3,7 мың тонна (20,5 млн доллар) тауарын өткізіпті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш – 2,4 мың тонна болған. Демек, одақтастың саудасы оңынан туып тұр. Айта кету керек, Ресей Қазақстанға шай импорттаушы мемлекеттің алды болғанымен олар да біз секілді шикізатты сырттан сатып алады. Себебі ресейліктер әлемде шай ішуден төртінші (Үндістан, Қытай, Түркия) орында. Мемлекет жылына орта есеппен 165 мың тонна шикізат импорттайды. Ал өзіндегі өндіріс (Краснодар шайы) ішкі тұтынудың 2%-на ғана тең. Қалған көлемді Үндістан, Шри-Ланка, Қытай, Кения, Жапония, Индонезия және Грузиядан тасиды. Сондай-ақ біздің елге қарағанда Ресейде дистрибьютор-компаниялардың саны да, өнімді өңдеу қуаты да үлкен. Шетелдерден келген шикізатты өңдеп, қаптап, ары қарай ішкі-сыртқы нарыққа саудалайды. Былтырғы импорт көлемінің (30,7 мың тонна) негізгі бөлігі (28,4 мың тонна) Кения, Үндістан, Ресейден келгенін айттық. Шикізаттың қалғаны Қытайдан – 700 келі (1,7 млн доллар), Шри-Ланкадан – 600 келі (2,8 млн доллар) және Грузиядан 400 келі (174 мың доллар) жеткізіліпті. Еліміздегі шай саудасымен айналысатын компаниялар былтыр 15,6 мың тонна шай мен кофе өңдеген. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 7,9%-ға төмен. Отандық өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіштің азаюына себеп көп. Ең алдымен өнімнің бағасы қымбаттап жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айындағы қорытынды есеп бойынша қазақстандықтар орташа көрсеткішпен 1 келі шайға 3,1 мың теңге төлеген, бұл 2018 жылға қарағанда 7,1%-ға жоғары. Ал жалпы 2003 жылы бір келі шайдың бағасы 797 теңгеден болғанын есепке алсақ, отандық тауардың құны көтерілген сайын тұтынушы арзан өнімге жүгіретіні сөзсіз. Бұл тұрғыда баға да біркелкі емес екенін байқауға болады. Мәселен, өткен жылы ірі қалалар ішінде жоғары баға Қарағанды, Алматы және Қостанайда тіркелсе, арзан шай – Орал, Көкшетау мен Ақтөбеде сатылған.
Қала тұрғындары жылдан-жылға өсе түскен сайын, қоғамдық орында, кеңседе пакеттегі шайға тәуелді жандар саны да көбеюде. Жалпы, пакеттегі шай дегеніміз – шайдың тозаңынан, қалдықтан жасалатыны ешкімге құпия емес.
Екіншіден, дүкен сөресінде шайдың түр-түрі бар. Тұтынушы тек таңдауды білсе болғаны. Осы тұрғыда мынадай бір қызықты дерек кездестірдік. Мәселен, 2018 жылы елімізде тұрғындардың 76%-ы шайды сапасына қарап таңдаса, 53%-ы оның бағасына байланысты сатып алатыны анықталған. Сондай-ақ 45% адам өнімнің маркасын таңдаса, 14%-ы шыққан мемлекетіне, 8,5%-ы қаптамасына бола таңдау жасайтынын айтқан. Әдетте, қазақ шайқор халық, шай ішпесек, басымыз ауырады деп жатамыз. Мұны ресми мәліметтер де растайды. Қазақстандықтар күніне 5-6 кесе шай (көбіне сүт қосқан) ішеді. Десек те, шай ішудің, шай құйдың ешкімге ұқсамайтын қазақы дәстүрі кейінгі жылдары жоғалып бара жатқаны жасырын емес. Себебі күнделікті өмірімізге пакеттегі шай, құтыдағы салқындатылған шай сусындары дендеп еніп кетті де, демдеп шай ішуді ұмыта бастадық. Бір жағынан уақыттың да тапшылығы әсер етуде. Бүгінде пакеттегі шайды білмейтін жан жоқ шығар. Кез келген ортада кеседегі қайнаған суға «бір реттік» өнімді салып, бояуын ішіп жүре бересіз. Оған сұраныстың өсуіне әлеуметтік жағдай мен урбанизацияның да әсері бар. Қала тұрғындары жылдан-жылға өсе түскен сайын, қоғамдық орында, кеңседе пакеттегі шайға тәуелді жандар саны да көбеюде. Жалпы, пакеттегі шай дегеніміз – шайдың тозаңынан, қалдықтан жасалатыны ешкімге құпия емес. Шай саудасы мен өндірісінің басында тұрған Қытай мен Үндістан бұл қалдықтарды өздері тұтынбайды, оны ақшаға құныққан шай өндірушілер арзан бағада сатып алып, өзге елдерге (мысалы, ТМД) қаппен үлкен көлемде жеткізеді. Мәселен, 10 келі шай тозаңының құны 10 доллар мөлшерінде ғана. Әйтсе де, қалдықтың аты қалдық, шайдың тозаңы өздігінен қою шайдың түсін бере қоймайтыны анық. Сондықтан өндірісте оған қосымша бояғыш заттар қосылады. Ал пакеттің желімі мен қағазының дәмі шығып кетпеу үшін оны хош иістендіреді. Мамандар шайдың сақталу мерзімі 3 жыл деп жатады. Тұрып қалған шайдың құрамында ағзаға қауіпті афлатоксин (улы зат) болады. Сондықтан шай саудасы, пакеттегі шайдың сапасының өзі түбегейлі медициналық сараптамалар жүргізуді қажет ететін жайт. Әлемдік сарапшылар алдағы онжылдықта шай өндірісі мен тұтыну көрсеткіші арта түседі деп болжайды, оған себеп дамушы елдерде сұраныс өседі. Ал БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы халық саны көп Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердің кірісінің көбеюі мен шай түрлерінің (қара шай, көк шай, шөптен және жемістен жасалғаны) дамуымен байланыстырады. Яғни, алдағы 10 жыл ішінде қара шай өндірісі жыл сайын 2,2%-ға, көк шай – 7,5-ға артады. Демек, шай экспорттаушы елдердің айы оңынан туғалы тұр. Дүниежүзі бойынша шай өндірісінде (37,8%) Қытай көш бастайды, одан кейінгі орында Үндістан (23%) мен Кения (8,8) мемлекеті. ҚХР мен Үндістанның ішкі тұтынуы (халық санына байланысты) жоғары болғандықтан, әлемдік экспортта алғашқы орынға көбінесе Кения шығып кетеді. Әйтсе де, биыл Африканың шығысындағы жері шұрайлы мемлекеттерді шегіртке басып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Кенияның шай, кофе экспорты бәсеңдеуі ғажап емес. Бұл қазақстандық импорттың үштігінде тұрған Үндістан мен Ресейге үлкен мүмкіндік.