Өткен айда Ислам әлеміне ұнамайтын бір оқиғаның өткені баршаға мәлім. Швециялық демонстрант мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құран кітабын жария түрде өртеді. Бұл іс шынында өзге діндегілерге де жақпағаны анық, себебі оқиғаның соңы арандатудың астары ретінде көрініс беріп, саяси сипат алып кетті. Қазір онсыз да қиын кезеңде тұрған Түркия еліне осындай әрекеттер арқылы жөнсіз ұрынып жатқандар жетерлік. Дінді араздық құралы ретінде пайдаланғандардың түпкі мақсаты не? Өзгенің құндылығы – ортақ құндылық Әуелі мән-жайды баяндай кетейік. 30 қаңтарда швециялық азамат Расмус Палудан Құран кітабын Ресей елшілігінің алдында өртеді. Ол «акциясын» өзінің Instagram-дағы парақшасына жариялап, Шешенстаннан шыққан Швеция спортшысы Хамзат Чимаев пен Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровқа арнағанын жазған. Осылайша, Палудан 1 айға жетпес уақыттың ішінде Құран кітабын 3 рет өртеді. Бірінші рет ол діни кітапты Стокгольм қаласындағы Түркия елшілігінің алдында, кейін жұма күні Копенгагендегі мешіттің сыртында өртеп жіберген еді. Reuters-дің жазуынша, билік рұқсат еткен акция кезінде жиналғандар Түркия билігінің Швециядағы сөз еркіндігін шектеу талпыныстарына қарсы шыққан. Осыдан кейін швед қорғаныс министрінің Анкараға сапары кейінге қалдырылды, ал Түркия билігі Стокгольмді келісімді бұзды деп айыптады. Құранның өртелгенін көптеген мұсылман елдері айыптады. Арасында Сауд Арабиясы, Иордания, Кувейт бар. Түркияда да наразылық акциялары өтіп, жиналғандар швед туын өртеді. Түркияның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме таратып, Құран өртеуді дінге жасалған шабуыл деп бағалады. Швеция тарапы да үнсіз қалмады, сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем «елде сөз еркіндігі бар, бірақ бұл Швеция билігі оның барлық көрінісін қолдай береді дегенді білдірмейді» деп мәлімдеді. Осыған жауап ретінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия Швецияның НАТО-ға кіруге қолдау көрсетпейтінін мәлімдеген еді. Одан кейін Түркияда не болып жатқаны белгілі. Бірнеше қаласында жер сілкініп, мыңдаған адам көз жұмды. Із-түссіз жоғалғандар, үйінді астында жатқандар әлі бар. Осындай қысылтаяң шақта ескі дауды қайта тұтатып жатқан «демократтар» да бар. Мәселен француздардың сатиралық Charlie Hebdo журналы мыңдаған адамның өмірін қиған Түркиядағы жер сілкінісін мазақ етті. Журнал жариялаған апаттың суретінде «Түркиядағы жер сілкінісі. Танктерді жіберудің қажеті де болған жоқ» деп жазылған. Яғни, журнал мыңдаған адамның өмірі қиылып жатқанда, өздерінің қуанышты екенін жасырмапты. Әрине, бұдан кейін сөз бостандығы мен еркіндік жайлы емес, есіру турасында сөз қозғаған абзал сынды. Түркия мен Сирияда адамдар қаза тауып, зардап шегіп, әлем елдері көмекке асығып жатқанда басылымның өрескел әрекетін қалай бағалаған абзал?! Жалпы, Батыстың ақпарат құралдары мұсылмандарды көбіне «кінәлі» етіп көрсетуге құмар. Кез келген қылмыс болса да, астарынан діни сипат іздейді. Өз кезегінде бұл мұсылмандардың араздығын қоздырады, оның жетегінде біраз адам құрбан болады. Саясаттанушы Асхат Қасенғали демократияның атын жамылып, өзгелердің құндылығын таптаурын ететіндерді айыптау қажетін айтады.
