Түркияда жер сілкінді

Түркияда жер сілкінді

Кеше таңда Түркия мен оған көршілес бірқатар мемлекеттің тұрғындары дүмпуден шошып оянды. Арасында ұйқысынан ояна алмай бақилыққа аттанып кеткендер көп. Аймақта 7,8 балдық жер сілкінісі болып, Түркияның өзінде 1 000-нан ас­там адам көз жұмды. Сирияда да апат кезінде о дүниелік болғандардың саны 400-ге жуықтады. Жаралылар мен бақиға аттанғандардың саны сағат санап артып жатыр. Түркияның апат пен төтенше жағ­дайларды басқару басқармасы Сириямен шекаралас Кахраманмараш провин­циясында жергілікті уақыт бойынша таң­ғы төрттер шамасында 7,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлады. Көп ұза­май Газиантеп провинциясында магни­тудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат ішінде елдің түрлі аймағында болған. Кешқұрым Түркияның орталық бөлігінде тағы да магнитудасы 7,8 бо­латын жер сілкінісі тіркелді. Бұл жолы жерасты дүмпуі Дамаск, Латакия және Сирияның басқа да бірқатар провин­циясында сезілген. Бханнестегі Ұлттық геофизикалық зерттеулер орталығының сейсмологтары Ливанның көптеген аймағында, соның ішінде астанасы Бейрут пен Бекаа өңірінде, сонымен қоса Бағдадта да жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Таңертең болған жер сілкінісінің өзінде Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде соңғы мәліметтерге қарағанда 1 300-ге жуық астам адам қаза тапты. Түркияның әртүрлі қаласында кем дегенде 2 000-ға жуық ғимарат қираған. Ал Сирияда 384 адам қаза тапқан. Түркияның ішкі істер министрі Сү­лейман Сойлу 10 қаланың зардап шек­кенін мәлімдеді. Олардың қатарында Га­зиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Осма­ние, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһар­лары бар. Елдегі жағдайға байланысты ресми Анкара дабылдың ең жоғары деңгейін жариялады. Қазір түрік құтқарушылар апат аймағында құтқару, іздестіру жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Түркияның оңтүстігінде орналасқан екі халықаралық әуежай бүгінгі жер сілкінісінен кейін рейстерді жөнелту мен қабылдауды уа­қытша тоқтатты. Жалғыз ұшып-қону жо­лағына зақым келген Антакия қала­сындағы Хатай әуежайы да жабылды. Га­зиантеп әуежайында азаматтық әуе­ұшақтары ұшпады. Өз кезегінде Еуропалық Одақ (ЕО) Түркия мен Сирияға елде болған жер сілкінісіне байланысты көмек беруге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррел мәлім етті. Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем де Түркия мен Сирияға көмектесуге дайын екенін айтты. Бұған дейін Әзербайжан Түркияға 370 құтқарушы тобын жіберетінін мәлім еткен еді. Әзербайжан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі олар­дың Түркияға іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу және жер сілкінісі салдарын жою үшін жіберілгенін хабарлады. АҚШ, Украина, Израиль, Грекия, Италия секілді мемлекеттер де табиғи апатқа байланысты Түркия мен Сирияға көмек қолын созуға ниетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі салдарынан жүздеген адам­ның қаза табуына байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Сонымен қатар Президент Қазақ­станның да Түркияға тиісті көмек көр­сетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Үкі­метке Түркияның оңтүстік-шы­ғысында болған жойқын жер сілкі­нісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тап­сырды. Қазір Сыртқы іс­тер министрлігі мен Төтенше жағ­дай­лар министрлігі түрік билігімен бай­ланыс орнатты. Жақын арада оқиға ор­нына Түркия үкі­метінің өтініші бо­йынша зардап шеккен өңірлерге қазақ­стандық құтқарушылар мен дәрігерлер аттанбақ. Елдің Сыртқы істер министрлігі Түр­кияда болған қуатты жер сілкінісі сал­дарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан аза­маттары жоқ екенін хабарлады. Сондай-ақ ведомство Түркияға сапарлайтын қазақстандықтарға елшіліктер мен кон­сулдықтағы дипломаттарымен тұрақты байланыс орнатуға кеңес береді.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