«Бұл демократия емес, антидемократия. Себебі демократия дегеніміз – адам құқығы. Құқықтың ішіне сөз айту, ой білдіру, пікір жазу сияқты дін ұстану немесе ұстанбау, Жаратушыға сену немесе сенбеу сияқты таңдаулар да кіреді. Ол оның құқығы, ол оның сенімі. Оның сенімін мазақ ету, ол сенетін құндылықты қорлау – оның құқығын таптау, адамның құқығын бұзу. Адам Христиан дініне, Ислам дініне сенбеуі мүмкін, алайда бұл дінге сенетіндердің құндылығын қорлауға рұқсат дегенді білдірмейді. Дәл сол сияқты дінге сенетіндердің сенбейтіндерді қорлауына да рұқсат жоқ. Қарапайым құқық дегеніміз – осы. Демократияда «сіздің құқығыңыз екінші адамның құқығы басталатын жерде аяқталады» деген сөз бар. Терең сөз. Бірақ мағынасы ұмыт бола бастағандай. Құранды өртеп, оны демократия аясында деу – қателік. Демократия ойыңа келгенді жасау емес. 2001 жылы тәліптер Ауғанстанда Бамиан Будда мүсіндерін жарып жіберді. 2015 жылы Сирияда ДАИШ Пальмира қаласын тас-талқан етті. Бұл – лаңкестік. Мынау да дәл сондай әрекет, – дейді ол.Түркия тақырыбынан ауытқымаймыз. Қазір қайғыға ұшыраған халыққа одан әрі түрлі қиянат жасап жатқандар жетерлік. Интернеттегі Discord чатын пайдаланатын Түркияның Текірдаг қаласының бір топ жастары үйінді астында қалғандарға хабарласып, «сендерді құтқаруға келе жатырмыз» деп өтірік айтқаны, әжуалағаны белгілі болды. 3 күдіктінің екеуі тұтқындалған. Бұл аз ба, Анкарада әлеуметтік желілердің тікелей эфиріне шығып, «жер сілкінсін» деп дұға жасағандар болды. Олар да ұсталды. Афионхисар қаласында отырып, «үйінді астындамын, құтқарыңдар» деген хабарлама таратқан адам да табылды. Ал ол қала зілзала аумағына кірмейді. Міне, діннің, сенімнің һәм танымның түйіспеу түрлі араздыққа апаруда. Бірақ түсіністік болмады екен деп өзгелерді сенімімен ойнау – қылмыс болса керек. Келеке берекеден айыруда Негізі, бір нәрсені жасыра алмаймыз. Адамзатта Батыс әлемі мен Шығыс әлемі арасындағы келіспеушілік турасында тұжырым көп. Ежелден бері осылай. Әрине, біз Батыс әлемін айыптап, Шығыс жұртшылығын ақтағалы отырған жоқпыз. Еуропа елдерінде халықтың көбі басқа ұлт өкілдеріне өте ашық, айтарлықтай негатив жоқ. Біреуді кемсіткен сәттерін көп кездестірмейсіз, керісінше, қызығушылық танытып, өзгенің мәдениеті мен өнеріне таңданыспен қарайды. Мәселе – мынада, дін мен саясат әркімнің өз жеке ісі саналады, сөйте тұра, мұсылмандардың эмоциясымен ойнап, ашу тудыруға қасақана тырысатын жекелеген тұлғалар мен топтар, ұйымдар баршылық. Жоғарыда біз Charlie Hebdo журналы жайында айттық. Осы басылымның шығарылымдарынан еш толеранттылық көрмейсіз. Әр жылдары осындай дау туғызып, дінаралық араздық тудыруға себепкер болады. 2020 жылы 16 қазанда Парижде 47 жастағы мектеп мұғалімі Самюэль Пати кісі қолынан қаза тапты. Мұғалім қазасынан біраз уақыт бұрын оқушыларына сөз бостандығы жайлы айта келе, Charlie Hebdo сатира басылымының Мұхаммед пайғамбарға арнап жасаған карикатурасын көрсеткен. Барлығы осыдан кейін басталды. Белгісіз біреулерден қоқан-лоқы көре бастаған мұғалімді соңында Мәскеуде туған, 18 жастағы этникалық шешен Абдулах Анзоров өлтірді. Қылмыс жайлы айтудың өзі қорқынышты, жасөспірім Тwitter желісіне мұғалімнің басы кесілген суретін жариялап, пайғамбарды қорлағаны үшін «жазалағанын» алға тартқан. Қылмыскер ақыры полициядан қашып жүріп көз жұмды.
Бір журналдың келемежі мен экстремистік ұйымдардың оған қарсы «жауабы» талай рет дүниені дүр сілкіндірді. Ең қызығы, сол оқиғада Франция билігі мен халқы басылымды ақтап алуға әрекет жасады. Мәселен, мұғалім Самюэль Патиді еске алу, сөз бостандығы мен Франция үшін маңызды саналатын мемлекетті діннен бөліп қарау принципін қорғау акцияларына ондаған мың адам жиналды. Париж бен өзге қалаларда жеке және әкімшілік ғимараттардың қабырғаларына марқұм мұғалімнің портреті, республика белгісі және Мұхаммед пайғамбар карикатурасының проекциясы шығарылды. Осыдан кейін Францияның ішкі істер министрлігі ислам экстремизміне қатысы бар деген күдікпен 231 адамды елден шығаруға бұйрық берді. 2020 жылы 23 қазанда Франция президенті Эммануэль Макрон мұғалімді аза тұту рәсімінде ислам діні дағдарыста екенін айтып, Францияны радикалды исламнан қорғауға шақыра келе, «біз пайғамбарға жасалған карикатура мен суреттерден бас тартпаймыз» деп мәлімдеді.Аталған журнал редакциясы осы уақытқа дейін талай мәрте пайғамбарларға карикатура жасап, қарсылыққа ұшыраған. Содан соң басылымға қарулы шабуыл жасау көбейді. 2011 жылы қараша айында әлдекім редакция ғимаратын өртеуге ұмтылса, 2015 жылы журналға қарсы теракт болып, 12 адам көз жұмған еді. Қорытындылай айтқанда, «сезімтал» дүниені тырнай беретіндер таусылмай тұр. Әйгілі Эдуард Саидтың «Шығыс – романтика мен экзотикалық жаратылыстардың мекені» дейтін сөзі бар. Осынша мақтауы асқан көзқарас өлкесінің өз ішкі мәселелері шешілмей тұрғаны жасырын емес. Батыс жұрты да жетісіп тұрмағанға ұқсайды. 2015 жылы пайғамбарларды келемеждеумен танылған Charlie Hebdo журналына шабуыл жасалғанда бұрынғы Германия канцлері Ангела Меркель «бұл – әлем баспасөзі мен сөз бостандығына жасалған шабуыл» деген еді. Бірақ сөз бостандығы адамзат сенімін мазақ етумен өлшенбеуі тиіс. Радикализм – діннің жұбы емес.